№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Прокуратура пәрмені: Заң үстемдігі үлгілі мемлекетке бастайды

Прокуратура пәрмені: Заң үстемдігі үлгілі мемлекетке бастайды


Өзінің мемлекет алдындағы жауапкершілігін түсінетін әрбір азамат белгіленген заңдық нормалардан қарыс қадам қиыс кетпей, қоғамның өзге мүшелерінің де осы өрелі биіктен табылуына табандылықпен талап қоя білуі әбден орынды. Өйткені қоғамда әділеттілік салтанат құруы үшін әлеуметтің жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеуімен қатар заң тегеурінінің тәртіп бұзушылыққа қарсы ымырасыздығы бәрінен маңызды. Осы орайда аудандық прокуратураның бастамасымен өткен мемлекеттік деңгейдегі құзырлы органдар басшылары, ҮЕҰ жетекшілері және аудан тұрғындары өкілдерінің басын қосқан жиында халыққа қызмет көрсететін түрлі саладағы түйткілді мәселелердің жан-жақты талқылануы көптеген көлеңкелі сауалдардың көбесін сөгіп, жауапкершілікке алған міндеттің жойқын салмағын сезіндірген ел талабының табиғатын бір таразылап бергендей.


Бұлай айтуымыздың себебі жоқ емес. Бастысы, осы мүмкіндікке жағдай жасап, әлеуметтің ойындағысын ашып айтуына ықтиярлы ынта қойған құзырлы орындар қызметінің мінсіз тазалық пен талапшылдыққа тәуекел етуінде. Осы ретте аудан прокуроры Дарын Әбіштің бұдан он жыл бұрын Жаңақороған прокуратурасын басқар­ған кезеңнен ел жүрегіндегі тұлға екендігін еске алсақ жетіп жатыр.
Жиынды ашқан аудан әкімі Сұлтан Мақашов сөзін былай тұжырымдады:
– Қоғам алдында тұрған ел үлкен сын-қылмыстың өсуіне жол бермеу. Әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртіп сақшыларының міндеті. Әр ата-ана өз баласына ие болса жасөспірімдер арасында қылмыс болмайды. Азаматтардың заң талабын бұлжытпай орындауының өзі алуан мінезді адамдардың салауатты тәрбиені берік ұстануына байланысты. Заңдылықтың көбі заңды білмеуден туындап жатады. Сондықтан бүгінгі басқосу өте құнды әрі жариялылыққа негізделген халықтық шара. Қылмысқа қарсы күресте халық болып бірлесе әрекет еткенде нәтиже болады. Қоғамда тыныштықтың сақталуына ешқайсымыз да бей-жай қарамауымыз керек, – деді.
Бұдан әрі Жаңақорған ауданы бойынша соңғы екі жылда орын алған қылмыс көрсеткішінің деңгейіне сараптама жасаған аудан прокуроры Дарын Әбіш мына мәліметті көп назарына ұсынды: 2019 жылы 308 қылмыс тіркелді. Яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға төмендеген. Мал ұрлығы бойынша 61 дерек тіркелсе оның 11-і ашылған, – деді. Оның айтуынша жол-көлік оқиғаларынан қайғылы жағдайлардың орын алуы бойынша Жаңақорған Қызылорда қаласынан кейін бірінші орында тұр екен. Жүргізушілердің көбі жол ережелерін білмейді, оларды оқытып, дайындау мектебінің сапасы сын көтермейді. Ауданда автотұрақ мәселесі өз шеңберінде қамтылмаған. Магистралдық маңызы бар жолдарда ғана жол белгілері талаптағыдай, ал кент ішінде ол толық емес. Көлікті мас күйінде басқарғандар арасында мектеп мұғалімінің кездесуі кешірімсіз.
Тағы да бір назар аударатын мәселе, аудан көлемінде бес есірткі алқабы табылып отыр. Осы иеліктер аумағын жер қатынастары бөлімі зерттеп-зерделеуі керек, – деді.
Ел дамуының даңғыл бағытына саңылау түсіретін сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша ауданда жергілікті атқару органдары басшылары тарапынан орын алған 12 дерек тіркелгенін, одан әрі басшылардың қомақты сыйақы бермесе жұмысқа қабылдамайтыны жөнінде халықтың жекелеген санатынан шағым хаттардың жиі түсетінін де айтып өтті. Сонымен қатар қылмысты болдырмауда полиция қызметкерлерінің уәкілетті органдармен бірлесе жұмыс жасауда кемшіліктердің бар екеніне тоқталды.
Тәртіпбұзушылықтың көбі түн мезгілінде алкагольдік ішімдік щектеусіз босатылатын орындарда орын алатынын ескертіп, аудандық кірістер басқармасымен арнайы лицензиясыз сауда-саттық орындарында және кафе мейрамханаларда түнгі 12-ден кейін жұмысын тоқтату талабын ендіру мәселесінің өзектілігін алға тартты.
– Құқықбұзушылықтың көбеюіне полицияның дәрменсіздігі, заңның осал тұстары да себеп, – деді ол. Заманауи құралдармен толық қамтылғанда тұрғылықты жерде тәртіп сақталады. Бұған өзге аудандандар тәжірибесінен дәлел келтірген аудан прокуроры одан әрі бейнебақылаумен жеткілікті қамтылған көрші ауданда қылмыстың 40 пайызға азайғанын да айтуды ұмытпады. Одан әрі өршіп тұрған мал ұрлығын тоқтатудың амал-әдістері турасында көпшілікпен ақыл бөлісіп, сол бойынша аудан басшылығымен бірлесе жоспар бекітуге мүдделі топтардан пәрменді талап қажеттілігіне көп назарын бұрды.
Мұнан соң сөз кезегі аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеевке берілді.
– 2019 жылы ауданда жалпы 274 қылмыс тіркелді, – деді ол.
Оның ішінде ауыр қылмыс 19, аса ауыр қылмыс-5, екеуі де алдыңғы жылмен деңгейлес, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 91-ден 62-ге, көше қылмысы 47-ден 32-ге, мас күйінде көлік айдау 53-тен 41-ге төмендесе, топтасып қылмыс жасау 26-дан 30-ға, бұрын сотты болғандардың қылмысқа баруы 66-дан 75-ке, отбасындағы тұрмыстық жағдайлар бойынша жанжал 0-ден 3-ке артқан. Жасөспірімдер арасында екі жылда да қатарынан 7 жағдай тіркелді, - деген ол 2019 жылы екі кісі өлімі орын алғанынын, пәтер ұрлығы -43, жалпы ұрлық 211-ден 197-ге азайған, 17 алаяқтық, 18 бұзақылық оқиғасы орын алғанын айтты. Мал ұрлығы 44-тен 61-ге артқан. Оның ішінде 14-і қорадан, 47-сі өрісте жоғалып отыр. Ашылған 11 деректің 6-уы сотқа жолданып, 5-уі татуласу рәсімімен залалы орнына келтіріліп, кешірілген.
Ауданның бас сақшысы мал ұрлығына көбіне тұрғындардың өздері жағдай қалыптастыратынына, малды тоғайға қоя беретін қаперсіздігіне, малдарға чип орнату арқылы сақтыққа қадам жасамайтынына қынжылды.
Полициейлердің қылмыстың алдын алуда атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесінде 7408 әкімгершілік құқық­бұзушылық туралы хаттама тол­тырылып, олардан мемлекетке 31млн-нан астам тенге айыппұл төлеуге шара көріліп, оның 22 млн-ы төленгенін айтты. Оның ішінде құқықбұзушылық түрлері және оларға көрілген шараларға жеке-жеке тоқталып, бұл жұмыстарда өткен жылғыдан 30 пайыз жоғары көрсеткішті алдыға тартты. Сақшы қызметкерлердің қырағылығын қамта­масыз етуде электрондық планшет қызметі маңызды. Бірақ онымен қамтылу 3 данаға ғана жеткен, 16 автокөліктің көбінің мерзімі ескіргенін, сонымен қатар кент және елді мекендерді бейнебақылау камераларымен қамту мәселесін басшылық алдына қойды.
Есірткіні анықтаудың 14 дерегі тіркеліп, 7 азамат құрықталып, жазасын алғаны «Көкнар-2019» операциясы бойынша 336 кг кептірілген марихуана тәркіленіп жойылғанын айтты. Одан әрі жол көлік оқиғалары бойынша кент орталығындағы Иманов, Қорасан ата, және Тәуелсіздік көшелері «қауіпті аймақ» санатында екенін, Байкенже, Көктөбе тас жолы да осындай күрделі ахуалымен жіті назарда екенін, бұл жұмыстарда аудан бойынша 3-ақ жол полициясы қызметкерінің қауқары аздығын да көп қаперіне салды.
Жалпы, ел тынысын күзету қызметінде қордаланған түйткілдер де аз емес екен. Бірақ міндетіне шын берілген тәртіп сақшыларының арқасында көрсеткіште ілгерілеу бар болғанымен сапа деңгейіне маңыз берілмей көп көңілінен шығудың қиындығын ескермеске болмайды.
Келесі кезекте көпшілік арасынан сөз алып, туған жер тіршілік ахуалына сындарлы көзқарасын бүгіп қалмаған ел ағасы Алшынбай Тұртанов қоғамдағы келеңсіздіктермен күрес тек заң қызметкерлерінің ғана емес, халықтың ортақ міндеті дей келіп, малымыз қолды болмас үшін пада мәселесін шешуге ел назарын бұрды. Одан әрі кент орталығына су жүйелерін жүргізген мекеменің жолдарды жарамсыздандырған тұстарын жөндеп беруін талап ету міндеттіліктерін ескертті. Ел ағасы одан әрі күздің екі айында ғана көлік апатынан 21 адамның көз жұмғаны жол ережесі қозғалысында тәртіптің бетімен кетуінің белгісі, мұны болдырмауда әр отбасы өз адамдарына егелік ету керек қой деген ақсақалдық кеңесін ортаға салды. Жаңақорған кентінің тұрғыны Қаратай Әшірбеков өткен жылы аудандық денсаулық сақтау қызметінде канцелярлық тауарлар мен дәрі-дәрмектің босатылуы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу талаптарында өрескел бұрмалаушылықтар әшкере­ленгенін, алдағы уақытта аталмыш саланың етек-жеңін жинап тәртіпті жолға қоюы қажеттігі халық қадағалауынан әлі түспегенін жеткізді. Одан әрі сөз алған Түгіскен және Қыркеңсе ауылының азаматтары Анарбай Айтбаев пен Кеңесбай Юсуповтың заң қызметкерлеріне деген өкпе-реніштері «мал ашуы – жан ашуы» деген қағиданы дәлелдей түскендей. «Ауылдық жерде де, кентте де ұрылар қорамызға кіріп, малымызды жайбарақат жетектеп кете бергенде кімге сеніп еркінсіп жүр? Ал өрісте жүрген малымызды айдалада сойып, көлікке басып әкетіп бара жатқан ұрылардың ізін кесіп, бұлтартпас дәлелмен полицияға ұстап берсек те жазаға тартылмай бостандықта жүреді. Сонда ұрлық көбеймегенде азая ма?» деге сауалдары көп көкейіндегісін дөп басқандай. Осы ретте сөз алған аудандық сот төрағасы Әлия Түбекбаеваның хабарламасында бүкіл осы сауалдарға нақты жаупты тапқандай болдық.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде еліміздегі сот жүйесінде ізгілік қағидаларының кейбір тұстарын қатаңдату міндетіне айрықша көңіл бөлгені белгілі. Адам өмірі және жеке басы құндылықтарын қорғауда қылмысты тізгіндеудің тетігі ретінде заң талабын қатаңдату шаралары қолға алынды, – дей келе 2019 жылғы 27 желтоқсандағы күшіне енген кейбір заң актілеріне енген толықтырулар мен өзгерістерге тоқталды. Оның ішінде жас балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайында жаза күшейтіліп, адам саудасы, есірткі пайдалану бойынша баптар қатаңдатылғанын жеткізді. Бұрын мал ұрлығына байланысты бітімгершілікке жағдай жасалса, енді оның жолы кесілді. Мал ұрлығы анықталған жағдайда 5 жылға, қайталанғанда 10 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру, заңсыз аңшылық 6-10 жылға дейін, киікті заңсыз аулау 3-7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасына кесіледі, – дей келе көлікті мас күйінде басқарып апатты жағдайларға жол берген жағдайда түрлі дәрежесіне қарай бас бостандығанан айыру мөлшері тағайындалатынын жеткізді.
Басқосу барысында жеке басы мәселелері бойынша да прокуратура, сот орындарына жүгінген арыз-шағымдар Мәдениет үйі фойесіне қойылған сенім жәшіктеріне түсіп жатты.

ТҮЙІН: Бұл жиын заң талаптарына селсоқтық танытып, артымда құтқарып қалар көкем бар, жәкем бар деудің күні өткенін бұқараға айқын сезіндірген салмақты мән-мазмұнымен қарапайым халық құқының сақталуына сындарлы сенім ұялатты. Сонымен қатар құзыреті барды да, жоқты да иман таразысына таяйтын көп талқысы дегеннің тегеурінділігіне көзімізді тағы жеткізді. Жасқа да, кәріге де оның алдында қызарғаннан артық қиямет жоқ. Бұл орайда іс басындағыларға табанынан таусылып әділет үшін жұмыс жасауына тура келеді. Жиынды қорытқан аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың тиісті орындар тарапына жүктеген тапсырмаларынан осыны түйдік.

Баян ҮСЕЙІНОВА
18 қаңтар 2020 ж. 687 0