№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Халықтың сенімі – бәрінен қымбат

Халықтың сенімі – бәрінен қымбат


Біздің әрқайсымыз үшін қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Өз егемендігіне ие болып, дамудың даңғыл жолына түскен жас мемлекетімізде ізгіліктің кең қанат жаюы үшін әрбір азамат өз құқы мен праволарын жете білуі маңызды. Осының нәтижесінде ғана қалың бұқара құқықтық мәдениетке қол жеткізе алады.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырудағы негізгі он бағытты жариялады. Қоғамның көптен бергі идеялары мен ұсыныстары көрініс тапқан осы жоспардың үшінші бағыты сот жүйесін қамтиды.
Онда Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау жөнінде нақты айтылған.
"Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметтен үміткерлерді бақылау және іріктеу жүйесін қатаңдату қажет. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу" деген еді.
Елбасының осы тапсырмасы бізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бұл міндеттер мүлтіксіз орындалғанда сот жүйесіндегі түйткілді проблемалар шешімін табатын болады. Жоғарғы Сот Кеңесімен бірге әзірленіп жатқан жаңа заң жобалары осы мақсатты көздейді.
Мемлекет басшысының биылғы халыққа жариялаған "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында сот шешімдерінің сапасын арттыру бағытында судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы маңызды сипатқа ие екендігіне тоқталып, азаматтардың мүдделеріне сына түсірмеу жағдайын жан-жақты зерделеп өтті.
Сотқа жүгінуші әлеуметтің шынайы әділдікке қол жеткізіп, сот төрелігіне толық қанағаттануы судьялардың біліктілігіне байланысты. Осы орайда судьяларды іріктеуде "кездейсоқ" заңгерлерге қатаң сынақпен тосқауыл қойылды. Сот жүйесіндегі өзгерістер сала мамандарының жеке жауапкершілігін барынша күшейтті.
Әрбір қылмыстық істің артында әділ сот төрелігін жүзеге асыру мен адам тағдыры тұрғаны анық. Жаза басқандар мен қасақана қылмыстың аражігін ажыратып, адами факторға араша тұруда адам жанын жете зерделеу, сайып келгенде ақылмен іс шешіп, адасқан тұлғалардың айыбын мойындатып, өмірден дұрыс бағыт табуына жол көрсету – ізгілікті қоғамның басты қағидасы осындай.
Ия, сот жүйесінде ақтау үкімінің көбейе түскендігін ресми статистика көрсетіп отыр. Елімізде өткен ғасырдың 80-жылдары түрмедегілердің саны 100 мыңнан асқан. Бүгін саны 3 есе аз – 30 мыңдай. Мұның екі себебі бар. Бұрын жеке адамға қарсы қылмыстар көп болатын. Екіншіден құқық қорғау органы айып таққан адамды сот кінәлі деп тапты. Әрбір екінші сотталушыны бостандықтан айыратын. Ол кезеңдері азаматтық істер деген ұғым халықтың санасына сіңіспеген еді. Меншіктің бәрі мемлекетке тиісті, оның жазасы да ауыр, бір вагон қауынды абайсызда шірітіп алғаны үшін қабылдау базасы бастығының немесе бір отар қойды қырып алғаны үшін совхоз директорының абақтыға жабылып кете баратын жағдайларын аға ұрпақ көрді. Бұл жерде адам құндылығы аяққа басылып тұр. Ал еліміз егемендік алғаннан кейін нарықтық жүйе өмірге келді. Тиісінше, меншік даулары көбейді. Сол кезде Елбасы "Құқықтық мемлекетте адамды әкім емес, министр емес, сот қорғауы тиіс" деп шегелеп айтты. Міне, сол сәттен бастап сот жүйесіне баса мән беріліп, маңыздылығы арта түсті.
Қазақстандық сот жүйесіне шет елдермен салыстырып, баға беріп жату артық. Өйткені әр елдің заң-ережелері сол халықтың өзіндік салт-сана, дәстүр ұстанымдарынан аса алшақ кетпегенде тынысы кеңейіп, бұқаралық кең қолдау табары кәміл. Бұған соңғы кезде қайта қанат жайған бітімгершілік қызмет пен "Билер кеңесінің" қоғамды ізгілікке бастаудағы байыпты қадамдары дәлел.
Сот жүйесіне енген осы жаңашылдықтардың барлығы қоғамымызда ең басты құндылық – адам және оның өмірі деген аталы ұғымды айшықтай түседі.

Эльдар РЫСКУЛОВ,
Жаңақорған аудандық сотының судьясы.
23 қараша 2019 ж. 823 0