№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Жас ғалым мемлекеттік стипендияға ие болды

Жас ғалым мемлекеттік стипендияға ие болды


Жаңақорғандық жас Нұрғали Ақылбеков талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанды. Бұл ақжолтай ақпаратты Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады.


Нұрғали бүгінде ҚМУ-нің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, химиялық зерттеулер және технологиялар инсти­туты директорының орынбасары, Эко­логия және химиялық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты, химия мамандығы бойынша философия докторы. Ол жақында ғана Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың мөлшерлерін және конкурстық материалдарды ресімдеуге қойылатын талаптарға сәйкес, Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атануға лайық деп танылды.
Жас ғалымның мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атағы тынымсыз ізденіс және маңдай термен келген еңбектің арқасы. Қожамберді ауылының тумасы Нұрғали Икрамұлы бактерияларға қарсы 10 есе биологиялық белсенділік көрсететін препарат ойлап тапқан. Оның бұл өнертабысын Ресейде патенттеліп, халықаралық дәрежеде мойындалып отыр. Татарстанның Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің аспиранты ретінде ғылыми ізденісін жетілдірген. Заманауи физикалық-химиялық талдау қондырғыларын еркін меңгерген Нұрғали аз уақытта ғылымға зор үлесін қоса білді. Айта кету керек, ол бұған дейін Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырағын биопрепараттар арқылы тазарту технологиясын әзірлеген болатын. Енді міне, медициналық химия- да өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Жас ғалым инновациялық жобалардың халықаралық көрмелеріне, бірнеше шетелдік, республикалық және халықаралық конференцияға қатысып, өзінің білімділігін танытып жүр. Мәселен, Қарағандыда өткен «ExpoCAMP.Karagandy-2013» жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмесіне, ҚР тұңғыш Президенті – Елбасы қорының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның жас ғалымдарының ғылыми жетіс­тіктерінің көрмесіне», 2016 жылы Қазан қаласында өткен Н.Лобачевский атындағы ғылыми жұмыстар конкур­сының «Химия» секциясы сынды ғылыми іс-шараға қатысып, өзінің ғылыми жобаларын ұсынған.
Сондай-ақ ол ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласын бақылау комитеті тізіміне, Ресей Федерациясы Жоғары аттестаттау комис­сиясы тізіміне, Халықаралық ғылыми-ақпараттық базалық компаниялар Web of Science және Scopus-тың басылымдарына енген жоғары импакт-факторлы журнал­дар-да ғылыми мақалалар жария­лаған. Оған қоса, шетелдік, халықаралық және республикалық конференциялар мен симпозиумдарда материалдар мен баяндама тезистері, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы өнертабыстық, инновациялық және пайдалы модельге патенттері түріндегі 90 ғылыми еңбегі жарық көрген. Оның ішінде, 13 ғылыми еңбегі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласын бақылау комитеті тізіміне енген басылымдарда мақала түрінде; 8 ғылыми еңбегі Ресей Федерациясы Жоғары аттестаттау комиссиясы тізіміне енген басылымдарда мақала түрінде; 14 ғылыми еңбегі Халықаралық ғылыми-ақпараттық компаниялар базасына (Web of Science, Scopus) енген жоғары импакт-факторлы басылымдарда ғылыми мақалалар түрінде; 46 ғылыми еңбегі халықаралық және республикалық конференциялар мен симпозиумдарда материалдар және баяндама тезистері түрінде; 8 ғылыми еңбегі Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының өнертабыстық, инновациялық және пайдалы модельге патенттері түрінде жарық көрді. Әрі 1 монографиялық еңбектің авторы.
Одан бөлек ғылым саласына қосқан үлесі үшін мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Республикалық «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығының иегері, Қызылорда облысы әкімінің облыс жастарына арналған «Сыр Үміті» жастар сыйлығына лайықты деп танылған.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
11 желтоқсан 2019 ж. 665 0