№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жас ғалымның белесі

Жас ғалымның белесі


Жастайынан білім мен ғылым жолын таңдап, ғылыми зерттеу жұмыстарымен көзге түсіп жүрген жаңақорғандық Нұрғали Ақылбеков Қызылорда облысынан «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жалпыұлттық жобасына енді.

Ол Татарстандағы Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінде ғылыми кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, химия ғылымдарының кандидаты атанды. Заманауи физикалық-химиялық талдау қондырғыларын еркін меңгерген білімпаздың ашқан тың жаңалықтары ғалымдар мен сарапшылардың назарын аударды. Әсіресе, оның бактерияларға қарсы 10 есе биологиялық белсенділік көрсететін препарат ойлап тапқаны жоғары бағаланып, халықаралық дәрежеде мойындалды. Жас ғалымның Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырағын биопрепараттар арқылы тазарту технологиясыда маңызды жобаның бірі.
– Ғылым жолында ізденіп, елдің дамуына аз да болса септігімді тигізсем, мен үшін ең үлкен жетістік осы. Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағанына қуаныштымын. Біздің елдің жастары ізденімпаз, еңбекқор. Биылғы жыл жастар үшін үлкен мүмкіндіктердің бастауы деп білемін, – дейді ол.
Шарль де Гольдің «Әрқашан ең қиын жолды таңдап алсаңыз, сіз бәсекелестермен кездеспейсіз», – деген тәмсілін өмірлік ұстанымына айналдырған Нұрғалидың осыған дейін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Ғалым» номинациясы бойынша лауреаты атанғаны белгілі. Ол «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде елдегі химия ғылымының дамуына атсалысып, жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмелерінде, бірнеше шетелдік, республикалық конференцияларға қатысып, өзінің білімділігін танытып жүр. Мәселен, Қызылорда қаласында өткен «EXPO-2017, КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК» инновациялық жобалар мен идеялар жәрмеңкесінде жүлделі І-орын алса, 2014 жылы Қызылорда облысы әкімінің облыс жастарына арналған «Сыр Үміті» жастар сыйлығының, 2017 жылы Республикалық «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығының иегері және Италияның Милано Мариттима қаласында өткен Жас Химиктер Симпозиумының (Merck Young Chemists Symposium 2017 (MERCK-2017), Milano Marittima, Italy, 2017) қатысушысы. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өнертабыстық және инновациялық патенттері түріндегі 73-тен аса ғылыми еңбектің авторы.
– Жалпы, кез-келген адамның белгілі бір бағытқа бейімі болады. Менің жаныма химия-физика бағыты жақын болды. Осы жолды таңдадым. Елге оралғаныма бірнеше күн болды. Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының аға ғылыми қызметкерімін. Ғылым саласындағы ізденісімді ары қарай дамыта беремін, – дейді Нұрғали Икрамұлы.
Айта кетейік, Нұрғали Икрамұлы Қожамберді ауылының тумасы. №162 қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «химия» мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын өзі білім оқу орнында «Физика-химиялық талдау әдістері» зертханасында инженер, жетекші маман болып бастап, химия ғылымы саласында нәтижелі еңбек ете жүріп, магистр академиялық дәрежесін алады. Одан кейін Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің «Органикалық химия» мамандығына аспирантурасын ойдағыдай аяқтады.

Р.S.: Иә, өскелең елдің ертеңі бүгінгі белсенді жастар екенін түсінетін Нұрғали ғылым жолындағы ізденісін одан әрі жалғастырып, ел дамуына сүбелі үлес қосуды өзіне азаматтық борыш санайды.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
13 ақпан 2019 ж. 1 453 0