№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚТАРМЕН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚТАРМЕН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

  Сыр елінің шежірелі басылымы, ғасырға жуық тарихы бар «Сыр бойы» газетіне биыл 90 жыл толады. Торқалы тойдың қарсаңында Жаңақорған топырағына белгілі сатирик, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрмахан Елтай оқырмандармен кездесу кешіне келді. Кенттегі «Арман» мәдениет үйінде өткен кездесуге мектеп оқушыларынан бастап алдыңғы аға буын, ардагер қаламгерлер, тіпті автордың кейіпкерлері жиналды.

   Кеш қонағы ретінде Нұрмахан Елтаймен бірге «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев сахна төріне көтерілді. Алдымен сөз алған ата басылымның жауапты хатшысы газет тарихын тарқатты.
Иә, соңғы 20 жылдан бері оңтүстіктегі қос ауданның тыныс-тіршілігін талмай жазып келе жатқан қаламы қарымды журналист Нұрмахан Елтай оқырманның ойынан шыққан оннан астам сатиралық кітаптың авторы. Оспанхан Әубәкіровтың батасын алған сатириктің алғашқы кітабы баспадан сонау сексенінші жылдардың ортасында жарық көрді. Ал, автордың мерзімді басылыммен байланысы онан 10 жыл бұрын басталыпты. Қаламгердің алғашқы мақала, очерктері 1973 жылы аудандық газетте жариялана бастады. Сол кездегі Жаңақорған аудандық газетінің редакторы Құдабай Ертаев мұның очерктерін жоғары бағалапты.
Кештің алғы сөзін «Жаңақорған тынысы» газетінің бұрынғы редакторы Алмас Бекжігітов пен облыстық «Кызылординские вести» басылымының осы аудандардағы меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев алып, жылы лебіздерін жеткізді. Одан соң кеште еңбек жолын бірге жүріп өткен достары ыстық ықыластарын білдірді. Автордың агроном досы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Асан Нақышпанов, құрылыс саласының ардагері Алшынбай Тұртанов, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Изатулла Нарзілдаев оқырман ретіндегі ойларын айтып, естеліктермен бөлісті. Басылымның қоғамдағы роліне назар аударды. Ал Жаңарық елді мекенідегі мектеп мұғалімі, ақын Ардақты Қамақ 90 жылдық тарихы бар облыстық басылымға деген ықыласын жырмен өрнектесе, Төменарық аулының тұрғыны, жас ақын Нартай Қайбуллаев өлең оқыды.
Жалпы, қаламгердің негізгі мамандығы – агроном. Еңбек жолын жұмысшыдан бастап, кеңшар директорының орынбасары қызметіне дейін түрлі қызмет сатысына көтерілген. Қандөзде өсіп-өнген ол комсомол бригадасының жетекшісі де болды, ауданда спортты дамытуға айрықша күш салды. Уақытпен санаспайтын еңбек адамы баспасөзге де ерте араласты. Бастысы, балалық қызығушылығы оны ақыры осы салаға алып келді. Қолына қалам ұстаған 45 жылда мыңға жуық очерктер, мақалалар жазыпты. Редакция тапсырмасымен оңтүстіктегі қос ауданда автордың табаны тимеген жер жоқ десе де болады.
Кездесуде сатирик жазушының шығармашылығынан көріністер сахналанды. «Арман» кенттік мәдениет үйінің өнерпаздары «Пароль» атты қойылымды ұсынды. Ән мен жырдан шашу шашты. Бастысы, ойлы оқырманның сан алуан сұрақтары рухани кештің қызықты өрілуіне себеп болды. Сонымен қатар, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Елшібек Сатершинов, аудандық кітапхананың директоры Әсем Тілеубергенова да ыстық ықыласын білдіріп, шығармашылық иесіне құрмет көрсетті.
Кеш соңында «Арман» кенттік мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова «Сыр бойы» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған мұндай шараның алда аудандық деңгейде өткізілетінін жеткізіп, кеш қонақтары мен газет оқырмандарына ұжым атынан алғысын білдірді. Кеш иесінің мағыналы кездесуі жастарға үлгі болары анық...

Әли ТЕМІРБЕК.
16 сәуір 2019 ж. 1 229 0