№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мәулітте "Мұхаммед" есімді балаларға сыйлық таратылды

Мәулітте "Мұхаммед" есімді балаларға сыйлық таратылды



Жер бетіндегі көңілінде сәулесі бар, шынайы сенімнің иелерін сағындырған адамзаттың ұлы ұстазы Мұхаммед (С.А.У) – Алла Елшісінің туған айы – Мәуліт мерекесі де келіп жетті.

Бұл айдың кіргені туралы тек діннің айналасында жүрген санаулы жандар ғана сезініп, жалпы халықтың жүрегіне жетпей жатқандықтан онымен ешкімнің жұмысы болмайтын жадау күндер жадымызда. Сол кезеңдері дін өкілдері қасиетті күндерді құр өткізіп жатқан қалың бұқараның көңілін ояту үшін қолынан келгенін жасап, барлық іс-шараларды өздері ұйымдастырып, бүкіл тауқыметті иықтарына артып, таусылып жүретініне талай куә болғанбыз. Тіпті көпшілігі мемлекеттің көмегіне жүгінгенде төрешілдіктерге кезігіп, «мұндай майда-шүйде шараға Мәдениет үйі не керек, мешітте өткізіп, неге тыныш отырмайды екен?» деген сыңаржақ қарсылыққа тап болған жағдайлар да аз болмады. Сонда имамдарымыз: «Шіркін-ай, елдің көзін ертерек оятсақ, олар осы мерекені өздері-ақ ұлықтап, тіпті оның келгенін асыға күтіп: «тақсыр, мәуліт таяп қалды ма, біздің мынадай тартуымыз бар еді» деп қуантар күн туар ма екен» деп армандайтын.
Бүгін біз сол арман жүзеге асқан күндердің толық куәсіміз. Осы екі-үш жыл көлемінде мәулітті отыз күн құрметімен атап өтуді қалың ел өз құзыретіне алды. Барлық ауылдық клубтар, мешіт-медресе, тіпті мектептер де бұл шарадан тыс қалмайды. Отбасыларында Мәуліт оқылып, Пайғамбарымыздың өмірбаянын еске алып, салауат айтып, құран бағыштау әдетке айналып келеді.
Биылғы ұлағатты шараны ұйымдастырғандар кімдер дегенге келейік.
Қазірде ауданымызда өтіп жатқан қандай ізгі шаралар болмасын басы-қасында Жаңақорғанның кіл жастарын көресіз. Жақсы бір амал жүзеге асуы үшін күштік құрылымнан да, тегеурінді төрешілдіктен де зор келер бір құдырет бар екен. Ол – тап-таза жүректің құштарлығы. Осындай аппақ ниетті жалау етіп, жалаң қол, жүрек жалынымен-ақ қоғамды жақсылыққа жетелеуге болатынын жас буынның қамал бұзар қайратынан танығандай боп жүрміз. Олар тоғышарлықтың тоңын жібітіп, қалғыған ар-ұятты қамшылап, көп болып біріксе әлсізге қамқор болып, қам көңілдің көз жасын құрғата алатынын амал-әрекеттерімен дәлелдеп, жақсы істің жасампаз қуатына жан бітіріп келеді. Үйсізге үй болған, күйсізге күй болған осы бір жас қайраттың қоғамды рухани кемелдендіру жолында түрлі жобаларды іске асырып, жарқылдап жүргенін көргенде шын көңілмен қуанып, тілектес болып жүргеніміз рас.
Бүгінгі Мәуліт мерекесіне де күні бұрын әзірленіп, жаны қалмай жүгіріп жүрген осы жастар. Мәдениет үйіне жиналған жас-кәріге айтулы мерекенің мән-мазмұнын шынайы ұқтыру жолында аяқтарының ұшымен зыр жүгіріп жүр. Турасын айтқанда, алау жүрек, аяулы тілектің ұшқынын қанат қып байлап ұшып жүргендей. Мұндай ұлы тұлғаға деген құрметті ұйыстырған, сан қырлы мүддені қиыстырған ғажайып кештің аурасы көрермен жүрегін тұтас жаулап, үш сағат бойына сырлы әлемнің шапағатына шомылдырғанына шәгіміз жоқ.
Рухани жиынның мән-маңызына айрықша баға берген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов ізгілікті қоғамға қадам басуда ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр – имандылық мәселесі жөнінде жан-жақты әңгімеледі. Бұл өзекті тақырып Елбасы Жолдауларында да сан қырынан айшықталып, қоғамның саяси-тұрақтылығын тереңдетуде де тірек боларлық тағылым қазығы болып келе жатқанын тілге тиек етті. Әдет-ғұрыпты, салт-сананы қадірлеген халық келешекке де осы өнегені қазық етеді. Сондықтан әрқайсымызға өз әдебімізді қалыптастыруда Пайғамбарымыздың ізгі жолы, өсиет-өнегесі аса зәру, аса қымбат екенін айтып, елді қауым болып бірігіп, ортақ мәмілеге ұйысқан береке-бірлікке шақырды. Хақтың бұл талабын ақиқат жыршысы Абай былай деп анықтай түседі: Жігіттер, бірге жүрген басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле, сөзің тосып, – деп салмақты ақыл, салиқалы тірлікке насихаттайды, – дей келе, осы ретте көпке үлгі болып жүрген, бүгінгі іс-шараның да ұйытқысы – жастар қауымына өз ризашылығын жеткізді.
Келесі кезекте ауданның бас имамы Садулла Омаров сөз алды:
– Ислам дінінің мақсаты – мінсіз қоғам құру. Оның мүшелері де мінсіз, рухани құндылықтарға бай болуы керек, – деді ол.
– Бүкіл жаратылыстардың абзалы – адам. Оларға Құран түсті. Оны түсіндіріп жеткізіп беруші Пайғамбар жіберілді. Сахабалар Айша анамыздан сұраған екен.
– Пайғамбарымыздың бізге беймәлім қандай мінез-ұстанымдары бар еді?
– Пайғамбарымыздың мінезінің өзі – түгелдей Құран ғой, – деп жауап берген ол.
Мәулітті атап өту, Пайғамбарымызға салауат айту бізге не үшін қажет? Салауат айту арқылы Жаратушы Иеден Пайғамбарымыздың дәрежесін көтеруге дұға етеміз. Сол арқылы Құдырет бізді түрлі апаттан сақтап, ұрпақтарымызды игілікке қауыштырады. Міне, бұл ұлық мереке осындай сансыз сауапқа жол ашады, – дей келе, бұрын өткен ізгілердің «Менің Ухуд тауындай алтыным болса Пайғамбарымыздың Мәулітін тойлауға жұмсар ем» деген сөзін еске алды.
Мұнан соң жиналғандарға экран арқылы "Пайғамбарымызға сағыныш хаты" оқылды.
Алпыс үш жыл ғұмырында үмбеттері үшін құлшылығынан танбай, көзінің жасы құрғамаған, қаншама қиянат пен қатыгездікке тап келсе де қауымының қателігіне кешіріммен қарап, жүректерге иман тілеп, дұға еткен Алла Елшісіне сағыныш мұңы әрбір иман иесінің жүрегін қозғап, жүзімізді ыстық жас жуды. "Бір кесе көз жасының тозақ отын сөндірердей тәсірі бар" дегенді білуші ме едіңіз? Осы бір риясыз сәтте қаншама күнә, пендешілік, асылық атаулыдан арылып, жан-жүрегіміз тазарғандай, жеңілдеп қалғанымызды жасырмаймыз.
Мәуліт мерекесіне арналып алынған тарту-таралғы артылып қалғандықтан енді "Ахмад", "Махмуд", "Айша", "Әмина" тағы басқа ізгі есімдерді еншілеген көрерменнің барлығы көзайым сыйлықтан кенде қалмады.
Мәуліт қарсаңында Жаңақорған жастары, мешіт жамағаты, ауыл-ел тұрғындары болып ортақ қорға қаржы құйып, оған арнайы азық-түлік алынып, аудандағы тұрмыс-күйі төмен, мүгедек, кем-кетік отбасыларына таратылған екен. Осы бейнебаянды экраннан көріп, көңіліміз толқыды. Үй иелерінің ағыл-тегіл тілектеріне біз де қосылып, жүрегіміз елжіреді. Неге десеңіз, ұшқан құс, жүгірген аңға бір талғажау мұрат. Сол мұратыңды қамдап, көңіліңдегі мұңды сейілткен үлкен жүрек иелерін ұлы сауапқа жазсын деген тілектеміз.
Кеш барысында "Қамқор" әлеуметтік дүкені ұйымдастырған тігін тігу шеберлік курсында тегін оқып шыққан, көп балалы ана Талшын Шуақоваға тігін машинасы тарту етіліп, келешек кәсібіне жәрдем көрсетілді.
Хиссамиддин-Сығнақи мешітінің наиб-имамы Ақмұрат Әлімбайұлы мінбеге көтеріліп, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у) арналған Салауат-Шариф оқылды.
Мұнан соң "Нұр-Мүбарак" универ­ситетінің түлегі Данияр Мейірбек ұстаз жеребе бойынша халықтың қолына таратылған хадистерден таңдау түскендерге арнайы сыйлықтарды таратты.
Одан әрі сөз алған Алматы қаласы Алатау аудандық мешіті наиб-имамы Жомарт Кершеев Пайғамбарымыздың (с.а.у) бүкіл өмір жолы, тек қиындық пен сынаққа толы хиқметті тағдыры, оған сыйға берілген теңдессіз тарту – Миғраж кеші, жаңа күшпен, тың қуатпен жол тартқан хижрет сапары жөнінде толық баяндап, жан-жақты түсінік берді. Келесі кезекте "Жаңарған Жаңақорған жастары" ерікті қоғамының төрағасы Еркінбек Нариманұлы жиналғандар арасында «Мұхаммед» есімін еншілеген жас-кәріге арнайы сыйлықтар тағайындалғанын хабарлады.
Жиналғандар Мәуліт кеші құрметіне жайылған дастарханнан дәм-ауыз тиіп, бата-тілектерін арнады.
Рухани кешті жас дарын Тоқтар Әжімұратов жүргізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
27 қараша 2019 ж. 585 0