Талай сұлудың арманы болған Сұлтан сері
Оның мамандығы тау-кен ісі, алайда ол аудандағы жайдарман ойындарының тұрақты қатысушысы, кішігім отырыстарда асабалық қызметте, Оқу орнындағы қоғамдық жұмыстардың белді мүшесі. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Біз Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің 3-курс студенті Сұлтан Нұрланұлы туралы айтып отырмыз. «Болар баланың белін бу» демекші, бүгін талантты жасты жақынырақ танып, келешегі жөнінде дидарластық.
Қазір колледжде 16 түрлі мамандық бойынша 500-ден аса студент білім алуда. Соның ішінде тау-кен ісі мамандығында 26 студент бар. Өзінің болашағын өндіріс орнында жұмыс жасаумен байланыстырған Сұлтан асабалық қызметті де қатар алып жүр.
– Келер жылы оқуды тәмамдап, бұйыртса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне түсемін. Оны бітірген соң «Шалқия Цинк» ЛТД-ға геодизист маманы болып қызметке орналассам деген мақсатым бар. Жалпы қай саланың тізгінін ұстасам да өнерден алыстамаймын. Уақыт өте бойымдағы дарынды терең тани түскендеймін, – дейді ол.
Бала кезінде бокс үйірмесіне барған ол уақыт өте келе өнерге бет бұра бастайды. Қолына қалам алып, өлең жазып, кейде арнау да жазады. Одан кейін «Жайдарман» ойындарымен көзге түсе бастайды. №110 мектеп-лицейдің түлегі Сұлтан колледжде өтетін рухани-мәдени шараларда қойылатын көріністердің монологын оқиды. Бүгінде колледж студенттерінен құралған жайдарманшылар тобы бар. Жетекшісі, әрі команда капитаны Сұлтанның өзі.
– Менің алдыға қойған басты мақсатым – аудандағы ойынының дәрежесін өсіру. Бірақ бір қынжылатыным, аға буыннан жол сілтеп, рухани демеу кемшін бізде. Әрине барлығына өзіміз дайындаламыз, сценарий жазамыз, қанша дегенмен тәжірибесі мол алдыңғы буынның сәл болса да қолдауы керек, – деді жас талант.
Жалпы асабалық міндет өте жауапты жүк. Олардың басты қаруы – сөз. Жазушыларда жазу стилі қалыптасса, асабаларда сөйлеу мәдениеті жүре бітті пайда болады. Яғни асабалық әркімнің ырқына жығыла салатын өнер деуге келмейді. Кез келгеннің қолынан келетін болса, онда өнер саласында жүргендердің барлығы асаба болып кетпей ме?! Асабалықта сөздің салмағын түсініп, сөз өнеріне адалдық таныту маңызды.
– Колледжге жұмысқа орналасқаныма 3 айдан асты. Жастар практикасы бойынша орналасқандықтан, жастармен жұмыс жасаймын. Сонда байқағаным Сұлтанның бойында ерекше талант бар. Сабақ үлгірімі де жақсы, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол жауапкершілікті сезіне алатын азамат. Сондықтан колледж басшылығы оған үлкен сенім артады, – деді Тоғжан Аблахова.
Ол осы табандылығы, іскерлігінің арқасында қаншама рет марапат мінберінен көрінді. Отбасында үйдің үлкені, өзінен кейінгі төрт бауырына қамқоршы Сұлтанның әлі де алар асуы алда. Талабы таудай осындай жастардың жігерін жанып, керек кезде қолдау көрсетілсе, болашағынан үміт күттіреді. Әрі сенімді ақтайды, сондықтан жас болса да колледждегі мәдени шаралардың жүгін көтеріп жүрген кейіпкерімізге сәттілік серік болсын дейік.
Әли ТЕМІРБЕК