№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Аудан жастарының лидері не деді?

Аудан жастарының лидері не деді?


Аудан әкімдігінде өткен Жастар ісі жөніндегі ХІ кеңес отырысында пробация қызметінің есебіндегі жастарды жұмысқа тарту және мәдени-рухани, әдеби кештердің ұйымдастырылу деңгейі сараланды. Сондай-ақ аудандағы 18-29 жас аралығындағы жастарға мониторинг жүргізу жайы талқыланды.


Алқалы жиынды аудан әкімінің орын­басары Ғалымжан Сопбеков жүргізді. Алғашқы сөзді Шалқия кентінің әкімі Әбдімаулен Сабырханов алып:
– Шалқия кентіндегі 14-29 жастағы жастар саны 25,5 процентті құрайды. Оның ішінде, ерлер – 44,05, қыз-келіншектер – 55,9 процентті құрайды. Маргинал жастар жоқ. Кенттегі жастар саны – 348 болса, сыртта жүргені – 118. 14-18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының саны – 167. Жоғары оқу орнында оқитын жастар саны – 125. Кентте құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Рейд шараларына жергілікті полиция мен мектеп ұстаздары тартылады. Пробация есебінде 4 азамат есепте тұр. Оның біреуі «Шалқия Цинк» ЛТД АҚ-да жұмыс істесе, екеуі «Нұртас» ЖШС тас өңдеу ісіне тартылған. Төртіншісі жұмыссыз. Оған тұрақты жұмыс көзін табуды қарастырудамыз, – деді.
Ауылдық округтердегі жастардың қайда, не істеп жүргені жайлы нақты мәлімет табу қиын. Мәселен, әріптесім Әбдісамат Әбдіш жазғандай («Жастар арасындағы жұмыссыздық жайы») жастары Ресейде түрлі салада қызмет етуде. Тіпті Корея асқаны қаншама. Бұл тұрғыда алғанда, Шалқияның есебі түгел. Тау-кен металлургия кеніші дамыған жағдайда елді мекен жастарын толық жұмыспен қамтуға мүмкіндік болады. Қазірдің өзінде 240-дей шалқиялық зауытта қызмет етсе, оның 61-і жастар.
Аудан жастарымен бірлесіп өткізілген мәдени шаралар жөнінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жадыра Шертекова баяндады. Маман ауылдық округтер мен кенттің белсенді жастарымен бірлесе атқарған шараларға рет-ретімен тоқталды.
«Жастар ресурстық орталығының» директоры Наурызбай Орынбасаров болса аудан жастарының есебін берді.
– Жаңақорған ауданында 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны – 22 736 жасты құрайды. Бұл аудан тұрғындарының 24.6 процентін құрайды. Ал, экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындар саны 32,0 процентке тең. 2019 жылы мектеп бітірген түлектер саны – 843 болса, шетелде білім алатын жастар саны – 7. «Серпін 2050» бағдарламасы аясында оқып жатқан студенттер саны – 463. 14-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары – 3284, аймақтағы студенттер саны – 6412. Мүмкіндігі шектеулі жастар саны – 142 оның ішінде еңбекке жарамдылары – 18, еңбекке жарамсыздары – 124. Жұмыспен қамтылған жастар саны – 340, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны – 2470. Жұмыссыздыққа ресми тіркелген жастар саны – 484 болса, 2019 жылы жастардың жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрады, – деп нақты сандарды алға тартты аудан жастарының лидері.
Соңғы деректер бойынша, аудандық қылмыстық атқару инспекциясында 14-29 жас аралығында 18 жас есепте тұрғаны мәлім болды. Жыл басынан кәмелеттік жасқа толмаған жастар арасында 5 қылмыстық іс тіркелгенін білдік.
Құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында спорттық және рухани-мәдени шаралар жасалып, мектеп оқушылары арасында достық қарым-қатынас орнату да жиі ұйымдастырылады.
Аудандық полиция бөлімімен бірге «Мүлдем төзбеушілік» қағидасымен кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу мақсатында Жаңақорған кентінің 9-11 сынып оқушыларына заң тұрғысынан түсіндіру жұмыстары жолға қойылып, 25 ауылдық округтегі жастар ісі мамандары сенбі, жексенбі және атаулы мереке күндері түнгі рейд жұмыстары тұрақты жүргізетіні айтылды.
Жыл басынан бері жастар ресурстық орталығына 220 жас келіп түрлі тақырыпта кеңес алды. Олардың басым көпшілігі кәсіпкерлікпен айналысуға қызығушылық білдірген.
Сондай жастың бірі – «Той-Арт» орталығын құрған Шолпан Қанайбекова.
– «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша білімімді жетілдіріп, жеке бизнесін бастауға қол жеткіздім. Яғни бір айлық курстан өтіп, жобамды сәтті қорғап, 252 000 теңгенің сертификатын алдым. Енді аудан тұрғындарына компьютерлік қызмет көрсетемін. Сонымен қатар кәдесыйлар жасаймын», – дейді «Той-Арт» орталығының жетекшісі.
Мінбеге NEET санатындағы жастардың үлесін азайту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндау үшін жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков көтерілді.
Орталық басшысы мекемеге 2521 адам хабарласқанын, оның 963-ы жастар екенін айтты. Олардың басым көпшілігі «Мейірбике ісі», «Мектепке дейінгі оқыту», «Денешынықтыру пәні мұғалімі», «Емдеу ісі» мамандығы бойынша. Нәтижесінде орталыққа тіркелген 870 жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
Оның сөзінше, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бағытында тындырымды тірліктер бар. «Малшы» мамандығы бойынша – 20, «Аспазшы» мамандығы бойынша – 20, «Визажист» мамандығымен – 80, «Маникюр-педикюр» мамандығы – 15 адам даярланды.Оның 97-сі жастар.
Биылғы жылғы «Бастау – бизнес» жобасы бойынша барлығы 480 адамды оқыту жоспарланғанымен, оған 359 адам жолданды. Бұл оқу түрі бойынша 355 жас білімін жетілдірді. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында 129 адамға 554 млн. теңге несие берілсе, оның 34-і жастар. «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа» – 264 жас ие болды.
Жастарды кәсіпкерлікке баулып, экономиканың дамуына белсенді араласуына жағдай жасау маңызды. АҚШ, Жапония, Сингапур, Түркия және т.б озық елдердің тәжірибесінде жастар мемлекеттік қызмет саласынан гөрі, шағын және орта бизнеске барады. Онда шағын бизнесті қаржыландыру, оған несиелер бөлу жеңілдетілген принциптермен беріледі. Мұндай басымдықтар біздің елде де берілуде. Бірақ жастардың белсендігі жоғары дей алмаймыз. Жастардың көбісі әкімдіктен, мектептен жұмыс іздейді.

P.S.: «Жастар жылының» бітуіне санаулы күндер қалды. Жастарды шығармашылық тұрғыда қолдап, бизнесін қалыптастыруда демеу болатын жылды түйіндейміз. Бір жылда не бітірдік? Жастарды семинарлар мен тренингтерге қатыстырудан бөлек не бере алдық? Бұл алдағы уақытта сараланатын негізгі тақырыптың бірі...

Лаура БИБАСАРОВА

26 қараша 2019 ж. 882 0