№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорған колледжінде жаңалық көп

Жаңақорған колледжінде жаңалық көп


Ә дегеннен аудандағы Жаңа­қорған аграрлы-техникалық кол­лед­жіне бардық. Дуалды білім беру жүйесіне көшкен бұл колледждің келешегі кемел. Болашағы баянды. Бұл жөнінде бізге колледж директоры Жомарт Шәуенов сүйінші жаңалығымен бөлісті.
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың 2019 жылдың 23 қаң­тарында Жастар жылы салтанатты шара­сының ашылуында берілген тапсырмасы негізінде «Жас маман» жобасы әзірленді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағ­дарламасына сәйкес «Жас маман» жобасының операторы болып «Кәсіпкер» холдингі КЕАҚ белгіленді. Жоба аясында облыс бойынша 8 колледж таңдалып алынды. Ендігі кезекте, келесі жылы «Жас маман» жобасы шеңберінде респу­бликалық бюджеттен 260 миллион теңге бөліну жоспарлануда. Бұл қаржыға біз колледждегі автомеханика және дәне­керлеу шеберханасын материалдық тех­ни­камен жабдықтауды жоспарлап отырмыз, – деді Жомарт Әбибуллаұлы.
Сонда студенттердің алысқа бармай-ақ колледж ішінде тәжірибеден өтуге тынысы ашыла түседі. Әрине, колледж директоры мемлекет қашан қолдау көрсетеді деп қарап отырмай, қолда бар дүниелерді үйлестіріп, дуалды білім жүйесіне іс жүзінде кірісіп жатқанының куәсі болдық. Колледждің жаңашыл бағыттағы жұмыстарымен бізге директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Қуаныш Абил­башаров таныстырды. Бірінші кезекте, жаңадан жаңғыртылып жатқан асхананың құрылысына табан тіредік. Асхана деген атауы болмаса, жақын уақытта кең сарайдай мейрамханаға айналады.
Қуаныш Абилбашаровтың айтуынша, 150 орындық асханада қосымша наубайхана пеші де орналасады. Мұнда аспазшы мамандығының студенттері түрлі тоқаш, нан өнімдерін пісіру процесіне тікелей араласатын болады. Әрі асханада сапалы қызмет көрсетіп, талғамға сай тағам әзірлеудің қыр-сырына тәжірибе жүзінде қанығады. Міне, нағыз дуалды оқыту процесі. Бұл бір деп бас бармағыңызды бүгіп қойыңыз. Енді екіншіден, тігін тігу шеберханасы да ат шаптырым аумақта орналасқан. Ішкі мүмкіндігімен танысып, студенттермен тілдестік. 25 тігін машинасы сақадай сай болып тізіліп тұр. Мұнда да тігінші болуға бар мүмкіндік жасалған. Тек, әріптесіміз Ханзада Дошан барғалы насихат жағы қолға алынып, тігін шеберханасының өнімдері ел арасына әлеуметтік ролик ретінде насихаттала бастағанын білдік. Расында Жаңақорғанда 2000-ға жуық ақ халатты абзал жандар бар десек, олардың жұмыс уақытысында киіп жүрген ақ халаттары қайда тігілген. Әрине, Түркістан не өзгеде шаһардан келген жұмыс формасы. Бірақ біз көрген колледждің ақ халаттары ешқайсысынан кем емес. Оған қоса, арқасында «Охрана» деген жазуы бар формалар мен түрлі мәдени-рухани бағыттағы шараларда киюге ыңғайлы ұлттық киімдер менмұндалап тұр. Егер бұл жергілікті өнімдер мекемелер тарапынан сұраныс тудырса, онда колледждің қазынасын толтырып, ол қаржыға материалдық базасын нығайтуға жол ашылары айқын.
Сондай-ақ Қуаныш Абилбашаровқа еріп, темір жонатын, ағаш тілетін, дәнекерлеуші һәм автомеханика шебер­ханаларының жұмысымен таныстық. Станоктары «советский» демесеңіз, сапасы сыр бермейтіні көзге көрініп тұр. Жоғарыда айттық келер жылы осы автомеханика және денекерлеу кабинеттері материалдық техникамен толық жабдықталып, студенттердің білім көкжиегі кеңейе түседі.
Түйінсөздің орнына дуалды білім беру жүйесінің шетелдік тәжірибесін сөз етсек. АҚШ, Австрия, Германия, Швейцария, Оңтүстік Корея және тағы басқа мемлекеттерде кеңінен қолданыста жүрген дуалды білім беру бойынша білім алатын студенттер уақытының көп бөлігін мамандығына сай кәсіпорын қабырғасында жүреді. Мәселен, немістерде жұмыс күшінің нарығы дуальды оқыту түлектері арқылы қалыптасады екен. Германияда колледждерде екі күн оқыса, қалған бес күніне кәсіпорында өткізеді. Яғни, оқушының жұмыс істеуіне де, кәсібі бойынша білім алуына да жағдай жасаған. Әрі бұл мемлекетте дуалды оқыту бағдарламалары 340 кәсіп бойынша оқытылады. Мұнда студенттер өздері кәсіпорын не фирмаға барып келісімшартқа отырады. Жұмыс беруші тарап оның оқу ақысын төлеп береді. Бұдан бөлек, студенттің медициналық сақтандыруы мен қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру жайын өз мойнына алады. Ең бастысы – өз қабілетімен көзге түскен шәкірттерді оқу бітіргесін жұмысқа қабылдайды.
19 қараша 2019 ж. 660 0