№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Құда болып жүрейік" әні қалай жазылды?

"Құда болып жүрейік" әні қалай жазылды?


Тағдырдың жазуына не шара? Сиқырлы, тенор даусымен сырнайын созып тұратын Бексұлтан ағаның жайдарлы кербез жүзін көрмегелі де, әнін тындамағалы да біраз жыл.
Ұмытпасам, 1972 жылдың күз айы болуы керек. «Түркістан» совхозы (Қандөз ауылы) «Қалғансыр» бөлімшесінің Сырдария жағасында ауыл шаруашылығы іс-тәжірибесіне арналған үлкен семинар өткізілді. Сол семинарға мектептің 8-10 сынып оқушылары қатысты.


Семинарға Жаңақорған ауда­нын­дағы көркемөнерпаздар коллективі келген екен. Көркемөнерпаздар өз кон­церттерін қойды. Түскі үзіліс кезінде арнайы тігілген үйде үлкен кісілер, ақын, өнерпаздар ауданнан келген қонақтарға арнап ән-жырларын орындап жатты. Сол кездегі оқу тәрбие жөніндегі орынбасар Артық деген ағайымыз өнерге өте жақын еді.
Мен ол кезде баян аспабымен мектепте ән салып жүретінмін. Артық ағай келді де «Сауран, жүр, біз ана тұрған ақ отауға барамыз» - деп құлағыма сыбырлады да ертіп алып барды. Шамалы күттік, ән шырқалып жатыр, бір кезде бір аға баянмен «Ақбаян» әнін айтты дауысы өте әдемі. Ағайым біреулермен сөйлесіп екі үш әннен кейін маған баянын алып келіп, мені үйге кіргізіп «мына бала мектептің көркемөнерпаздарына қатысады тыңдап көрсеңіздер», – деді. Әнді бастадым.
Мен Ә.Бейсеуовтің «Алтыным» әнін шырқадым, сосын қырғыз әні «18 жас» әнін шырқадым. Мен ең алғашқы рет сол жерде Бексұл­тан Байкенжеев, ақын Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаевтарды көр­дім. Мектепті бітіріп, сол жылы Қарағанды қаласындағы КАРГУ-ге тарих факультетіне құжат тапсырдым. Төртінші емтиханнан құлап қайта елге оралды.
Әкем Еркінбек мектеп дирек­то­рымен сөйлесіп тәрбиеші және үйірме жетекшісі етіп жұмысқа орналастырды. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесін жүргізе отырып өзімнің әнге деген құмарлығымды одан сайын шыңдай түстім. Бексұлтан аға айтқан әндері еш ойымнан шықпай қойды. Сол ағалар сияқты әнші, ақын, композитор болсам деп армандадым. Келесі жылы мектепке Шымкент қаласынан Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтынан бір жолдама келген екен, сол жолдаманы мектеп директоры ауданнан сұрап алыпты. «Сені мектеп директоры шақырып жатыр» – деді оқу ісінің орынбасары А.Нұсқабаев ағайымыз.
Мен директорға кірдім, Есенкүл апай: «Бізге бір жолдама келді. Сенің қабілетің осыған жетеді сен сол оқуға барсаң қайтеді», – деп ұсынды. Мен қуанып кеттім де жолдаманы алып ата-анаммен ақылдастым.
Шымкент қаласындағы мәдениет инс­титутын бітіріп, 1979 жылы жол­дамамен Қызылорда облысы, Жаңа­қорған ауданы, Мәдениет үйіне аға методисті болып қызметке орналастым. Бексұлтан ағамен аудан, облыс өнерпаздар концерттерінде бірге жүріп, тығыз араластым, сазгерлік жағынан ұстазым болды. 1979 жылы тамыз айының ортасында мұғалімдердің Оқу әдістемелік жиыны өтті. Сол жиында мен композитор Жақсыгелді Сейловтың «Жез киік», Ә.Бейсеуовтің «Маралдым» әндерін шырқадым.
Мұғалімдердің жиыны мен концерті аяқталған соң, Бексұлтан аға алдымнан шығып, «Баянмен ән шырқайтын тағы да бір әнші қосылды» – деді. Ағалық кешіпейілдікті білдіріп сырбаз, сері мінезімен жай ғана «ертең музыка кабинетіне кел, біраз сөйлесерміз» - деп жүріп кетті. Музыка мектебінде, мектеп ұжымындағы өнер саңлақтары, ұжым ұстаздарымен таныстырды. Сазгер Нағызхан Жаманбаев, әнші-сазгер Өмірбек Марсалиев т.б. жас өнерпаздармен таныстырып, аудандағы ақын өнерпаздарды айтты. Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Қуат Алдабеков, режиссер Мариям апай, Әмір Мажитов, Шәкір ағай, актер Есенгелді, Бибажар Маханбетова т.б. біраз өнерпаздарды атап шықты.
Ұстазым Бексұлтан ағамен Жаңа­қорған ауданында 16 жыл қызметтес, әрі өнер қанатында бірге жүрдік. Ұстазым Бексұлтан ағамен өзім өнер жолында бірге жүргендіктен біраз қырына қанық болдым. Бексұлтан аға әнші-композитор, тамаша актер, керемет суретші бір жағынан қабілетті ұйымдастырушы еді.
Аудандық халық театрында көп­теген рольдерді сомдап Алматыда өткен халық театрлар байқауында талай рет бірінші дәрежелі дипломмен марапатталып, лауреат атанды.
Драматург Қ.Тұрсынқұловтың «Кәпір­зада оқиғасы» пьесасында «Ахат» ролін ойнады. Сонымен қатар С.Сухан­бердиннің «Айгүл», Б.Май­линнің «Талтанбайдың тәртібі», Т.Нұрмаған­бетовтың «Кімге тартқан», О.Бодықов­тың «Арман азабы» пьеса­ла­рындағы басты кейіпкерлердің бей­несін де өте сәтті шығарды.
Керемет суретші деп айтатыным, бір кезде анасының суретін салып жатқанын көргенмін. Айнытпай салған. Музыка мектебінің барлық бейнелеу жұмыстарын өзі салатын. Плакат жазуларын суретшілерден еш кем жазбайтын. Бекең сонымен қатар өте сезімтал, жаңалықтарды алдын ала біліп отыратын. Қай жерде қандай байқау бар, түрлі өткізілетін мәдени іс-шаралардан, Республика деңгейі бойынша хабардар болып жүретінді. Жұмыста да, концертте де ұйымдастырушылық қабілеті жоғары еді.
1990-1991 жылдары Жаңақорған мәдениетінің нағыз кемелденген кезі екен-ау деп ойлаймын, сол кезде тамаша әншілер де, шабытты ақындар да, төгілткен күйшілер де, әндерін шығарған композиторлар да, талантты актерлер де, әзіл-ысқағымен аты шыққан өнерпаздар да, сол кездің жемістері Бірде Бексұлтан ұстазым «Жақында аудандық мәдениет бөлімінде бір жаңалық болады, Жаңақорғанның өнерпаздарын Республика бойынша насихатталатын бір жоспар жасап жатырмын, сол жоспардың басы-қасында өзің боласын әзірге ешкім білмейтін болсын» деді.
Қазір ойлаймын егер де сол жоспар орындалғанда көптеген өнерпаздар республика көлемінде танылатыны сөзсіз еді. Өйткені сол кездегі Мәдениет Министрлігіндегі, телеарнадағы басшылар, «Қазақстан», «Шалқар» радиосындағы барлық өнер адамдары, жақсы таныс, әрі өнердегі әріптестері еді. Сол кездегі мені таныстырған біраз азаматтар мені көрген сайын Бекең жайлы сөз қозғап бір еске алып қояды.
Сол Бекең таныстырған азаматтардың маған көп көмегі тиді. Бекең әр уақытта да қазақ мәдениеті мен өнерінің өркендеп, қанатын кең жайып еркін өсуіне қажетті жайларды өзінің қырағы ойымен үнемі алдын ала болжап отыратын-ды.
Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан халық ақыны Манап Көкеновтың айтқан сөзі ойға келеді. «Композиторлар Сыдық Мухамеджанов, Садық Кәрімбаевтардың кереметтігі сол олардың әндері мүлдем бөлек-бөлек, бір-бірінен тіптен басқаша сипатта болып келеді. Ал Бексұлтанның әндері бір-бірінен туып, өрбіп отырады, деп еді. Соның айғағы ретінде мына әндерін мысалға келтіруге болады.
Бекең жалпы әндерді мажорлы дыбыста жазатын. «Ақбаян», «Ақшолпан», «Ақгүлім», «Асыл жар», «Ақ жеңешем», «Сырдария», «Ұйқың жаным қанды ма», «Жыл құсы», «Дос ғасыр», «Сағынып жүрші» секілді әндерінің барлығы да, осындай ашық дыбыста жазылған әндер. Менің көкейімде мынандай ой бар. Жазылған ән шығармасын түгел тыңдамай-ақ композитордың стилін, оның әнін, үнін, жүрек лүпілін, ән жазу иірімдері мен саздылығын бәрібір біліп қоясың. Міне, Бекеңнің әндерінің бір-бірінен туып өрбіп отырғаны сондықтан. Жұмабай Әбілов «Қасиетіңді қадірлеп өссін ұрпақ» мақаласында «Шындығында, ол қырықтың қырқасына шыққан сәттен бастап ерекше шабыт тұлпарына мінген еді. Бұрынғы әндерін былай қойғанда ұлттық салт-дәстүрге айтылған «Құда болып жүрейік» әні бір төбе» деп жазған болатын. Міне осы әнін алғаш рет қазақ радиосына өзім бастырып, Қазақстанға танылуына септігімді тигіздім. Түркістан университетіне барған соң, Түркі тілдес халықтарды аралап концерт қою сапары басталды. Сол сапарда Түркия, Кипр, Греция елдерінің, Анкара, Стамбул, Афион, Қайсері, Леф Коша тағы басқа қалаларындағы концерттерде осы Бекеңнің әнін орындап шет елге таныттым. Міне әннің құдіреті деген осы шығар. Ән – адам жүрегіндегі аққұс деген сөз рас.

Сауранбек Елеуов,
Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты,
ҚР Мәдениет қайраткері,
өнертану доценті,
Жаңақорған ауданының
Құрметті азаматы
12 қараша 2019 ж. 1 417 0