Алтынбектің де айтары бар
Соңғы жылдары Екпінді ауылының экономикалық даму көрсеткіші жоғарылап, халықтың әлеуметтік тұрмысы түзеліп келеді. Әсіресе мемлекеттік тапсырмалардың орындалуында тың серпіліс байқалады. Мұның бәрі мемлекеттік қызметкерлердің міндетінің жауапкершілігінен. Осы орайда, Екпіндік ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Алтынбек Әліұлының қажырлы қызметін кеңінен тарқатсақ.
Бүгінде екпінділік шаруа қожалықтар берекелі күз айында егін алқабынан мол өнім алып, қамбасын дәнге толтырды. Осындай жауапты қызметтің басында әкімдіктің ауыл шаруашылығы саласына жауапты Алтынбек Исаевтың еңбегі ерен. Ол он жылдан бері осы бағытта тынбай еңбектенуде.
– Әкеден сіңген қасиет мені осы ауыл шаруашылығы саласынан алшақтатпады. Ең алғаш Сунақ ата совхозында сүт фермасының мал дәрігері болып қызметімді бастадым. Ал, тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан екі мыңыншы жылдың басына дейін «Екпінді» шаруа қожалығында қойма меңгерушісі болып қызмет еттім. Ата кәсіпті жалғап, 2002 жылдан бастап дәнді дақылдар, көкөніс, бақша өсіруді отбасылық кәсіпке айналдырып, диқаншылыққа бет бұрдым. Содан 2010 жылы ауылдық округке бас маман ветеринар қызметіне орналасып, 2014 жылы ауыл шаруашылығы саласына жауапты бас маман қызметіне бекітілдім,– дейді Алтынбек аға бізбен әңгімесінде.
Бүгінде ауылдық округте «Бастау» және «Екпінді» шаруа қожалығы дәнді дақыл өсірумен қатар, мал шаруашылығымен айналысады. Олардың иелігінде 850 гектар жер бар. Күріш пен мал азықтарын өндіретін қожалықтар биылғы маусымда гектарынан 65-68 центнерден өнім алып берілген межені ойдағыдай орындады. Алдымен ауыл халқын дәнді дақылдармен қамтамасыз етті.
Шағын ауылда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету бірінші жолға қойылған екен, осындай екі отбасын қыстық отынмен қамтамасыз ету қолға алынған. Мемлекеттен беріліп жатқан атаулы әлеуметтік көмекті отызға жуық отбасы алатыны белгілі болды.
Қазіргі таңда ауыл көшелері толығымен асфальттанып және жарық жүйесі де іске қосылған. Халық ауыз және аяқ сумен қамтамасыз етілген. Әр тұрғын өз ауласында көкөніс, бақша өсіріп отыр. Тілдесу барысында әкімшіліктің бас маманы алдағы жоспарымен де бөлісті.
– «Тазалық» айлығына байланысты ауылдың айналасын көгалдандыру жұмыстарын қолға алдық, қазір арықтар қазылып дайындық жұмыстары басталды. Алдағы көктемде ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Одан кейін тазалық жүргізу, қоқыс полигонын ауылдан 300 шақырым қашықтыққа көшіру басты назардағы мәселе. Ауыл жастары бүгінде кәсіп бастап, ауылдың көркеюіне үлесін қосып келеді. «Жастар жылы» аясында «Жас кәсіпкер» жобасымен қайтарымсыз мемлекеттік грантты 3 екпінділік жас алып, кәсібін бастады. Олар шаштараз, наубайхана және кішігірім құс фермасын ашып ел игілігіне қызмет етуде, – деді Алтынбек Исаев.
Бір қуантарлығы, соңғы үш жылда жастар арасында ешқандай құқық бұзушылық тіркелмеген. Қылмыс жұмыссыз жастардан шығатыны белгілі, ал шағын ауылдың жастарының басым бөлігі егін даласында еңбек етсе, қалғаны мал шаруашылығымен айналысып, адал еңбек, маңдай терімен еңбек етіп жүргеніне куә болдық. Осындай қаймағы бұзылмаған Екпінді ауылының ақсақалдарының ақылын айтып, жастарына тоқтау болып отырғанын естіген біздің де көңілімізге қуаныш ұялады.
Иә, Әлі Исаевтай Еңбек ерінің ізбасары Алтынбек Исаевтың туған жеріне деген адал еңбегі – бүгінгі жас буынға үлгі.
Майра ӘБДУӘЛІ