№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » "Тәй-тәй" технологиясының тың тетігі

"Тәй-тәй" технологиясының тың тетігі


Жаңақорған кентіндегі «Болашақ» балабақшасының ашылғанына он жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде қаншама балғынға тәлім беріп, білім нәрімен сусындатқан балалар мекенінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.


Қазір балабақшалардың тәрбиеден кейінгі негізгі міндеті жаңа технологиялар бойынша оқыту. Өйткені талап сондай, бәсекенің заманында бала санасының ашықтығы, қазақы тәрбиені бойына сіңіре отырып, қоғамға ерте бейімделуі маңызды. «Болашақ» балабақшасы да осындай міндетті жолда еңбек етіп келеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін жаңа технологияның тиімділігін арттырудамыз. Халықаралық технологияны қолданысқа енгізе отырып, мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеу саласына жаңаша педагогикалық және ақпараттық технологияларды енгізу арқылы білім беру жүйесінің жаңа түрін ұсындық. Балабақшада 2015 жылдан бастап осы технология негізінде балаларды тәрбиелеп келеміз. Байқағанымыз, эксперименттік топтағы балалар өз ойларын еркін жеткізеді. Өнерге деген қызығушылықтары оянды, – деді балабақша меңгерушісі Балжан Әбжаппарқызы.
2013 жылдан Балжан Мырзабаева басшылық ететін «Болашақта» 44 қызметкер болса, оның 19-ы педагогикалық маман. 17 тәрбиеші бірінші санатты, қалған екеуі екінші санатты. Технология бала жасының ерекшелігіне орай, топ-топқа бөлініп, әр топтың сабақ жоспарына сәйкес жіктелген. 6 топқа бөлінген балалар «Тәй-тәй», «Ойын», «ТРИЗ», «Фличат» және «Денсаулық» технологиясы бойынша оқытылады.
– Бүлдіршіндердің бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіріп, танымдық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу бағытында халықаралық «Тәй-тәй» технологиясының маңызы зор. Балаларды көпшіл болуға, өз пікірін қалыптастыруға, жан-жақтылыққа тәрбиелеумен қатар балабақша бүлдіршіндерінің ата-аналарымен тығыз байланыс орнатуға тырысамыз. Ал, ойын технологиясының ерекшелігі – баланың бойындағы білімділік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймайды, олардың ұйымдастырушылық қабілеттерін де қалыптастырады. Қазіргі балалар осындай технологияларды жетік меңгеруге қабілетті, – деді әдіскер Айжан Үсенбекова.
Балабақша заманауи білім беру сапасына сай құрылғылармен жабдықталған. Мәселен, Монтессори кабинеті роботехникамен жабдықталған, сиқырлы қалам, фребел, «ЗД» қаламдары, планшеттер бар. Соның ішінде «Сыйқырлы қалам» құралымен сабақ жүргізген Гүлнар Әбдіразақова:
– Бұл әдіс балаларды қоршаған ортаны тануға, түрлі түстерді ажыратуға баулиды. Қиялынан туған туындыларды қағаз бетіне түсіріп, өзіндік әлемін қалыптастыра алады. Жалпы алғанда барлық технологиялар балалар ойының ерте жетіліп, бәсеке заманына бейімделуіне мүмкіндік береді, – деді.
Балабақшаның жеткен жетістігі де аз емес. Облыстық «Мен дарынды баламын» байқауында Досбол Орынбай мен Салтанат Шыраздин үшінші орын алса, «Үркер» республикалық ән байқауында Айерке Бектас бас жүлдені иемденді. Сол секілді ұстаздар қауымы да байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Облыстық оқу әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауда Индира Тұрабаева «Креативті тәрбиеші» номинациясын жеңіп алса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен аудандық «Ән шырқайды мамандар» атты жарыста ұстаздар ұжымы бас жүлдені жеңіп алды.
Одан бөлек аудандық әдістемелік семинарлар жиі-жиі өткізіледі. Әсіресе ата-аналармен тығыз байланыс орнату үшін жиналыстар ұйымдастырылып тұрады екен. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламсына сәйкес білім беру саласының мазмұын кіріктріру» атты семинар осының дәлелі.
Қорыта айтқанда, балабақшадағы жүйелі жұмыстың тынысын санаулы сәтте сезіндік. Ең бастысы еліміздің саясатына сай үш тілде сабақ жүргізетін балабақшада бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіп келеді.

Әлібек ТЕМІРБЕК
29 қазан 2019 ж. 1 224 0