№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТӘЛІМ ОРДАСЫНЫҢ ТЫНЫСЫ

ТӘЛІМ ОРДАСЫНЫҢ ТЫНЫСЫ

Жақында Аққорған ауылындағы №19 «Раушан» балабақшасына арнайы соққан болатынбыз. Ондағы мақсат – Лаура Үсенбекова басшылық ететін тәлім ордасының тынысымен танысып, тәрбиешілердің тәжірибесіне қанығу.


Біз барғанда «Драма» оқу қызметі арқылы балалардың шығармашылық қабілетін дамыту тақырыбында облыстық семинар өтіп жатыр екен. Семинарға келген қонақтар бірінші заманауи бөбекжайдың материалдық техникалық базасымен танысып, «Ертегі сыр шертеді» атты көрмені тамашалады. Аталмыш көрмені ұйымдастырған тәрбиеші Гүлбану Қожабек болса, ал «Біздің көңіл күйіміз» атты «Драма» ұйымдастырылған оқу қызметін тәрбиеші Гүлзада Турлыбекова ортаңғы тобында өтті. Оған қоса, бүлдіршін кіші тобында «Көркем гимнастика» үйірме жұмысын тәрбиеші Нұргүл Абдуллаева, ал вариативтік компонент бойынша «Ертегілер еліне саяхат» атты көріністі тәрбиеші Ақмарал Мустиярова көрсетті.
Сондай-ақ «Интерактивті қуыршақ театры­ның» тұсаукесерін меңгеруші Лаура Үсенбекова мен тәрбиеші Жаксы­гүль Жакипова таныстырып өтті. Зама­науи технологияға негізделген бұл жоба­­­­ның келешегі кемел. Өйткені, тың техно­логияларды бала тәрбиесінде қолдана білу – заман талабы. Мұнан кейін Бағжан Байбатырова жиылған әдіскерлер мен тәрбиешілер алдында психологиялық тре­нинг өткізіп, облыстық семинардың көркін қыздыра түсті. Соңыра, ән жетекшісі Гүлзира Иманбаева дайындаған концерттік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты.
Өңірлік семинарды түйіндеген облыстық оқу орталығының орынбасары Гүлнар Дихамбаева бала бағбандарына алғысын білдіріп, шығармашыл педагогтарды мара­паттады.
Шыны керек, алыстан менмұндалаған қос қабатты балабақша заманауи стандартқа сай салынған. Өткен жылы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың өзі лентасын қиған балалар мекенінде 140 бала тәрбиеленуде екен.
– Біздің 140 орындық балабақшада ерте жас «Балапан» және «Балбөбек» тобында 30 тәрбиеленуші, 1 кіші «Бүлдіршін» және «Еркетай» тобында 44 тәрбиеленуші, 2 кіші «Балауса» тобында 22 тәрбиеленуші, ортаңғы «Көгершін» және «Балдәурен» тобында 44 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жалпы, 23 педагог қызметкер мен 44 тех қызметкер жұмыс жасайды. Ауыл балаларының ағылшын тілін меңгеруіне де толық жағдай жасалған, – дейді №19 «Раушан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Лаура Ташкенбайқызы.
Сонымен қатар, тәрбиеші Жақсыгүл Жакипова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған мақсат-міндерттерді жүзеге асыру барысында жаңа технологияның тиімділігін арттырып жатқанын жеткізді. Яғни, халықаралық «Тәй-тәй» технологиясын қолданысқа енгізе отырып, мектеп жасына дейінгі балалармен жаңаша педагогикалық және ақпараттық технологияларды игілікке икемдеп жатқаны белгілі болды.
– Білім мен тәрбие – болашақ дамуының кілті. Білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу – заман талабы. Өйткені, ғылым дамымай дүние дамымайтыны айқын. Сондықтан да төртінші өнеркәсіптік революция – осы кезге дейінгі адал еңбектің жемісін көретін кезең десек те болады. Алайда, жаңа технология алып келетін жаңа дәуірде оның барлығы адамзаттың қолынан шығатынын ұмытпағаны абзал. Яғни, адами капиталдың сапасын арттыру бүгінгі тәрбиешінің де міндеті, – дейді Жақсыгүл Жакипова.
Түйіндей айтқанда, №19 «Раушан» балабақшасының ішкі мүмкіндігімен таныса жүріп, балалардың өз ойын емін-еркін жеткізе алатынына көз жеткіздік. Ең бастысы – бағыт-бағдары айқын, жолы жарқын.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
01 маусым 2019 ж. 724 0