№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңарған әуен – жан жылытар

Жаңарған әуен – жан жылытар

   Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында дәстүрлі музыкалық аспаптармен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығарумен қатар, Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс, оны жүйелі зерттеп, әлемге дәріптеу керектігін баса айтқан болатын. Осыған орай аудан әкімдігінің қолдауымен, облыстық халықтық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен Сыр өңірінде тұңғыш рет «Көне дәуір күмбірі» атты заманауи этникалық музыка фестивалі өтті.

Кеш шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков ашты. 
– Қазақ сөздің асылын, әннің құдіретін, салт-дәстүрдің  қасиетін бойына сіңіріп, оны ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп келеді. Қасиетті қазына қадірін кейінгі ұрпақтың бойына өшпестей етіп сіңіру мәңгілік ел мұратының бірі, – деді ол.
Музыка өнері елімізде ерте кезден қазірге дейін сақталған. Осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында өтіп жатқан шараға қатысушы өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Фестивальге Арал ауданынан Нартай Қайырлапов жетекшілік ететін «Аван» этно-рок тобы, Қазалы ауданынан «Сейхун» этно-рок тобы (жетекшісі Кемеңгер Өтепов), Қармақшы ауданынан «Жыр күмбезі» (жетекшісі Мұхамбетқали Бағатов), Жалағаш ауданынан «Яксарт» (жетекшісі Ержан Кенжеғараев), Сырдария ауданынан «Сыр-орда» (жетекшісі Дастан Палмахов), Шиелі ауданынан «Шыңырау» (жетекшісі Өмірсерік Бектұрғанов) және жергілікті «Сығанақ» этно-рок тобы (жетекшісі Серік Жаңабеков) қатысты.
Жанды дауыста қазақтың ұлт аспабы арқылы әлемнің түрлі ұлт өкілдерінің керемет музыкалық туындыларының тынысын ашқан өнерпаздар шеберлік сынға түскен «Аван» этно-рок тобы Беларусь елінің композиторы Валерий Михайловичтің «Путь домой» және Әлқуат Қазақбаевтың «Жаппас – қобыз домбыра» шығармасымен көрерменге ұсынды. Әрі қарай облыстың батысынан келген «Сейхун» этно-рок тобының орындауында Құрманғазының күйі «Саранжап» және Перу елінің композиторы Даниэль Роблессоның «Полёт кондора» шығармасы орындалды. Ал Қармақшы ауданынан келген «Жыр күмбезі» этно-жанрының музыканттары Қазанғаптың күйі «Саранжап» және британдық елінің «Битлз» рок-тобының репертуарынан «Let it Be» композициясын көрермен назарына ұсынды. Кешті 50-жылдық тарихы бар «Алтын арай» ансамблінің өнерпаздары және жас музыканттардан жасақталған «Яксарт» этно-рок тобы жалғастырды. Жалағаштықтар испан музыкасынан құрылған композиция «Балшырынды» ұсынды. Сырдария ауданынан келген «Сыр-орда» этно-рок тобы елімізге белгілі композитор Әсет Бейсеуовтың «Сырласу вальсі» және Аргентина музыканты Астор Пьяццолланың «Либертанго» шығармаларын орындап жиналған көпшілік қауымның көңілінен шыға білді. Көршілес Шиелі ауданынан келген «Шыңырау» тобы қазақтың музыкалық мәдениетіне өшпестей із қалдырған композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасын» сонымен қатар Француз әншісі композитор, музыкант Джо Дасеннің репертуарынан «A toi» шығармаларын орындап көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Жерлестеріміз «Сығанақ» этно-тобы австриялық композитор Вольфганг Амадей Моцарттың «Рондо» композициясымен облыстық заманауи этникалық фестивалін қорытындылады.
Бүгінде қазақтың төл аспаптары мен қазіргі заманғы музыканы байланыстырып, ұлттық мәдениет пен оның өнерін, фольклорды халыққа танытып жүрген осындай топтар жыл өткен сайын артып келеді. Міне, оған өзіміз де куә болдық.
Кеш соңынан фестивальге қатысушы өнерімен өркендеп, ұлттық музыкамызды насихаттап жүрген этно-топтар сахна төріне шақырылды.
Кештің қонақтары Сыр еліне белгілі кәсіби музыканттар, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, сазгер-фольклорист Альберт Алмағанбетов, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Еңбек даңқы» орденінің иегері, сазгер Сәбит Ұлықпан және «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, сценарист-режиссер Орынкүл Бұрханова қатысушылар мен көрермендерге, кеш ұйымдастырушыларына ізгі тілектерін білдіріп, осындай көне музыкамызды жаңғыртып өскелең ұрпақ бойына рухани дем беретін кештің жалғасын табатынына сенім білдірді. «Көне дәуір күмбірі» замануи этникалық музыка фестиваліне қатысқан өнер ұжымдарына ұйымдастырушылар тарапынан жасалған арнайы диплом мен ақшалай сый-сияпаттарды кеш қонақтары салтанатты түрде табыс етті.
Түп-тамырымен тереңге кеткен, өткенге көз жүгіртетін өнер дегенде алдымен этномузыканы айтамыз. Тыңдармандарға әр халықтың інжу – маржанын, төл туындысын заманауи стильде орындап, әсем ән мен тәтті күй сыйлаған таланттар шоғыры осылайша  жұртшылықтың жылы ықыласына бөленді. Тұңғыш өтіп жатқан заманауи этникалық музыка фестивалі жаңа үн, жаңа ырғағымен кеудемізге ерекше әсер сыйлады.

Майра ҒАНИЕВА
27 қазан 2019 ж. 1 063 0