ТҮГІСКЕНДІКТЕР балабақшамен толық қамтылды
Аққорған ауылдық округінде 140 орындық балабақша ашылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев әлеуметтік нысанның ашылуына арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2020 жылға дейін білім саласына қатысты үш міндет қойған болатын. Үшеуін де мерзімінен бұрын орындадық. Яғни, үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою және 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Балабақшамен қамтуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің үлесі басым екенін айту керек. Бүгінде балабақшалардың 66 пайызы мемлекеттік-жекеменшік негізінде жұмыс істейді. Облыстың елді мекендерінде жылына екі-үш әлеуметтік нысан пайдалануға берілуде. Соның бірі – Аққорған ауылдық округі. Мұнда 2 млрд. теңге қаржы бөлініп, биыл үш бірдей әлеуметтік нысан берілгелі отыр, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада батыр ана, ардагер ұстаз Тұрғанкүл Оймақова көпшілікті қуанышымен құттықтап, аймақ басшысына алғысын білдірді.
Тіректі ауылда екі мемлекеттік, бес жеке меншік балабақша балғындарға тәлім беруде. Соның ішінде «Түгіскен тұқым шаруашылығы» ЖШС кеңсесінде орналасқан №19 «Раушан» балабақшасының ғимараты талап-міндеттерге сәйкес келе бермейтін. Сондықтан ауыл әкімдігі аудан басшылығына жаңа ғимарат салудың мән-жайын айтып, жобалау-сметалық құжаттарын әзірлейді. Іскер басшы Ғалым Әміреев маңызды жобаның облыстық бюджет есебінен салынуына қол жеткізеді.
Аққорғанның 4781 тұрғыны бар. Оның 425-сі 3-6 жас аралығындағы балалар. Олардың 360-ы «Балапан» бағдарламасы аясында балабақшамен қамтылған. Бүгінде заманауи талаптарға сай 140 орындық балабашада 23 қызметкер жұмыс жасайды. Әзірге 3 топта 65 бала тәлім алады. Тамыз айынан бастап жаңадан бүлдіршіндер қабылдайды. Осылайша елді мекенде балабақшаға деген мұқтаждық толығымен шешілмек.
– «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген тәмсілге сүйенген қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Себебі, жас ұрпақ келешектің кемелді болуының негізі. Біз жастардың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына жағдай жасайтын боламыз. Әсіресе, шет тілінде тіл сындыруға басымдық береміз, – дейді балабақша меңгерушісі Лаура Үсенбаева.
ТҮЙІН. Елдің ертеңі – бүгінгі ұрпақ. Олардың алаңсыз өмір сүруіне, оқып, білім алуына аға буын жауапты. Осыны біздің басшылар терең түсініп, нақты жұмыспен баянды етіп жатқаны қуантты.
Айсұлу АЛДАНАЗАР.
Пікір 2