Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дала демократиясының данагөйлері

Дала демократиясының данагөйлері


Қазақ халқы ұлт болып ұйысып, хан сайлап, аумағын айқындап, елдіктің туын тік көтерген ерте заманнан ең алдымен қастерлі қағидаға негізделген өмір сүру ережелерін бекітті, оған биік құрметтілік танытты. Керей мен Жәнібектен бастап Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Есім хан, Тәуке хан, Әбілқайыр, Абылай, Кеңесары ханға дейін ел басқарған саңлақтар сан түрлі сын қатерді бастан кешіп, қиыннан жол тапты. Сонда олардың барлығы бірдей бір арнаға бағытталған, бір мақсатты діттеген салмақты құрылымнан қуаттанып, ел билеу тізгінін қолдан шығармады. Тәртіпке бас иген елді алға бастап, баянды нәтижеге қол жеткізуге болатынын өмірлік қағидаларымен дәлелдеді.
Билер институтын дана қазақтың өзімен бірге жасап, басына бақ байырқалатқан байрақты биігі деуге болады. Бар көксегені, бар арманы – елді ел етіп, етектегіні төрге, еңістегіні өрге шығарып, намысы өр, қайраты зор халықтың қамын жеп, рухын ояту, бес саусақтың саласындай, бір ананың баласындай тату күн кешкен кемел ұрпақтың келешегіне негіз қалау еді. Елдің амандығы үшін аттың жалында, түйенің қомында күн кешсе дағы талабынан танбаған тәуекелшіл халық бір бәтуада бас біріктіріп, хан көтерген қайсар ұлын қара тұтып, ұстын қылды, соңынан ерді, қалауын тапты, қабағын қалт жібермеді. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды». Кейде сараң тұжырымның талайымен тар ойлап, келте пішіп, кемістік жіберіп алған басшы байламына араша болып, сауға сұрар сәулелі тілектің шын жанашырлары да халықтың өз арасынан шыққан кемел ойлы әділ қазылары еді. Хан біреу, халық оған тіреу болса, би, шешен, ру ақсақалдары да ел басқару жүйесінде қоғамдық маңызды рөл атқарды.
Билер бүгінгінің соты тәрізді жеке адамдар, ру, тайпа ел ішінде орын алған заңсыздықтарды зерделеп, тиісті жаза белгіледі. Билердің бірі айыпкер сынды болса, екіншісі қорғаушысы (адвокат), үшінші сол екеуінің байламын сабақтап, соңғы сөзін айтар төреші (судья) тәрізді құқыққа ие болды.

Тура биде туған жоқ
Ешкім таңдаумен, тағайындаумен би құзыретіне ие бола алмайды. Ол құдыреттің өзі қалаған пендесіне тарту етер нығметі. Би болып төрге шығып, елге жақсы-жаман, адал-харам, ауыр-кемге куәлік ететін тұлғаның, әлбетте бұқарадан ақылы артық, ілім-білімі озық, көкірегі көрік, обал-сауапқа келгенде ұстанымы берік, серттен таймайтын, анттан айнымайтын асыл сүйекті, жомарт жүректі болып келері заңдылық. Әділетке арқа сүйеген әлеуеттің заңды, жөн-жоралғыны көздің қарашығындай сақтап, қылдай қиянатқа бармауының астарында осындай билік иелерінің өз қарақан басын пенделіктен асқақ ұстап, тәкаппар тазалығынан танбаған табиғаты тұнып тұрғандай.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, әділіне келгенде туған әкесі болса да ақиқатты алға шығарып, құқықты аяққа таптап, заңмен бекемделген құндылыққа қасақана қараулық жасап немесе жазым болып жаманат келтіргенге жаза белгілеуде жеті рет пішіп, бір кесер, әділ үкімін айтар қазылардың шешімі қиыс кеткен кезі болмаған екен. «Байлауы жоқ шешеннен үндемеген есті артық» дегендей, сөзінің тұрағы жоқ, сүйсінер сияғы жоққа ол төрден орын бұйырмаған. Қара қылды қақ жарар қаранарын халық өзі шын танып, шын құрметтеген, қара тұтып, қадірлеп, соңына ерген.
Тарихи деректерге сүйенсек, Әз Жәнібек ханның алпыс, Абылай ханның сегіз биі болған деген деректер бар. Терең даналығымен дала заңдарын бекемдеген билер ақиқаттың арқауынан тас қып ұстап, жолынан жаңылмауды мұрат тұтыпты. Түп тарихымызды таразылай, тұрмыстық ерекшелігімізді, ұлттық жөн-жоба, жоралғымызды зерделей келе салт-дәстүрін сақтаған, ата жолынан аспаған, жалпыға ортақ, әлеуметке тиімді заңдар жиынтығын құрайтын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолының» әбден сараланған сақа ережелерінен іріктеліп алынған Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ хандықтарының ел басқарудағы мызғымас түпқазығы болып келді. Оның өміршең сипаттары бүгінгі заң-зәкүн жобаларына да жарық сәулесін түсіріп, ел жүрегіне орныққан оңтайлы мазмұнынан әлі ажыраған емес.
Дананы ешкім тумайды, ол елдің бағына жаратылған ерекше қабілет иесі дедік қой. Әділ билік салтанат құрған елде ауызбіршілік орнайды, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады. Қазақтың бірлігі, айрандай ұйыған ынтымағы, әрине ол елге үстемдік саясатын жүргізуді ұстанған ұлы империяға ұнаған жоқ. Хан жарлығы мен әділет әмірлігі үйлесім тапқан үлгілі жолдан таймаған тайпа да, ру да, топ та қуатынан қайтпасы, қайта ұлт тұтастығы тіктеліп, күш-қайраты беки түсетіні белгілі. Міне, қазақтың осы дәстүрінің тамырына құрт түсіріп, білдірмей мүжіп, ел бірлігінің берекесін кетіруді көздеген зорлықшыл саясат хан-сұлтандар қарауындағы ұлан-байтақ қазақ жерін ұсақ иеліктерге бөліп, болыс сайлауын өткізіп, бас-басына билік берді. «Бөліп ал да билер бер» саясаты ақыр соңында орысқа жағынып шен алып, оқа таққысы келетін жағымпаздарды көбейтіп, елде парақорлық бел алды. Атаққұмарлықтың арбауына түскендер билікке таласып, әділ қазы қауымынан қадір қашты. Ақын Абайдың ағайынның адасуға түсіп, бір-біріне жау болып, жағадан алып, арбасқан мінезін мінеп жазған « Болыс болдым, мінекей, бар малымды шығындап» деп басталатын өлеңі де осы тұста туды. Оның:
Қалың елім қазағым , қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, –
деп қабырғасы қайыса отырып жазған жыр жолдары осы қасіретті айна-қатесіз көз алдымызға әкелді.
Сұм мінез тым жұққыш әрі өлермен өміршең келеді емес. Қазақтың қанына сол кезде сіңіп, жан дүниесіне орнығып алған сол ғадет, сол қабілет әлі де әуселесінен танбай, талайды әуреге салып, салпақтатуда. Бұдан тек сананың ашықтығы, болмыстың биіктігі, адамшылықтың асқақ үлгісінен ажырамағанда ғана құтыларымыз айна-қатесіз анық. Сонда ғана нағыз демократия салтанат құрған алпауыт мемлекеттер санатынан саналар күн жақын деп сенейік.

Елдестірмек – елшіден
Кезінде ақылы асқан әділ қазыларымыз ру мен ру, тайпа мен тайпа арасын ғана емес, ел мен елдің, хандық пен хандықтың арасын жалғап, ымыраға келтірген, татулық орнатқан мәмілегерлік міндетімен де биік мінберде сөз алып, ұлттың айбарын асқақтата білген. «Елдестірмек-елшіден, жауластырмақ-жаушыдан» деген мәтел сол заманнан қалған. Бүгінгі мемлекетаралық, еларалық дипломатиялық қарым-қатынаста ол маңызын әлі де жойған емес.
Заманында Жоңғар хандығының қақпасына қаймықпай кіріп барып, қайсар талабын қоя білген Қазыбек бидің:
Сен Темір де, мен темір,
Еріткелі келгенмін.
Екі еліктің баласын,
Теліткелі келгенмін.
Егесетін ел шықса,
Иіткелі келгенмін.
Тұтқыр сары желіге,
Жабысқалы келгенмін.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Шабысқалы келгенмін.
Танымайтын жаттарға,
Танысқалы келгенмін.
Қазақ-қалмақ баласы,
Табысқалы келгенмін.
Табысуға келмесең, тұрысатын жеріңді айт
Сен қабылан, мен арыстан
Алысқалы келгенмін,–
деп халықтың атынан арызын ашық жеткізгенде дұшпан жігерін құм етіп, бейбіт келісімге қол жеткізбеп пе еді? Бүгінгі мәмілегерлерімізге, ол қандай сатыда қызмет атқармасын, осындай жүрек, алғаусыз тілек, ең бастысы жалпы адамзаттық ортақ құндылық-ізгілікке ұмтылған жанашыр ниет қажет.

Сот төрелігі:
ел сенімін ақтау
Мемлекет басшысының жыл басында халыққа арнаған Жолдауында алға басуымыздың алғышарттарын атап көрсетті.
Бүгінде барша құқықтық жаңғырулардың көшбасшысына айналып отырған мемлекеттік биліктің сот тармағы рухани жаңғыру бағдарына бет түзеді. Сот саласына дала демократиясының дара тұлғалары– Төле би, Әйтеке, Қазыбек бидің қара қылды қан жарған қасиетінің қайта түлеп, қанаттанар кезі туды.
Қазақтың заңдары мен қаулы-қарарлары өз бастауын халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен алады. Үлкенге қарсы шықпау, алдын кеспеу, ата-ананың айтқанын бұлжытпай орындау сынды қарапайым қағидаларының өзі жазылмаған заң. Сондықтан еліміздің құқықтық жүйесінің осал болуы мүмкін емес. Сот билігі әділеттің ақ жолын, тура билеріміздің ұстанымын жаңа заманға сай ұстартып, қоғам мүрдесіне қарай құрылымдауға тиіс.
Президент белгілеп беріп отырған басты қағида осы. Ол: «Жаңа тұрпатты Жаңғыруымыздың ең басты шарты-ұлттың кодын сақтай білу» деп атап көрсетті.
Сот төрелігі. Мемлекеттегі құқықтық жүйенің әділеттілігіне негіз қалайтын басты кілт осы.
Малайсары би Тана биге батасын бергенде: «Үш нәрсе: ұят,борыш,обал. Осыны ұстансаң абыройға жетесің, ұстана алмасаң кері кетесің, өз түбіңе жетесің» деген екен. Бүгінгі біздің құқық саласында қызмет атқарып жүрген тұлғаларымыздың баршасына қарата айтылған өсиет бұл.
Заң халықты қорғаса, оның құқының аяққа тапталмауына, барша асыл мұратына жетуге қызмет етсе халық та оны құрметтейді, тәбәрік тұтып, төбесіне көтереді. Халық сүйіспеншілігіне ие болған мемлекеттің әманда беделі биік.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
30 тамыз 2018 ж. 1 896 0