№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Абай тағылымы – арналы тағылым

Абай тағылымы – арналы тағылым


Абайдың өлеңдері мен қарасөздері жазылып, халыққа тарағаннан бастап-ақ Абайтану ілімінің іргетасы қаланып, ғылым ретінде дамудың жолына түсті. Ақынның 175 жылдығы Абайтану ғылымын одан ары жетілдіре түсетіні анық. Сүттіқұдық ауылдық округіндегі №52 Б.Аралбаев атындағы мектепте «Әлем таныған ұлы Абай» атты облыстық семинарда соған куә болдық.


Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен семинарға аудан әкімі Сұлтан Мақашов арнайы қатысты. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының бас маманы Мөлдір Жаукеева, білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов болды.
Алдымен қонақтар №52 мектептің дайындаған көрмесін аралап, білім ордасының рухани-мәдени бағытта атқарылған бастамаларымен танысты. Келушілерді «Мобильді кітапхана» жобасы қызықтырды.
Семинарды ашқан аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы:
– Абайдың тұлғалық болмыс-бітімі мен қасиетін, шығармашылығын зерттеген сайын тереңдігін түсінесіз, жұмбақ екенін ұғасыз. Абайтану ілімін қалыптастырған Алаш оқымыстыларынан бастап бүгінгі Абайтанушыларға дейін ақынның ойын ұғуға, сөзінің сырын ашуға көп күш жұмсалды. Абай туралы кітаптар жазылды, суреттер салынды, кинофильмдер түсірілді, сахналық қойылымдар жасалды. Қаншама эсселер жарық көрді. Конференциялар мен тойлар өтті. Осы үрдісті мектеп кітапханашылары жалғастырып отырғаны қуантты... – деді.
Одан кейін бірқатар кітапханашыны марапат биігіне шығарды. Атап айтқанда, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақниет Ерахан, облыстық білім басқармасының «Алғыс хатымен» №195 мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі Әтіркүл Мұстиярова, №53 Романов атындағы мектептің кітапхана меңгерушісі Мадина Молжанова, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» №193 мектебінің кітапхана меңгерушісі Салтанат Дәукенова, №209 мектебінің кітапхана меңгерушісі Бактыгүл Сүлейменова, №160 мектебінің кітапхана меңгерушісі Нағима Икрамова марапатталды.
Шарада Абайдың рухани мұрасын дәріптеудің мәнісі жан-жақты айтылды. Бастысы, мектеп кітапханашылары бір-бірімен тәжірибе алмасып, оқушының кітап оқуға қызығушылығын арттыру жолдарын талқылады.
Шапағат Манабаева «Абайдың ұлағаты – халық қазынасы» атты тақырыпта тәрбие сағатын ұсынса, Ғалия Нәдірбек «Оқушыларды кітап оқуға баулу жолы» –дөңгелек үстел өткізді. Ашық алаңда Асылжан Өтебаевтың модераторлығымен «Құнанбай тәлімі – Абай өмірінің тағлымы» жайында талқыланды. Бағдарламаға сәйкес өткізілген «Озық ойлы оқырман», «Білгір кітапханашы» зияткерлік сайысы жоғары деңгейде өтті.
Кітап – адамзат мәдениетінің айрықша туындысы, кез-келген елдің мәдени-рухани қоры. Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен, кітап оқыған адам озады. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Кітап оқитындар компьютерде отыратындарды басқарады» деген сөзі дәлел.
– Жаңақорған ауданында 42 мектепте орналасқан кітапханада 52 кітапханашы қызмет атқарады. Кітапхана оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Осы мамандар оқушылардың кітап оқу мәдениеті қалыптасуына еңбек сіңіруде. Бүгінде мектеп кітапханасында көркем әдебиет 112464 дана, кітап қорымыз 718265 дана оқулықпен қамтамасыз етілген. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асырып, аудандағы барлық мектеп кітапханасында «100 кітап» жобасына байланысты әртүрлі тақырыпта конференция мен семинарлар ұйымдастырылуда, – деді аудандық білім бөлімінің кітапхана әдіскері Ақниет Ераханқызы.
№52 мектептің директор Әбдіқадыр Тұрар семинарға арнайы «Мобильді кітапхана» жобасын жасақтағанын айтты.
– Оқырмандар смартфон немесе планшеттің көмегімен QR- код арқылы «Мобильді кітапхана» қосымшасында ұсынылған 110 әдеби кітаптың кез келгенін тауып, оқуға немесе жүктей алуға болады. «QR код кез келген ақпаратты цифрландыруға мүмкіндік береді. Ұялы телефоныңызда жүктелген арнайы қосымша болса жеткілікті. Бұл оқырмандар санын арттыруға ғана емес, ұялы телефонға әуестенген жастарды кітап оқуға тартатын жоба, – деді мектеп директоры.

P.S.: Абайды тану – ақиқатты, өзіңді тану деген сөз. Яғни «толық адамға» айналудың дара жолы. Ол үшін Абайды оқу керек, Абайдың рухани мұрасын зерделеу керек, Абай тағылымынан сусындау керек. Осы тұрғыда алғанда, «Әлем таныған ұлы Абай» атты облыстық семинар маңызын пайымдауға болады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
11 наурыз 2020 ж. 958 0