Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТӨЛ ТАРИХ ДЕП ТОЛҒАНАМ

ТӨЛ ТАРИХ ДЕП ТОЛҒАНАМ

«Ұлттық рух!», «Ұлттық ұстаным», «Ұлттық болмыс», «Ұлттық код». Өркениетті елдің өміршеңдігі осындай мағыналы теңеулермен ұштасып жатқаны қара халыққа дүниені дүр сілкіндіргендей жаңаша дүмпу тастады. Егемендіктің Елбасы атанған ұлт көшбасшысы бұл жолы да көрегенділігімен, сара саясаткерлігін «Ұлы Даланың 7 қыры» атты мақаласымен таныта білді. Төл тарихты тірілітіп, келешегіміздің кемел болуына үндеу тастады. Ендеше, тарихи сана оянған сәтте жолдауға қолдау жасау қажет-ақ! Осындай тұшымды тақырыпты жалпыға жария етуді мақсат өткен алқалы жиын көненің көмбесі көрініп, өткен өміріміз өрнектелген аудандық өлкетану музейінде әдіскер Құралай Дәрменнің ұйымдастыруымен орын алды.

«Тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы. Бұл – ұлы философ Мигель де Сервантестің қанатты сөзі. Расында да, өткенін білмей келешекке ұмтылған адам мақсатына жете алмасы айқын. Ал, түп тарихты тану, тегін, ұлтын, бабасын тану – өміршеңдікке бастаған бейбіт елдің бейнесі болса керек. Тарихи құнды қазыналар мен ұлттық руханият, салт-дәстүр, әдеп-ғұрып ақтарылған бұл жиынға аудан тарихшыларынан бастап, ұлағатты ұстаздар мен өскелең жастар да атсалысты. Өзіндік тың идеялары мен ізденімпаздығы, зерттеушілігімен байыпты баяндама дайындаған музей экскурсоводы Бақдәулет Тәждинов;
–Елбасы мақаласының «Ұлы Даланың 7 қыры» деп аталуы да бекер емес. Адамзат тарихында да 7 санының киесіне ерекше мән берілген. «Жеті қабат аспан мен Жер», Меккедегі «Қағбаны 7 рет айналу», Әз-Тәукенің «7 Жарғысы», «Жеті ата», «Жеті нан», аптаның «7 күні», «7 қазына» және т.б.
Осы тұста Елбасы мақаласын өз ауданымызда жаңғыртуға байланысты біршама идеялар бар.
1.Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялату, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс. Сондықтан, мектептер мен барлық ауылдық жерлерде өлкетану музейінің жанынан қосымша үйірмелер құру қажет.
2.Тарихи-археологиялық үйірмелер арқылы «Қыпшақ даласының гаваны» деп аталған, мемлекеттің сауда және саяси орталығы ғана емес, Ақ Орданың астанасы болған Сығанақ қаласы – туризмді дамытуға таптырмас шаһар. Құнды мәліметтерді қиыстырып, көне Сығанақты этнотуризмге айналдырсақ Сыр елінің ғана емес, күллі қазақтың бренді болары сөзсіз. Осы тұста біз аудандық музей мамандары құнды жәдігерлердің әрқайсысына төлқұжат дайындап, «Музеолог» бағдарламасын енгізуге атсалысудамыз, – деді. Сондай-ақ, ол «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу керектігін, оған сұранып тұрған танымал тұлғалар жетерлік екенін тілге тиек етті. Расында да, осындай озық ой мен тарихи сананы қайта жаңғыртар ұлт мұраты жолындағы ұлы істер атқарылса аудан патриотизмін арттыруға қосылған сүбелі үлес болары сөзсіз.
Хош! Тағлымды шарада айтылған тұшымды әңгіме, тарихи тұғырнама тереңірек болды. Тізбектесек таусылмайтын тәуменді тарих, өркендеуге ұмтылған өміршең елдің өткені мен бүгіні, бәрі-бәрі салихалы сөзге негізделді.
Кезекті мәрте сөз тізгіндеген жан дүниесі тарих тылсымына құштар Әлімжан Ержанов саяси мақаладағы атқа міну мәдениетінің түп қазығы жергілікті жерден бастау алғаны жөнінде сөз тарқатты. Сондай-ақ, қару-жарақ, металлургия өндіру сынды іс-әрекеттердің де түп-төркіні қазақ жері екенін тілге тиек етті. Тіптен, арнайы зерттеу барысында ескі Испиджап (қазіргі Өзгент) маңынан табылған тиындар мен темірлерді таныстыруға тереңінен тоқталды. Тиісті жерінде тарих тоғыстырған хронологияға аудандық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау маманы Ажар Ахметова, ішкі саясат бөлімінің жастар ісі жөніндегі маманы Ғабиден Шеңгелбаев, №3 мектеп-интернатының тарих пәнінің ұстазы Асқар Бекбергенов те өзінше ой қосып, жастарды ұлтжанды болуға шақырды. Ал, №3 мектеп-интернатынан арнайы ат басын бұрған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғазиза Бигентаева аталмыш білім ордасы Елбасы Жолдауын мүлтіксіз жүзеге асыруға атсалысуда екенін, «Туған жерге тағзым» арнайы патриоттық жобасы аясында оқушыларды экскурсияға апарып, тарих арқылы бала тәрбиелеуді мақсат етіп жүргенінен бағдар берді. Бір сөзбен айтқанда, аға буын мен жас ұрпақ арасында әсерлі әңгіме, салихалы сауал жолданып, тарих тізбектелді.
–Тарихыңмен мақтану – ұлы қасиет. Жаңақорғандай алтын діңгегі өшпес өнегеге толы елдің ертеңі де өміршең болуы тиіс. Елбасы мақаласын сөзбен емес, іспен жүзеге асыру – әрбір азаматтың абзал борышы деп білемін. Осы тұста, өңіріміздегі мектептерде арнайы «Өлкетану» пәні тереңдетіліп оқытылса деймін. Оның ішінде аудандағы архитектуралық ескерткіштер, қазба жұмыстары, қасиетті ныстандар мен төбелер, бөлек-бөлек таныстырылса. Тарихты тану үшін аянбай тер төгуге дайынбыз, оқушыларға әр аптаның белгілі күндері экскурсиялар ұйымдастырып, туған жерді танытқымыз келеді. Бірақ, осы орайда бізге аудандық білім бөлімі мамандарымен бірлесе жұмыс жасау керек болады. Сондықтан, осындай игі сауалды сіз болып, біз болып бірлесе атқарсақ ел ертеңіне қосқан сүбелі үлес деп білемін, – музей директоры Нәбихан Шалапов.
Иә, қазақ жылнамасында жіпке тізерліктей жетістік те, байлық та, сипа та жетерлік. Бірақ, ұлт көшбасшысы нақтылыққа терең тоқталып, «Ұлы Даланың 7 қырын» ғана сипаттады. Ал, шын мәнінде біздің Жаңақорған жерінің өзінде тарихқа тұнған төбе де, әулиелі мекен де, ежелгі астана да, мәдени ескертікштер де, тәу етер қасиетті кие де табылады. Тіптен, «Жаңақорғанның 70 қыры» деп жырлап, толағансақ та жарасады. Және осындай құндылықты терең зерттеп, зерделеп, ақиқатты ақпаратқа айналдыру жауапкершілік жүгіне жетелейді.

P.S.: Ертеңіме тарихым мен өткенімді өнеге етіп аманаттаймын деген ұлттық рухты ұлтжанды ел ағалары туған жер тарихының таңбалануына үлес қоссақ екен! Қысқасы, төл тарихым деп жүрек тулап, сүйек шымырлап, тебіренетін тұлға болсақ игі...

Ханзада ДОШАН.
26 сәуір 2019 ж. 1 148 0