№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚУҒЫН-СҮРГІН КУӘГЕРЛЕРІ

ҚУҒЫН-СҮРГІН КУӘГЕРЛЕРІ

«Алмас кездік қын түбінде жат­пайды» дегендей, шындық айтылмай қалмайды. Жазушы Адырбек Сопыбеков «Жаңақорған» атты тарихнамасында «сталиндік зұлматтан Жаңақорған топы­рағында «Халық жауы» деген жала жабылып, жапа шеккен 161 адам бүгінде ақталды. Бұлардың көпшілігінің сүйегі елден тысқары жерде қалды. Осы жылдары аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі З.Жайлыбаев, аудандық тұтынушылар одағының төрағасы Құрманов, аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі Хасанов та осы зұлматтың құрбаны болды», – деп жазады.

Жасыратыны жоқ, сол жылдары бірін-бірі көрсеткен және оны орындағандар да өз ұлтымыздың ішінен шыққан. Мәселен, Талап кеңшарының тұрғыны 1937 жылғы сталиндік жазықсыз жаппай жазалаудың куәсі 1937-1940 жылдары Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болған, аға лейтенант Әлтай Ибрагимов Манап Көкеновке берген «Жаңақорған тынысы» газетінің 1991 жылғы 16-сәуірдегі нөмірінде «Жан жарасы жадымыздан кетпейді» деген сұхбатында ағынан жарылып шындықты айтады.
«Мен Мәскеуде есепте тұрамын. Орталықтағы ішкі Төтенше комитеттен Ежовтың қолы қойылған бұйрық маған келеді. Оны орындамай көр... Мәселен, өз ақыл парасатының кемелдігімен шаруашылық басқарып келген Әби Әбдрахманов қоғамдағы кейбір шындықты көп алдында айтқаны үшін ҚІК-нің 58-бабына сәйкес, 10 жылдан үш рет қамауға алынып, үш рет ақталды. Бірақ, 30 жыл түрмеде отырып шықты», – дейді.
«Түгіскен» ауылының тұрғындары Сапар Жүнісбеков, Маханбетжан Рүстемов, «Талап» ауылының тұрғын­дары Манап Рүстемов, Әйтпенбет Ахметов, Сыздық Әбдіқадыровтар да «Жаптым жала, жақтым күйе» дегендей ауылда жүріп- ақ «халық жауы» атанды. Олардың біразы атылды.
Жергілікті саяси қызметкерлер мен қайраткерлер Садықбек Сапарбеков, Бегайдар Аралбаев, Сүлеймен Қош­қаров секілді асыл азаматтар да Лениндік ұлт саясатын жақтап, насихаттап жүріп-ақ репрессияның құрбаны болды.
Сталиндік қуғын-сүргін бет қаратпай зиялы қауымды қынадай қырды. Соның бірі әрі берегейі Ікрам Палманов еді. 1990 жылы туған зерек жас Мәскеудегі Жоғары партия мектебін бітірген. 1928-1929 жылдары Түркістан өңірінде ұжымдастыруды бастаған. 1930-1937 жылдары Жамбыл облысының Жаңатас ауданында партия комитетінің 1-ші хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданының 1-ші хатшысы қызметтерін атқарған. 1937 жылы Сарыағаш ауданы МТС директоры болып жүргенде «Халық жауы» қылмысымен ұсталды. 1938 жылы сәуірде Шымкентте атылды. Арада жиырма жыл өткенде тиісті органдар оның ісінде қылмыс құрамы болмауына байланысты толығымен ақталды. Одан Тұрғынкүл, Хайбрахман, Еркін деген балалары қалды. Ікрамның ағасы Омардың қолында өсіп, бүгінде Жаңақорғанда тұратын 87 жасқа аяқ басқан Еркін қарияның әкесі Ікрамның «Халық жауы» болатындай не қылмыс жасағандығын сұрап білдік.
– «Шешем Райханның айтуынша, оның қылмысы қуғында жүрген Мұстафа Шоқайды Сарыағаш арқылы Ізая деген немере інісімен бірге Қазақстан аумағынан өткізіп, құтқарысып жібергендігі. Сарыағаш ауданында қызмет етіп жүргенде астында жеңіл көлігі болған. Сонымен апарып, Бостандықтан әрі атпен жіберген. Айыбы осы», – дейді Еркін Палманұлы.
Кеңес дәуірінің сол кездегі солақай саясатының бір көрінісі: «Қожа мен молданы қойдай қу қамшымен!»,– деген де ұран іске асырылды. Ондағы мақсат – ел ішіндегі зиялы қауым өкілдері мен қожа, молдалар беделді адамдар ретінде алқалы отырыстарда билік айтып, дастархан басында жоғары отырған жандардан айыру арқылы халықты дінсіздендіріп, надандыққа жол ашу еді.
Еркін Палманұлына әке орнына әке болған Омар ақсақал күні кешеге дейін өмір сүрген. Бес уақыт намазын қаза етпеген. Жайылмаға атақты жылқышы болған екен. Сунақатаның 1928-1929 жылдары «Майшы ауылы» жасақталып жатқан кезде бригадир ретінде елу адамға арналған ас ауқатқа аш болса да тиіспеген. «Жайылмада 1928-1929 жылдары ашаршылық жайлады. Мақта егіп жатқан елу адамға әрқайсысына күніне бір келі бидай, 400 грамм шемішке май үлестіріп отырдым. 66 жыл ораза тұтып, 33 жылда айналып келетін екі шілдені өткіздім. Бес мезгіл намазымды қаза етпедім. Ешкімге қылдай қиянат жасаған емеспін. Бәрін де қолдан жасаған өзіміз», – деп Еркіннің құлағына күні кешеге дейін құйып отырады екен.
Ұлы далада ел-жұрт қынадай қырылды. Бүгінде аштықтан өзегі талғандар қалған тарихи орындар көп. Соның бірі ескі «Самара-Шымкент» автокөлік жолы бойындағы «Секретар төбе».
– Ел ішінде Жаңақорғанның оңтүс­тікке шыға берісіндегі жергілікті тұрғындарға «Секретар төбе» атымен мәлім биік төмпешік бар. Себебі, онда келімді кетімді қонақтарды күтіп алып, шығарып салуға қолайлы дөңес. Күні кешеге дейін халық осы дөңестің астында қуғын-сүргін құрбандықтарының атылғандары жерленгендігін біле бермеді, – дейді тарихшы Асқар Бекбергенов.
Мұны Жаңақорған мұражайының директоры Нәбихан Шалапов та растайды. Оның айтуынша, кейін еліміз егемендік алғаннан кейін сол жерде ашаршылық құрбандары бар екендігі анықталды. Таудан түскен, Арқадан келгендер сол дөңестің үстіне шығып тыныстаған сәттерінде, Сырдарияны, Жаңақорғанды, тоғайды көргенде «енді бала-шағамызбен аш болмаймыз» деп, сол жерде жантәсілім еткендерін дөңестің жанын қазып, шұңқырға тастаған. Мұсылмандық ресімін жасауға жер қазуға шамалары жетпеген.
Онда кімдер жерленгені, саны қанша, аты-жөні кімдер? Оның барлығы әлі күнге бізге белгісіз.Әзірге зерттеп жатқан ешкім жоқ. Ақсақалдардың аузындағы әңгімеге қарағанда, 1932-1937 жылдары қуғын-сүргін кезінде «үштіктің» бір уыс бидай ұрлағандарды да сонда апарып, жанын қиып, ату жазасы орындалған жер деген де пікірлер айтылады.
Қазір Жаңақорған кенті қанат жайып, жан-жаққа қарай өсіп келеді. Қалай болғанда да, сол жерге мемориалдық тақта орнатып, парк ашып, жастарымыздың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып отыратын орнына айналдыруға сұранып тұр».

P.S.: Өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр. Осы сөзді көп айтамыз. Бірақ іс жүзіне айналдыруға селсоқпыз. Енжармыз. Ең болмағанда Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында кешенді жоспарлы шаралар өткізе алмай жүрміз.Егер ХХ – ғасырдың қасіреттерінің тағлымын бүгінгі буынның бойына сіңіре алғанымызда ысырапшылдыққа негізделген даңғаза дағдымыз сап тиылар еді.

Ескендір ЕРТАЙ.
01 маусым 2019 ж. 1 206 0