Қорқақтар батырлардан көп
Бауыржан Момышұлының әңгімесі
Баукеңнің үйіндеміз. Үстіне қазақтың оқалы көк-мақпал шапанын киген батыр ағамыз жайланып отырып, ұзындығы кере қарыс ақ мүштігін аузына жақындатты да, темекі түтінін бұрқыратып, сөзін одан әрі жалғады. Біз отырған бөлмеге полковниктің жұбайы Ғайникамал Бекбайқызы Баубекова кірді. Баукең жұбайын Кәмаш деп атап кеткен. Сұңғақ бойлы, аққұба өңді, кескін-келбеті әдемі кісі. Баукеңмен ең алғаш артистер бригадасымен майданға концерт беруге барғанда 1942 жылы он сегіз жасында танысады. Москва консерваториясын бітірген соң Алматыда актриса болып істеген. Кәмаш тік тұрып қиылып, Баукеңе бірнәрсе айтайын деп айта алмай тұрғандай. Әсте ол Баукеңнің сөзін біреудің бөлгенін жақтырмайтынын жақсы білсе керек, үндемей қайта шығып кетті. Баукең соғыс, әскери қызмет, офицер міндеті, жауынгердің ерлігі хақында айтқанда бос сөз, бояма дерек қоспады.
Болғанын болғандай, көргенін қаз қалпында көз алдыңа мыстан мүсін құя салғандай етіп, нақтап көкейге қондыра айтады. Сол шақта тыңдай біліп, құйып алатындай құйма құлағың, шыдай алатын төзімің болсын.
– Естеріңде болсын, – деді ол, қарсы алдындағы Мекемтас Мырзахметов (ғылым кандидаты) екеумізге қарап, – соғыстың аты соғыс, онда қорқақ та, батыр да тез танылады. Мен психологпын, «алып кел» мен «айдап келдің» командирі емеспін. Сондықтан солдаттың батылдық, ептілік қасиетін, айтқанды екі етпейтін адалдығын, ар-ожданын, неден болса да тайынбайтын ерлігін тез сеземін. Соғыста өлмейтін, өлімге бетпе-бет келсе де жеңіп шығатын ақын Қасымша айтсақ, «Солдаттың етігіндей жаны сірі» жауынгерлер болады. Бір мысал айтайын.
– Мен жас полковникпін, полктерді аралап жүрмін. Орман шетіндегі түйетайлылау жылғадан өтем дегенде, машинаның артқы дөңгелектері айналмай тұрып қалды. Мен түсіп алға қарасам, бір рота бізге қарай шеру тартып келе жатыр. Аяқ алыстары жақсы екен. Соны күттім. Жаныма жақындағанда, рота командирі: «Смирно!» деп айқайлап, саптағылардың бәрінің беттерін маған қаратты.
Менің назарымды аударған – өтіп бара жатқан лектегі бір жауынгердің оң көкірек тұсындағы кереқарыс қызыл белгілер болды. Сол жауынгерді шақыртып алып: – Әй, мынауың не? – дедім әлгі қызыл белгіні көрсетіп.
– Тән жарақаты ғой әншейін, жаным сау, тамақтан қалғаным жоқ, – деді ол.
– Мынауың рас болса, «әншейін» емес, көп мыжымай тұр, – дедім мен оған қатуланып.
Оған өз ротасына кетуге рұқсат еттім. Кешкісін блиндажға қайта шақыртып сөйлестім. Соғыста бұл сирек кездеседі. Бір бойында он алты жарақаты бар. Оның алтауы ауыр. Сонда да «жаным сау» деп қақсап тұр. Дәрігерлерге тексертіп көріп ем, бәрі де рас болды. Әлгі жауынгерге:
– Өліммен он алты рет белдескен екенсің, мен сені он жетінші рет, өлімге жібере алмаймын.
Бір жауынгер сендей-ақ шайқассын, – дедім.
– Жолдас полковник, – деді ол тілін орысшаға келтіре алмай бұрып.
– Айта бер, – дедім мен.
– Менің өлімнен қорықпайтын әдетім бар. Соғыста қорқақтар тез өледі. Мен өлмеймін. адай Сүйінғара батырдың тұқымымын. Алғы шепке жіберіңіз. Соғыста жүріп соғыспау, мен үшін қайта сол өлім, «ерді намыс өлтіреді» деген, деп жік-жапар болды әлгі.
Маған оның батылдығы ұнап, үндемей қалдым.
Ол біздің дивизияда біраз болды. Соғыста бүркіттей өжет, намысы күшті, тәуекелшіл солдат болады. Ол дұшпанның қаптаған қалың қолын көрмейді, оқ ысқырығын естімейді. Тек қолындағы қаруына мықты боп жауды жайрата береді. Атыраулық азамат Әжігерей туралы әңгімесін кең көсіліп айтып келе жатты. Екеуміз де аса сақтықпен одан көзімізді алмай тыңдап отырмыз.
Содан кейін:
– Енді, осыған керісінше бір оқиғаны айтайын, – ол да қажет болар сендерге, – деді.
– Лядова қыстағы үшін қырқыса соғыстық. Генерал Чистяковтың өзі жағдайды әлсін-әлі біліп тұрды. Бір қадам да шегінбедік, адамымыз азайып барады. Сол кезде дивизияға резервтегі бір батальон келді. Жігіттер мықты екен, бәрінің де көздері жайнап тұр. He тапсырсаң да орындауға әзір. Бұларды оң қанаттан шабуылға қосатын болдым.
– Жолдас полковник, сізге біреу жолыққысы келеді, – деді осы сәтте комиссарым.
– Кешкісін келсін, – дедім. Қойын дәптеріме «Батыр бір өледі, қорқақ мың өледі» деген сөзді жазып отыр едім. Еңгезердей біреу кіріп келді блиндажыма. Екі беті қып-қызыл, тырсиып тұр.
Адьютантым Синченкоға – аспазым Жанды шақыр дедім. Ол Файзиев деген өзбек жігіті, Алматыда армияға алынарда таңдап алған адамым еді. Соған тамақ әкел мынаған, – дедім. Ол жүгіріп тамақ әкелді.
Әлгі қомағай екен, тамақты көп жеді, одан кейін шайды да жетерліктей ішті. Тамақ ішіп болған соң, не айтасың, – дедім.
Ол:
– Аға, мен сіздің немере туысыңыз Әбдірәсілмен қиын жағдайда бірге болдым. Ол сізге «көрсең сәлем айт, барып жо- лық» деді.
Осынысы ұнамай, мен қысқарта сөйле, – дедім.
– Асханада кезек күтіп көп тұрамыз, әзер-әзер жеткенде бір ожау сұйық көже құяды. Ол не болады біздерге, ас та болмайды, бойға да жұқпайды. Соны ретке келтіріп, тамағымызды тойғызуға себепкер болсаңыз. Мені сол асхананың айналасына от жағып, отын жаруға орналастырсаңыз, тіпті тәуір болар еді. Ең болмаса тамағым тоқ боп жүреді ғой.
Менің түсім бұзылып кетті. Синченконы қайыра шақырып алдым.
Мынаны батальон командиріне тапсыр, дереу алғы шептің ең қиын жеріне жіберсін, ет, қазы-қарта – бәрі содан табылады. Бұл онда соғыс тамағына тоятын болады, – дедім.
Енді әлгінің өзіне қарап:
– Соғыста туысқандық, жерлестік деген болмайды. Мен дивизия командирімін. Маған дивизиядағы он сегіз мың жауынгердің бәрі бірдей. Бәрі өз туысымдай, сен біздің халықтан шыққан надан екенсің, – дедім.
Ол үн қатпастан сұп-сұр болып кетті. Мен де оған үн қатқан жоқпын. Қиян-қырғын соғыста қорқақтар батырлардан көп болады. Ертеңіне кешкісін Синченко маған: – Кеше сізге келген жауынгер алғы шепте оққа ұшты, – деді.
– Соғыста кім өлмейді, обалы неміс фашизміне, ол өлімге өзін-өзі айдап келді, – дедім мен оған.
Баукең аз үзілістен кейін: – Мен өз өмірімнің жиырма бес жылын армия қатарында өткіздім.
Солдаттармен бір шинельдің астында ұйықтап, олармен бір ыдыстан ас ішкен адаммын. Зуылдаған оқ ішінде, арпалысқа толы жағдайда жүріп кімнің кім екенін, өмірдің не екенін, ерліктің не екенін жақсырақ түсінген адаммын. Сондықтан мен өзім «Ақсайдың алаңғасар құлиы» (өзінің руын айтып отыр) бола тұрсам да, шындықты, шындық болғанда боямасыз шындықты бетке айтқанды ұнатамын, – деп Баукең әңгімесін аяқтады.
Нәбиден ӘБУТӘЛИЕВ,
жазушы