№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мәншүктің мәлім болмаған мінезі

Мәншүктің мәлім болмаған мінезі


Ұлы Отан соғысы жылдарында қасқалдақтай қаны қалғанша қасқайып жауға қарсы тұрған қайсар батырларымыз қисапсыз. Батыр дегенде көзімізге елестейтін нар тұлғалы, шымыр денелі ерлермен қатар, сол сұрапыл соғысқа жаны нәзік, қаны батыл қыздарымыз да қатысқанын бәріміз білеміз. «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз» деп арнайы өтініш жазып соғысқа сұранған Мәншүк Мәметованың бойды шымырлатар осы бір сөздері де тарихтан мәлім. Батыр қыздың өмір жолы туралы өткен жылғы жазбаларда айтылған еді. Ал оның әскери тілші болғанын, әншілігімен танылғанын екінің бірі біле бермесе керек. Мәншүк Мәметова Оралда туылғанымен, балалық шағы Алматыда өтті. Балауса балғын Мәншүкті құрбылары жұмсақ та жайдар мінезі, көңілді күлкісі, салмақтылығы, оқудағы табандылығы үшін аса жақсы көрді. Тұлымшағы желбіреген бала күнінен әнге құмар боп өсті. Бұлбұлша сайрап отырып әдемі өрнектер кестелегенді жаны сүйді.

Мектеп бітірген соң медициналық рабфакқа, сосын институтқа түсті. Сол жылдары Халық комиссарында хатшылық қызмет атқарды. Бейбіт күн аяқталып, сұм соғыс басталған жылдары Мәншүктің қолы қызметте болғанымен, бар ойы соғысқа баруда болды. Медбикелік курсқа жазылып, қан майданда жан алысып-жан беріскендердің ортасына түсу үшін, өз еліне деген сүйіспешілігін іспен дәлелдеу үшін қолынан келгенінің бәрін істеп, пулеметші болам деген арманына да жетті. Соғыс жылдарында Мәншүк Мәметованы небары төрт рет көрген Әзілхан Нұршайықов көп естелік қалдырып, таптырмас ақпаратқа қанықтырып кеткен еді. Әскери киімді әнші қыз. «Мәншүк арқасында келе жатқан автоматын сырғытып алдына шығарды. Домбыра пернесін қуалаған сияқтанып, стволдың сағағын нәзік саусақатырының ұшымен жып-жып еткізіп, басып-басып қойды. Содан соң оң қолының саусақтарын сәнмен тарбита ұстап, сәл бөгелді де, автоматтың ағаш дүмін қағып-қағып жіберді. Мәншүктің қазақтың атақты әншілерінің осы бір кербез қылығын есімізге түсірген бұл ерке қимылына бәріміз мәз бола күлдік. Ол өзінің нәзік, сонымен бірге асқақ әуенімен «Қара торғайды» бастады. Алғашында жігіттер оған үн қосудың орнына сілтідей тынып, тыңдап қалды.
Ке-ле-ді қа-ра тоо-ор-ғай қа-нат қа-ғып,
Ас-ты-на қа-на-ты-ның а-а-ай маржан та-ғып а...а...ау.
Мәншүк осылай деп ән бастағанда жабығып тұрған жасыл орманға жан біткендей болды. Орманның бар әсемдігі елең етіп, жас жапырақтар жабыла алақан соғып жіберген тәрізденді. Орман ғана емес, өзіміздің де кезерген ерндерімізге күлкі жүгірді. Әлдене жүректі шымшып, қос көзге бір ыстық леп ұрғанға ұқсады. Көз алдымызға қызғалдағы жайқалған кең дала елестеді. Кішкентай қанаттары жалп-жалп етіп, бізге қарай қаннен қаперсіз қара торғайлар қаптап ұшып келе жатты. Қара торғайлардың ар жағынан туған ауылдың түтіні будақтап, бізді өзіне шақырып, күтіп тұрған тәрізденді. Бұл біздің соғысқа келгелі қазақ қызының аузынан естіген тұңғыш әніміз еді. Оның үстіне жасынан әнді сүйіп өскен Мәншүк мектепте, рабфакта оқығанда үнемі хор үйірмесін басқарыпты. Мәншүктің әншілігіне біздің ел әнін салғанымыз қосылып, қыздың дірілдете шырқаған үні біздің жүрегіміздің барлық қылын қозғап, оның неше алуан иірім, ырғақтарын ұйқыдан оятып, лепіртіп, асқақтатып, шалқытып жіберген сияқтанды».
Ең белсенді әскери тілші. «1943 жылы 5 майда бригадамыз Ступино биігінің түбінде қорғаныста тұрған кезде, Шадинино дейтін деревняда өткен бригада газеті әскери тілшілері мен үгітшілердің баспасөз күніне арналған мәжілісінің президиуымында Мәншүкпен қатар отырдым. Тілшілер жиналысын подполковник Сақтаған Бәйішев ашып, бригада газетінің редакторы майор Қасым Шәріпов баяндама жасады. Жиналыста әр бөлімнен газетке үздіксіз хабар жазып тұратын ең белсенді әскери тілшілер мен үгітшілерге алғыс жарияланды. Алғыс алғандардың ішінде пулемет батальонынан Мәншүк, артиллерия дивизионынан мен болдым. Жиналыстың соңынан бірнеше жауынгер Мәншүкті ортамызға алып, оны батальонына дейін шығарып салдық».
Жеңістің анасы. «...Бәріміз қатарласып тағы да ілгері аяңдадық. Осы кезде Қазихан қызға оқыс сұрақ қойды. – Мәншүк, сен жалғызсың, жігіттер көп қой. Олар қинамай ма сені? – деді. Бұл сұрақты орынсыз көрген өзгеміз үн-түнсіз қалдық. Осыны аңғарған жауынгер сөзін әрі қарай жалғады. – Сен маған ренжіме, бұл бір сыр ғой әншейін. Мәншүк аяғын үн-түнсіз үш-төрт аттап басты да, басын көтерді. – Жігіттер әртүрлі ғой, - деді содан соң. Қызды көрсе қызыл көрген қарғадай шоқаңдап шыға келетіні де бар. Қызды қарындасым деп, әрдайым қорған болуға тырысатындар да жоқ емес. Бірақ мені Алматының алма бағында пісіп тұрған қызыл апорттай көріп, үзіп алып, күйсете шайнаймын деген жігіттің тісі сынады. Жұтамын деген жұта алмай қақалып өледі. Ал бір түйірімді жұтқан жігіттің ішін тесіп шығамын мен! – Мәншүк ернін тістелеп тоқталып қалды. Содан кейін жігерлене қайтадан үн қатты. – Соғыс екен деп мен ешкімге өзімді тәлкекке бермеймін. Халқымның ежелгі дәстүрі бойынша өзіме бұйырған жігітке пәк күйімде қосыламын! Ал менің сүйген, серттескен жігітім жоқ. Соғыс біткен күні қайсың маған қол созсаң, мен соның адал жары боламын. Пәк жалынды жанымды жауды жеңген солдатқа арнаймын... Осы кезде бұрқ етіп менің көзіме жас келді. «Айналайын, қарындасым, қандай асыл қыз едің?!» - дедім ішімнен. Мәншүк екі беті алмадай қызарып, қатты толқып, тоқталып қалды да, қайтадан сөзін жалғады. – Әр әйел артына ұрпақ қалдыру үшін дүниеге келеді, - деді ол содан соң. – Ал мен олай-бұлай болып кетсем де, ұрпақсыз қалмаймын. Мен жеңістің анасы боламын. Жеңіспен ілесе, Жеңісхан, Жеңісбек, Жеңісгүл, Жеңісжан, Жеңіснұр атты талай бала дүниеге келеді. Мен солардың шешесі боламын, солардың сәбилерінің әжесіне айналамын! Ал оған дейін тәніме сезімнің найзасы тигенше, жүрегіме кірт етіп келіп ыстық қорғасын қадалсын! Антым осы, сертім сол менің! Мен майданға сүйісу үшін емес, соғысу үшін келгенмін!» Мәншүк Мәметованың қаза болуы турасында 100-бригада ардагерлерінің бірі, қазір Шымкент қаласында тұратын Жұмахмет Дәуітов ақсақал: «Невель мен Великие Луки аралығындағы теміржолды жаудан тазарту керек болды. Станса маңында екі жақ та қатты шайқасты. Автоматшылар ротасындағы Мәншүк вокзал маңындағы шайқаста өзі жараланса да, ауыр жараланған бөлімше командирін алып шықпақшы болды. Бұл менің көз алдымда, 200-300 метр жерде болған оқиға. Амал қанша, қазақтың қарапайым қызы Мәншүктің қазасы қабырғамызды қайыстырғанымен, соғыс тағдыры өз дегенін істетті»,- деп еске алады. Әрбір қазақ қызының он саусағынан өнер тамған, көмейіне құс ұялаған. Қай-қайсысының да сөз маржанымен кесте тігіп, ой өрнегін ақ қағазға таңбалай білетін қасиеттері ешкімге таңсық емес. Ал батыр аруымыздың қысылтаяң кезеңде барлығынан абыройын жоғары қойып, «жеңіс анасымын» деген ұранды сөздері соған сай әрекеті бүгінгі бейбіт бойжеткендерге үлкен үлгі, өрелі өнеге болып қалды.

05 мамыр 2018 ж. 1 722 0