№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҮЙДЕГІ ҰРЫС: БАЛА БАҚЫТЫНА БАЛТА ШАБАДЫ

ҮЙДЕГІ ҰРЫС: БАЛА БАҚЫТЫНА БАЛТА ШАБАДЫ



"Өзімді жындыханада тұрғандай сезінемін"

Қолындағы алты айлық баласымен қайда барып паналарын білмей, мешіт жағалап жүрген Әлияны сол жерде кездескен әйелдер "Аналар үйіне" баруға кеңес берген.
Әлия – төрт баланың анасы. Жасы 33-те. Күйеуінің ұрып-соққанына 11 жыл бойы төзіп келіпті. Ақыры шыдамы таусылып, кетуді ұйғарған. Есейіп қалған үш қызын әке-шешесінің жанына ауылға апарып тастайды. Бірақ әлі де күйеуімен татуласуды ойлайды. Сондықтан емізулі баласымен Алматыға қайтып келіпті. Бар ойы төрт баласын әкесінен айырмау, ауылдағы ата-анасын жерге қаратпау. Ал күйеуі болса төрт баласымен барар жері жоқ, көше кезіп кеткен әйелінің халін білуді ойламаған күйеуі бірде-бір рет хабарласпаған. Оған Әлия таң қалмайды.
– Осы он бір жылдың ішінде таяқтан шаршағаннан бірнеше рет кетіп қалдым. Ешқашан хабарласып, жағдайымызды білген емес. Кешірім сұраған да емес. Сонда да келін болып аттаған босағамды қимай, өзім қайтып келіп жүрдім, – дейді.
Әлияның күйеуінен таяқ жемеген күндері саусақпен санарлық. Қолына түскен затпен ұрады, жазатайым қылып алармын деп ойламастан, тіпті үйдегі көтеруге келетін ауыр жиһаздарды лақтырады. Талай соққыдан соң денесі көкала қойдай, басын көтере алмай жатып қалған кездерінде де аузынан Алласын тастамайтын қосағы аяушылық танытпапты.
– Маған үнемі қол көтеріп, соққыға жығуды әдетке айналдырып алғаны соншалық, тіпті мәселенің ақ-қарасын ажыратып жатпайды. Үйде емес, жындыханада тұрып жатқандай сезінемін. Ерлі-зайыпты болып, шүйіркелесіп сөйлескен емеспіз. Дін жолында жүрген адамның осындай хайуани әрекетке не үшін баратынын түсіне алмадым. Иманды адам болса, қайта басқаларға қарағанда отбасының қадірін жақсы білуі керек қой. Аузына келгенін айтады. Барған жерінде уағыз айтып жүретін оның өз отбасында ойына келгенін істейтінін білсеңіздер ғой? Менің ойымша, ол ақша мен дүние қызығына түсіп кеткен секілді, – дейді жан жолдасының жуан жұдырығының азабын кешкен Әлия.
Күйеуі – медреседе ұстаз. Жақында отбасындағы осы теріс қылығы әшкере болып, жұмыстан шығып қалған. Үй ішіндегі мәселені елге жария еттің, соның салдарынан қызметімнен айрылдым деп Әлияны кінәлайды.

Әйелін сығанға "айналдырған" күйеу

Әлия күйеуінің қанша табыс табатынынан бейхабар. Айына бір-екі рет күйеуінің берген 10-15 мың теңгесін азық-түлікке, балаларының киіміне жұмсайды. Жеке басына қарауға мүмкіндік те, қаражат та жоқ. Соны біле тұра күйеуі әйелінің сырт келбетіне көңілі толмай, сыған әйелге ұқсайсың деп әжуалайды.– Бес уақыт намазымды қаза қылмаймын. Отбасымда тыныштық болса екен деп тілеймін. Үйдегі жанжал, төбелестің шығуына көбіне күйеуімнің екі әпкесі себепші болады. Екеуі де күйеулерінен ажырасып, қайтып келген. Жұмыс істемейді. Күйеуім соларды тыңдап, келе сала мені ұрады. Тіпті себебін сұрамайды. Кейде қайын апаларымды сабаған кездері болды. Қолымда енем болғанмен, ешуақытта араша түскен емес. Ал, отбасымызбен бөлек тұруға күйеуім келісім бермейді, – деді Әлия.

"Қыздарым әкесін жек көреді"

Анасының жиі таяққа жығылып жататынын көретін қыздары әкесін жек көріп кеткен. Олар үнемі анасына үйден кеткілері келетінін айтады.
– Мені күйеуім сабап жатқанда қыздарым бір бұрышқа тығылып тұрады. Көздеріндегі қорқынышты айтып жеткізу мүмкін емес. Қыздарым өскенде қатігез бола ма деп қорқамын. Үлкен қызымның жасы онда. Екіншісі – тоғыз жасар, үшіншісі үштен асты. Кіші қызым – алты айлық, міне. Осылардың болашағына алаңдаймын. Қатты таяқ жеген күндері апталап үйден шыға алмай, бетімді жауып жүремін. Қыздарым үнемі үйден кетейік дейді. Үйге күйеуім екі-үш күндеп келмей қалады. Сонда қыздарым оны іздеген емес. Ал мен іштей аман жүрсе екен деп тілеймін, – дейді кеудесіне тығылған өксігін баса алмаған Әлия.Күйеуі балаларына көңіл бөліп, әкелік міндетін атқармаған. Қыздарына қажетті киімдерін сатып алуға мүмкіндіктері ешқашан болмаған.
– Қыздарым мектептен келгенде сыныптастарының жақсы киініп жүретінін айтады, олардың әкелерімен үнемі бірге қыдыратынын естіп, солай болғанын қалайды. Олар менен үнемі не себепті әкесінің өздерімен бірге уақыт өткізуден қашатынын сұрайды. Мен не деп жауап берерімді білмеймін, – дейді Әлия.

Қорлықпен өмір сүргенше, құрбан болуды қалаған

Бірде кезекті жанжал үстінде Әлия өмірмен қоштасқысы келіп, арт жақта отырған үш қызына қарамастан, жүріп келе жатқан көліктен секіріп те кеткен. Оның бұл қадамға баруына күйеуінің көлік жүргізіп келе жатып, ұруы себеп болған.
– Мен еш ойланбастан, осы қорлыққа шыдағанша өлейін деп секіріп кеттім. Ол сол мезетте көлікті тоқтатып, қайта отырғызып алды. Денемнің сау жері қалмады. Сөйтсем артымызда келе жатқан көлік иесі құқық қорғау орнына хабар беріпті.
Оларды жол полициясы қызметкерлері тоқтатып, арыз түскенін айтады. Әлия үстіндегі жыртылған киім мен қан сорғалаған денесіне қарамастан, ондай жағдай болмағанын айтып, өз еркімен арыз беруден бас тартқан. Тіпті медициналық көмекке де жүгінбеген.

Оған деген сезімім таяқтың астында қалды

Әлия 23 жасында құрбысы таныстырған жігітке күйеуге шыққан. Құрбысы суретін көрсеткен соң, кездесуге келісім береді. Күйеуін екінші рет құда түсу рәсімінен соң өткен тойда көріпті. Діни адамдар үшін қалыпты жағдай, көбі отбасын осылай құрады дейді ол.
– Арамызда алғашқы кезде бір сезім болған шығар. Бірақ қазір оның жұрнағы да қалмады. Мен оның басқа әйелді жақсы көретінін сеземін. Алайда сұрағыма ешқашан нақты жауап берген емес. Менің оған деген сезімім денеме тиген таяқтың астында көміліп қалды. Шынымды айтсам, ерлі-зайыпты сияқты тұрған емеспіз, – деген Әлия тату-тәтті тұратын отбасыларға қызыға қарайды.
Ол күйеуінің өзіне деген сүйіспеншілігіне, мейірілене қараған көзқарасына, махаббатына зәру. Әйел бақытына бөлене алмаса да, үйінде балалары әкелік мейірімге бөленіп, олардың шаттыққа толы күлкісін естіп жүрсе деп армандайды. Дәл осы себептен ол әлі де болса, шаңырағын шайқалтпау үшін күйеуімен татуласу ойында бар.

Бір ғана адам кінәлі болмайды

Ер азамат отбасы үшін жауапты адам. Үйдегі тәрбие ер адамның өзінен басталады. Дін қызметкерлері қазіргі уақытта исламның атын жамылып, киімін киіп, "сырты бүтін, іші түтін" адамдардың бары ақиқат дейді.

Ақсай мешітінің наиб-имамы Нұрболат Қалдарбеков / Фото informburo.kz


Ақсай мешітінің наиб-имамы Нұрболат Қалдарбеков отбасында қандай жағдай болмасын, сабыр сақтаған жөн екенін айтады.
– Ер азамат жұбайына, балаларына үлгі болғысы келсе, алдымен өзін түзеуі керек. Егер әйелінің кемшілігін көрсе, оның жақсы істерін еске алып, кешіріммен қараса, қайта жақсы көріп кетеді. Кемшіліктері үшін жек көріп кету күнә. Ал еркектің әйеліне зорлық көрсетуі неден басталады? Соған үңіле қарасақ, кінә бір жақтан болмайды. Көбіне әйел адам сабыр сақтамай, жанжалға ілікті өзі табатыны анық. Ондай жағдайда еркек сабыр сақтап, мәселені анықтап, шешімін тапқаны дұрыс, қол жұмсамау керек.
Бұл мәселеге қатысты шариғатта белгілеп қойған шарттары бар. Бірінші, насихат, уағыз айту. Екінші, төсек қатынасын біраз уақытқа тию. Ол да – тәрбиенің бір түрі. Әйел ренжігеніңізді біліп, кешірімге келу керек. Ал кішкене қол тигізу арқылы еркек өзінің наразылығын білдіреді. Бірақ ол – көкала қойдай қылып сабау дегенді білдірмейді. Әйел адам түсініп, өзі бір тоқтамға келуі тиіс. Өйткені әйел адам көбіне тілінен табатыны білеміз.
Жалпы "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының" пәтуә бөлімі бар. Сол жерге жұбайымен барып, кез-келген сұрақтың жауабын алуға болады. Үкім шығаратын да сол кісілер, – дейді наиб-имам.

Отбасындағы жанжал қатігез ұрпақты тәрбиелеуде

Психолог мамандар жанұяда әйелдің зорлық-зомбылыққа шыдап жүре беруінің себебін ата-анадан алған тәрбиемен байланыстырады. Өйткені қазақтар қыз баланы күйеуге "еті сендердікі, сүйегі біздікі" деп береді. Отбасында жанжалдың орын алғанына тек әйел адамды кінәлайды. Ал әйел адам таныстары мен туған-туыстары біліп қалмау үшін соның бәрін жасыруға тырысады.
Психологтардың айтуынша, балаларының көзінше анасын ұрып-соғу арқылы әке болашақ қатігез ұрпақ тәрбиелеп жатады. Соны өздері түсінбейді. Психоаналитик Зүбайда Кененбаева жанұядағы ұрып-соғудың салдарынан балалардың 90 пайызы стокгольм синдромына шалдығады дейді.
– Егер еркек әйелге үш реттен артық қол көтерсе, әйелдің бойында қорқыныш пайда болады. Ал қорқыныш – аналық өзін қорғау түйсігін (инстинкт) жояды. Балаға қорғану қабілеті анасынан дариды. Өзін қорғай алмаған анасын көрген балада патологиялық қорқыныш пайда болады. Үйінде аяушылық сезімнің не екенін сезінбей өседі. Кейін ол баланың өзі басқа ортада қатігездік танытады, – дейді Зүбайда Кененбаева.

Отбасындағы жанжал салдарынан мейірімсіз ұрпақ өседі / Фото pixabay.com сайтынан алынды


Қазіргі жастардың қатігез болып қалыптасуына отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылық ең бірінші әсер етеді дейді мамандар. Өйткені қыз бала анасының, ұл бала әкесінің өмірін қайталайды деген тұжырым бекер жасалмаған.
Отбасындағы жанжалды сол үйдің ішкі мәселесі деп қарамау керек. Сол зорлық-зомбылық салдарынан адам құрбан болған кезде ғана талқылай бастамау керек, ол әркез қоғам назарында болса ғана бұл кесапаттан арыламыз. Бұл психологтардың пікірі.

Отбасындағы зорлықтың құрбандары да стокгольм синдромына шалдығады

Стокгольм синдромы (англ. Stockholm Syndrome) – психология саласында өте танымал термин. Жәбірленуші өзіне көрсеткен зорлық-зомбылық салдарынан қатты есеңгіреп жәбірлеушіні қорғап, оның іс-әрекеттерін ақтай бастайды. Соңында өзін жәбірлеушімен бірдей санап, ортақ мақсатқа жету үшін өзін құрбандыққа шалу дұрыс деп есептейді. Тұрмыстық стокгольм синдромы – стокгольм синдромының ең көп тараған түріне жатады.

Дағдарыс орталықтары толыққанды көмек бере алмай отыр

Статистикалық мәліметке сүйенсек, дағдарыс орталығының 150 номерлі ұлттық сенім телефонына күніне 25-45 жас аралығындағы 20-22 әйел хабарласады екен. Оларға дағдарыс орталықтары тегін заңдық-психологиялық тұрғыдан кеңес бергенімен, баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндіктері жоқ. Өйткені Қазақстанда 28 дағдарыс орталығы болса, оның 17-і ғана баспанамен қамтылған
– Біз тек тегін кеңес берумен шұғылданамыз. Үйінен қуып жіберген әйелдерді балаларымен орналастыратын арнайы баспана жоқ. Қандай жерге барып орналасуға болатынын айтып, бағыт-бағдар береміз. Мысалы, "Аналар үйі" 30 жасқа дейінгі аналарды қабылдайды. Ал балалар үйінде тәрбиеленген қыздар болса, бір жарым жасқа дейінгі балаларымен 34 жасқа дейін қабылдай береді, – дейді ұлттық сенім телефонының кеңес беруші психологы Салтанат Маусеитова.
Ұлттық сенім телефонына 2016 жылы он мыңға жуық адам хабарласса, оның жартысынан көбі – әйелдер. Өз бойындағы қорқынышты жеңген әйелдер ғана хабарласады. Ал күйеуінен көрген әлімжеттікті жасырып, оны айтуға батылы жетпейтін шалғай ауылдарда тұратын әйелдердің әлдеқайда көп.

Бізде солай, шетелде қалай?

Қазақстанда "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" Заң 2009 жылы 4 желтоқсанда қабылданды. Заңға сәйкес, әйелін соққан еркектерді әкімшілік жауапкершілікке тарту немесе 15 күнге абақтыға қамау қарастырылған. БҰҰ-ның Әйелдер Қоры таратқан дерегі бойынша, Қазақстанда өз отбасында зорлық-зомбылық көріп, қаза болған әйелдердің саны бір жыл ішінде 500-ге жетеді екен.
Қай елде болмасын отбасылық проблемалар қоғам үшін маңызды. Сүйіп қосылған екі жас бір-екі жылдан соң бір-бірімен бітіспес жауға айналып шыға келеді. Мәселен, АҚШ-та күйеуінен зәбір көрген әйел арнайы дағдарыс орталықтарына хабарласып, заң бойынша тиеселі федералдық көмегін алады екен. Жәбірленушіні уақытша баспанамен қамтамасыз етіп, азық-түлік алуға талон беріледі.
Польша мен Словакияда отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстық іс ретінде қаралады. Ал Германияда әйел арыз түсірген соң, күйеуін тыңдамастан, бір ғана куәгердің сөзімен жәбірлеушіні жазалау туралы біржақты шешім шығара береді. Дамыған елдер қатарынан орын алатын Франция әлеуметанушылары да француз жанұяларында жанжал жиі орын алатынын алға тартқан. Олар жүргізген сауалнама негізінде, француз әйелдерінің 10 пайызы бір рет болсын күйеулерінің өздеріне қол көтергенін растаған.
(ИНФОРМ БЮРО ЖАҢАЛЫҚТАРЫНАН АЛЫНДЫ)
14 наурыз 2020 ж. 1 064 0