№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АСҚАЗАН АУРУЫ – АСТАН

АСҚАЗАН АУРУЫ – АСТАН

   Жаңақорған ауданында қан қысымы мен қуық ауруынан кейін асқазан ауруы тұр. Оның себебін әркім әртүрлі топшылайды. Сондықтан арнайы мамандарға жолығып, мән-жайды білдік.

  Алдымен деректерге тоқталсақ, елдегі әрбір үшінші тұрғын асқазан ауруынан зардап шегеді. Мамандар дұрыс тамақтанбаудың салдары ересек адамдарда ғана емес, жасөспірімдер мен жастар арасында да үдегенін айтуда. Мәселен, 100 адамға шаққанда 15-тен астам жас пен 30-дан астам жасөспірім ас қорыту жүйесінің бұзылуынан зардап шегеді.
Асқазан ауруының алдын алу белгілері қандай? Осы жөнінде маман кеңесін сұрадық.
– Өңеш пен он екі елі ішек аралығына орналасқан ас қорыту органының қызметінің бұзылуы асқазан аурулары қатарына жатады. Оның ішінде, асқазанның қабынуы, асқазан жарасы, асқазан рагы жиі кездеседі. Асқазан ауруы негізінен жедел қабыну жақпайтын дәрілерден, арақ-шараптан, шәй, кофені қою ішуден, тамақты өте ыстық немесе суық етіп жеуден және бұзылған тағамнан уланудан пайда болады. Белгілері – науқастың жоғарғы құрсақ тұсы жайсызданып, жүректің айнуы, құсу және іш өту байқалады. Ауруды гастродуоденофиброскоп деген құрылғымен анықтайды, – дейді жалпы тәжірибелі дәрігер Махаббат Ысқақова.
Оның сөзінше, асқазан ауруына шалдыққан адам режимді сақтап, асқазан сөлін тежейтін дәрі-дәрмектер ішуі керек. Асқазанның ойық жарасы маусымға байланысты өршіп отырады. Оған басты фактор аурудың көңіл күйзелісі, асқазан сөлінің жоғары қышқылдығы, тамақтану режимінің бұзылуы, темекі тарту, кейбір дәрілердің кері әсері мен иммунитеттің төмендеуінен.
Аудандық ауруханада бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сәкен Үсейіновтың сөзінше, асқорыту сырқаттарының арасында гастрит, ішек жарасы аурулары басым болып отыр. Оның бірнеше себебі бар. Жүйелі әрі құнарлы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пайда болса, екіншіден, күйзеліс пен жүйкеге шектен тыс салмақ түсіру және аз қимылдау да ауруға шалдықтырады. Кез келген дәрінің асқазан арқылы сіңетінін ескерсек, дәрігердің нұсқауынсыз дәрі-дәрмек қабылдау ас қорыту жүйесін бұзатынын да естен шығармаған дұрыс. Қазір дайын астың түр-түрі дүкен сөрелерінен оңай табуға болады. Оны шамадан артық пайдалану асқасанға зиян.
– Ас қабылдау кезінде белгілі бір уақытқа бағынып, астың мөлшерін сақтап, мәзірін де түрлендіріп отыру керек. Тағамды бірден өте көп мөлшерде ішкен кезде асқазан толып кетеді. Барлық қоректік заттарды ыдырата алмайды. Кешкі асты ұйықтаудан 1-2 сағаттай бұрын ішу керек. Егер бұл уақыт аралығы аз болса, адам қарны тоқ күйінде жатқанда мазасызданып ұйықтайды да, организм қажетті мөлшерде дем алмайды. Себебі ас қорыту мүшелері тамақты қорыту үшін белсенді жұмыс істеуге мәжбүр болады. Адамның қарны аша бастаған кезде ашулануға бейім келеді.
Себебі жүйке жасушалары да асқа­занмен байланысты. Қазір көптеген адамдар арықтаймын деп тамақты тым аз жейтіндіктен, ағзаға қажетті қоректік жетіспейді де, табиғи түрде көңіл-күй бұзылады, жүйкеге салмақ түседі. Сондықтан аш жүрмеген абзал. Тамақтанар алдында есте ұстайтын жайт, ас алдында кисель немесе айран секілді сұйықтық ішу керек. Бұл астың дұрыс қорытылуына жақсы әсер етеді. Асқазаныңда ақаудың бар екенін білгеннен кейін майлы, ащы, қуырылған тағамдардан аулақ болған жөн, – дейді Сәкен Алауидинұлы.
Мамандардың сөзінше, тамақты суға қайнатып жегеннің пайдасы өте көп. Бірақ көпшілік осыған мән бермейді.
– Шұжық, кириешки, чипсы, гриль, кәуап секілді қуырылған, әрі құрамында жасанды қоспалары бар тағамдарды сау адамның өзі шектеп жеу керек. Осындай тағамдардың құрамында майлар мен консерванттар көп. Құрамына дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады. Осы қоспалар арқылы тамақты дәмді етіп, көп мөлшерде тамақтануға әсерін тигізеді. Сонымен бірге асты асығыс жеп, дұрыс шайнамағандықтан, асқазан бүрлері тітіркеніп, күйзеліске түседі. Өйткені сөл асты дұрыс қорытып үлгере алмайды. Қарын және ішек жолдарындағы шырышты қабық жарақаттануы мумкін. Тамақтанған кезде, асықпай асты толық шайнап жұтудың да пайдасы зор. Тамақтанып отырған кезде сөйлеу, радио тыңдау, теледидар көру қажет емес. Айта кетеніні, ащы тағамдарды көп пайдалану да зиянды, – дейді білікті өз ісінің маманы Гүлжан Есенова.
Қалай да уақытты үнемдеуді талап ететін қазіргі заман ағымына қарай адамдар жүрдім-бардым тамақтануды әдетке айналдырған. Асқазан-ішек жолдарының әртүрлі ауруларға бейім тұруына мұның да әсері бар. Сон­дай аурулардың бірі – созылмалы панкреатит. Бұл жөнінде мамандардың айтар кеңесі бір.
– Созылмалы панкреатиттің емі – тамақтану ретін сақтау. Себепші фактор ащы және майлы тамақтардан бас тартып, газдалған сусындарды ішпеу керек. Бұл сырқаттан аулақ жүру үшін көшеде сатылатын, кафелер мен мейрамханаларда ұсынылатын тағамдар әрқашан сапалы бола бермейтінін есте ұстау керек, – дейді білікті маман. Ас ішу уақытының тұрақты болмауы, асқазан қыжылын тудырады. Бұл жағдай адамдар біраз уақыт тамақ ішпей аш жүріп, бірден тоя тамақтанып, болмаса тойып тамақтанған соң дереу ұйықтап, не моншаға түссе, асқазанға оттегі жетіспейтіндіктен болады. Мұндай уақытта сүт ішіп сәл де болса асқазан сөлінің қышқылдығын азайтуға болады. Алдымен салат жеп, одан соң сұйық тамақ, кейіннен қою тамақ, ең соңынан шәй, одан соң компот ішу барлық асхана, мейрамханалардың ұстанып келе жатқан тәртібі. Бастысы бұл тамақтанудың ең қате түрі. Түрлі көкөністен әзірленген тағам түрін қорытудың өзі асқазанға оңайға түспейді. Оның үстіне үстемелей тамақ­тану асқазан қорытуына қиындық тудырады. Бұл түрлі аурулардың пай­да болуына себеп болады, – дейді Махаббат Жарқынбекқызы.
Жүйелі емделудің жолын тапқанға жазылмайтын сырқат жоқ. Бұл жөнінде аудан тұрғыны Хамит Төрегелдиев өз ойымен бөлісті:
– Он жыл бойы асқазаным ауырып қатты қиналдым, көрінбеген дәрігерім қалмады. Тіпті Астанадағы озық ауруханаларда да ем қабылдадым. Ота жасағанымен сырқаттан айығып кету оңайға соқпады. Бірде қиналып жүргенімді ауыл қариясы көріп кірпі етінің емдік қасиеті жөнінде айтты. Ауылдық жерде бұл қиын емес қой. Кірпі етін қайнатып, сорпасын ішіп жүрдім. Құдайға шүкір, қазір жақсы болып кеттім. Асқазаным ауырғанды қойды. Оның еті қатерлі ісік ауруына да ем, – дейді.

P.S.: «Ауырып ем іздегенше, ауыр­маудың жолын ізде» деген сөзді берік ұстану керек-ақ. Ол үшін алдымен дұрыс тамақтанудың жүйесін құрып, сапалы асты қорек ету маңызды. Себебі асқазан ауруы – астан.

Лаура БИБАСАРОВА

13 тамыз 2019 ж. 2 901 0