№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЗАР БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП БАРАДЫ

БАЗАР БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП БАРАДЫ


Көзді ашып-жұмғанша жаз маусымы да бел ортасынан асты. Тұрғындардың көп тұтынатын тауар бағасы қыс мезгілінде қымбаттауға ауған. Енді міне, «баға бір түссе, жазда түсер-ау» деген халық үміті тағы да ақталмады. Керісінше, базар бағамының төмен түсетін түрі жоқ. Нағыз көкөніс пен жеміс-жидектің арзан болатын маусымында тұрғындарда неге маза жоқ?


Қалтасына қарап қам жасап, айлығы шайлығына жетпей қиналатын тұрғындардың көңіл-күйіне кері әсер ететін қымбатшылыққа амалсыз көнесің. Десек те, кейбір себептердің негізсіз екенін ойлағанда, тауардың қымбаттауына деген өкпе-ренішке түсіністікпен қарайсың. Мұндайда халықтың сын садағы бірінші кезекте атқарушы билікке бағытталып, әкімдер мен мемлекеттік орган өкілдері кінәлі болып есептелінетіні жасырын емес. Тағылатын айып түрі де белгілі. Неге сауда орындары мен базардағы бағаларды өз деңгейінде бақыламайды? Міне, осы мазмұнда өрбитін сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Үкімет тарапынан қандайда бір сала қызметкерлерінің еңбекақысы немесе зейнеткерлердің зейнетақысы өсетіні жөнінде ақпарат тараған сәттен саудагерлер тауар құнын қымбаттатып шыға келеді. Бұл үйреншікті үрдіс. Мәселен, былтыр дәл осы уақытта күріш 130тг. болса, биыл 200тг. Бидай ұнының 1 сорты 88теңгеден 102 теңгеге көтерілген. Сиыр еті 1400 теңгеден сатылса, биыл 1600 теңгеге өсті. Ал пияз бағасы 70 теңгеден екі есеге яғни 140 теңгеге көтерілген. Қанттың былтырғы бағасы 200-ден болса, биыл 240 тг-ден базар сөрелерінде сатылуда.
Жаздың көркі жеміс-жидек екені айтпаса да түсінікті. Алайда баға көңілге қонбайды. Қолжетімді емес. Алма, алмұрт былтыр 300-ден сатылса, биыл 350-370 тг, ал цитрусты жеміс банан бағасы 100тг болса, биыл 120 тг сатылымда. Қарбыз бағасы осы уақытта былтыр 40 тг-ден сатылса, биыл 45-47 тг-ден сатылып жатқанына көз жеткіздік.
Бұл аталған қымбатшылыққа қатысты пікірді негізінен тұтынушылардан ең алдымен сатушылардың өздері естиді. Ал олардың халыққа айтар уәжі дайын. «Доллар құны көтерілді» немесе «жанар жағармай бағасы өсті, сауда орнының жалға алу ақысы қымбаттады» деген секілді сылтау көп.
Осы сылтаудың негізгі салдарына үңілмекке орталық базар ортасында шағын сауалнама жүргіздік. Білгіміз келгені – базар бағамы қашан төмендейді? Байқағанымыз ,көптеген сатушылар миықтарынан күле қарады. Яғни «алсаң – баға осы, алмасаң – жолың әне» деген жүгенсіз нарықтың желі есіп тұр.
Бір топ сатушының арасынан жасы елуді еңсерген сатушы апамыздың ғана сөзі түзу болды. Ол: «Бір жағынан саудагерлерді кінәлай беруге болмайды. Олар да тауарды біреуден сатып алады. Күнделікті табысын шығарып, сауда жасап отырған орнының пұлын есептейді. Сататын өніміне кететін шығыны тағы бар. Айналып келгенде осының бәрі тұтынушыға қойылатын бағаға ықпал етеді», – деп ағынан жарылды Күлайхан апа.
Ал кент тұрғыны Әйгерім Сапарованың да айтары бар: «Басқасын айтпай-ақ қояйын, тым құрығанда ең қажетті азық-түлік санатына жататын өнімдер қымбаттап жатса, оның нақты себептерін кәсіби тұрғыда жұртқа билік басындағылар түсіндірсе екен», – дейді.
Біздің айтпағымыз ауылдағы жергілікті диқандардың өнімдерін, мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің ет, сүт, май, астық тауарлары қауіпсіздігін сақтай отырып нарыққа шығарсақ. Егер арзан әрі сапалы өнім базар сөрелерінде сатылса, тұрғындар назарына ілігері анық. Ең бастысы, сырттан келетін өнімдерге бәсекелестігіміз артар еді.
Қорыта айтқанда, бұрындары «Қыз өссе – елдің көркі» десе, бұл күнде «Зейнетақы не доллар өссе – базар көркі» болып тұр. Көк қағаздың бағамы әлі де тұрақсыз. Сондықтан бағаның аспандап кетуінің сан түрлі себебі бар. Сол үшін атшаптырым аулаңызға бау-бақша егіп, жаздық өнімді өзіңіздің ауладан жинамасаңыз, нарықтың әзірге түсер түрі жоқ.

Лаура БИБАСАРОВА
23 шілде 2019 ж. 1 165 0