БАЗАР БАҒАМЫ: БАҚЫЛАУ МЕН ҚАДАҒАЛАУ...
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Бұл тапсырмалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Нақтысын айтқанда, жалақы мен зейнетақы өседі. Енді халықтың нарық бағамы құбылмаса деген алаңдаушылығы жоқ емес. Сондықтан, 2019 жылдың алғашқы нөмірінде базар бағамын бағамдап, ай сайын сараптап отыруды жөн санадық.
Жалпы, дақпырт әңгіме көп. Соның бірі биыл доллар бағасы 400 теңгеден асады-мыс. Долларды неге сөз еттік. Себебі, нарықтың бағамы долларға тәуелді екені рас.
Сонымен, базар бағасын тағы бір сараптап көрейік. 2018 жылдық қазан айында нанның бағасы сол қалпы, яғни нанның ең арзаны 70-75 теңгеден сатылуда. Одан кейін, халықтың басты тұтынатын тауары ет бағасы әзірге өзгеріссіз. Яғни, жылқы еті – 1500 теңге болса, сиыр еті – 1400 теңге. Әрине, бұл баға біреу үшін тұрақты, алайда, көптің қалтасына ауыр тиері де сөзсіз. Бұл әзірге жыл басындағы баға. Құбылмалы сауда айналымында баға тұрақсыз болары түсінікті. Сатушылар Сарыағаш, Түркістаннан келетін жеміс-жидекті арқау етеді. Алайда, отандық өнімнің күн өткен сайын қымбаттауы әлі де шешілмеген түйін. Субсидия берілуде, төрт түліктің саны артып келеді. Бірақ баға көңіл көншітпейді.
Әрине, бұл тек қарапайым халықтың ғана емес, нарықтан нәпақасын тауып жүрген саудагерлерге де оңай тимесі анық.
Осы орайда аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметіне жүгінейік. Естеріңізде болса, төл басылым ұжымы 2018 жылдың қазан айында нарықтағы бағаға бас сұғып көрген болатын. Сол баға бойынша салыстыратын болсақ, көзге бірінші қымбатшылық ілікті. Мәселен, осыдан үш ай бұрынғы мәліметте тауық жұмыртқасы (10 дана) 210 теңге болса, қазір ол 260 теңгеге өскен. Тіпті, тауық етінің келісі 700 теңгеден асады. Сондай-ақ, бірінші сортты бидай ұнының келісі – 92 теңгеден асады, пісте майдың бағасы ең төмені 320 теңге болса, қанттың келісі 240-250-теңгеден төмен емес.
Енді бөлім берген баға мен базардың құны сәйкес келе ме? Өзімізден өндірілетін өнімнің қымбаттауының себебі неде? Осыны білмекке орталық базарға бет алдық.
– Саламатсыздар ма? Сауда қалай болып жатыр?
– Жаман емес. Бала-шағаның несібесі ғой!
– Жұрт базар қымбаттап жатыр деп шулап жатыр. Бұл қауесет пе, әлде шындық па?
– Шыны керек, сырттан келетін тауардың құны шарықтап тұр. Оның үстіне алыпсатарлар да бағаны қоса салады. Ал, көпшілік айтып жүрген тауық өнімінің қымбаттауы көршілес өңірлердегі құс шаруасының тұралап қалуынан. Етке салықты көп төлейтініміз рас, – деп өкпесін айтты саудагерлер.
Базар бағасы жөнінде тұрғындардың да өз айтары бар. Олардың тілегі баға тұрақталып, үнемі бақылауда болса дейді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі сараптап көрген тауарлар тұтынушылардың көп қолданатын азық-түлігі. Сондықтан, нарық бағамының құбылуы әрине тұрғындарды алаңдататыны түсінікті. Осы мәселеге байланысты Үкімет баға бақылауға алынады деп үнемі айтып келеді. Әліптің артын бағып көрейік...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.