№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАЗАҚ, ТЕГІҢ ҚАШАН ДҰРЫСТАЛАДЫ?

ҚАЗАҚ, ТЕГІҢ ҚАШАН ДҰРЫСТАЛАДЫ?


Құрметті оқырманым, өзіңізді қатесіз қазақ екеніңізді тексергіңіз келсе, жазбаны аяғына дейін оқып, түйген ойыңызға сай қарекет етіңіз.

Жә, мәселені тарқата жазайын. Жақында редакцияға жарнама беруге сауатты адам келді. Жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен ұстаздық қасиеті көрініп-ақ тұрды. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дегендей жақын сөйлесе бастадық. Топшылағанымдай ұстаз болып шықты. Мұрагерлік рәсімдеуде екен.
Сөзінің аяғында «менің аты-жөнім қатесіз жазылсын» деп «мягкий знакты» орынды жеріне қоюды талап етті. Іштей жақын тартып отырған адамымның ныспысындағы қазақы дыбыстар «у-ға», «и-ге» айналғанын көрдім.
Содан газеттің бір жылдық тігіндісін алып, жарнамалық бетке көз тіктім. Мұрагерліктерді көрдім.
Шіркін-ай, қатесіз жазылған адамның аты-жөнін таппадым. Қатені жіберген біз емес. Шүкір, грамматикалық қателерге сауатымыз жетеді. Жеке куәліктегі жазылу формасы сондай. Оны өзгерту бізге заңсыздық болып табылады. Бір әрібін қазақы дыбысқа өзгертсеңіз басыңыз бәлеге қалады. Оны нотариус қабылдамайды. Себебі төлқұжаттағы әріптердің орны өзгермеуі тиіс.
Сонда Анель, Асель, Айгерим, Урынбай, Нурлан, Джалгаз, Эрик, Абаев, Ахметов, Айтжанович, Муратович болып, құлдық қамытты арқалап жүре береміз бе? Әлде Кеңестік билік таңбалаған әріптерден құтыламыз ба? Міне, мәселе осыда...
Қазір қолы тигеннің Үкіметті «қазақ тілін дамыта алмай отыр» деп сынайтындар көп. Алдымен сондай пиғылдылар өзінің тегін қазақшалап алса қайтеді?
Осындай белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіптің: «Мектеп мұғалімдері жыл сайын мектепке келетін баланың тізімін алады. Сабақ береді. Дәптер тексереді. Жылды қорытады. Осының бәрінде сынып журналдарының бетінде қате өріп жүреді. Фамилияда, атында, әкесінің атында «мягкий знак» толып жүр. Мұғалім соның қате екенін көреді. Біледі. Бірақ түзете алмайды. Түзетуге қақы жоқ. Өйткені, метіркеде солай. Метірке – түпқұжат. Түпқұжатқа түскен жазу – заң. Соның негізінде кейін төлқұжат толтырылады. Аты-жөні қате-қате бала тест тапсырады. Тізім шығады. Қатені газет корректорлары түгілі бас редакторы да түзете алмайды. Көріп отырсыз қате екенін. Білесіз қате екенін. Бірақ бір әріпті түзетуге қақыңыз жоқ. Сонда не болды?» деген ойы еске түседі.
Қазір бір ғана Мөлдірдің – Молдр, Молдир, Мулдир, Мольдр, Мулдр, Малдир деген нұсқада жазылғаны бар. Мәдина мен Мұраттың да ондаған орысшаланған нұсқасын жеке куәліктерден көруге болады.
Осы орайда, ғалым Бекжан Досжанұлы: «Есімдердің құрылымында қазақ тілінде жоқ кірме дыбыстың орнына екіншісінің қолданылуы туралы қалыптасқан лингвистикалық ереже – Кеңестік идеология тұсында ойлап табылған қазақ есімдерін өзінің шығу тегінен адастырып, ұлтты жоюдың сырт көзге байқала бермейтін, өте нәзік саяси құралы», деп жазады.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай олқылықтың орнын толтыру үшін 1996 жылы «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу туралы» Жарлығына қол қойды.
Онда ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атының жазылуында қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда, тегі мен әкесінің атына түбірлік негізі сақталуға тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады, деп көрсетілген.
Елбасының осы Жарлығы ныспымды қазақшалауға көмегі тиді. Ол үшін қазпоштаның бөлімшесіне барып 453 теңге төлейсіз, одан кейін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тегіңізді қазақша жаздыруға байланысты полиция бастығына өтініш жазасыз. Суретке түсесіз. Сосын 10-15 күн күтесіз.
Бір кездері кеткен кемшіліктің салдарынан Нурлат Айтжанович Байгенжеев – тұғынмын. Қазір Нұрлат Айтжанұлы Байгенжемін. Өз басым, өмірдегі үлкен жетістігіме тегімді қазақшалауымды жатқызамын.
Бұл елеусіз іс секілді көрінеді. Бірақ артында үлкен идеологиялық мән жатыр. Қазір текті қазақшалау сөзді емес нақты істі қажет етеді. Бұған жауапкершілікпен қарайық, ағайын!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
23 шілде 2019 ж. 970 0