Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМ: ЖАҢАҚОРҒАННЫҢ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?

МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМ: ЖАҢАҚОРҒАННЫҢ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?

Әлемдік экономикада табысты саланың бірі – туризм. Сарапшылар мен экономистердің пайымдауынша, туризмнен түскен табыс мұнай өнімдері және автомобиль экспортынан кейінгі орында. Біз мұндай оң үрдіспен мақтана алмасақ та, медициналық туризмнің тынысы ашылып келетіні қуантады. Сондықтан, аудандағы медициналық туризмнің әлеуетіне тоқталсақ.


Жаңақорған кенті аумағында бірнеше шипажай бар. Олар қазақстандықтарға ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығын арттырып отыр. Бұрындары мегаполистердегі элиталық шипажайларды таңдайтын болса, бүгінде табиғи емдік қасиеттері мол жер­лерге келушілер саны артты. Бұл санатқа «Жаңақорған шипажайын да» жатқызуға болады.
Мұнда бір рет ем қабылдағандар меди­циналық персоналдың кәсіби шеберлігі мен сапалы қызметіне байланысты жыл сайын келуді әдетке айналдырады. Шипа­жайға барып, демалушылар қатарында қармақ­шылық Кенжеәлі Палманов пен аралдық Жәдігер Мәдиновтен осыны білдік.
– Тұздан болса керек-ті, буыным ауырып, тізем көп сырқырайтын. Қазір 65 жастамын. Негізгі мамандығым құрылысшы. Аяқтан суық әбден өткен-ау. Биыл бесінші рет келіп, ем қабылдаудамын. Шүкір, жылдан жылға жақсарып келемін. Бәрі Теріскеннің химиялық элементтерге бай тұзды балшығы мен суының пайдасы дер едім, – дейді емделуші Жәдігер Мәдинов.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданынан Жаңақорған шипажайына жетінші рет келген Аманкелді Қамашев жетпістің бесеуіне шығыпты. Шипажайға өз аяғымен келіп, тынығады.
– Менің белім қатты ауыратын. Жаңа­қорған балшығының емдік қасиеті жоғары. Минералды суы да ем. Бәрінен бұрын, дәрі­герлердің кәсіби қызметі, шипажайдың таза ауасы, бәрі емделушінің жанын жадыратады. Мәдени шаралар да жиі өтеді. Он күннің қалай өткенін де білмей қаламыз, – деді ақсақал.
Тіпті, алыс-жақын шет елдерден келушілер саны артып келеді. Мұны Жаңақорған шипажайы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ғабит Үйсінбаев айтты.
Шипажайға барғанымызда Маңғыстау облысының тұрғындары көп екенін аңғардық. Сондай емделушілердің қатарында Сәнім Мамаева мен Махаббат Өркенова да бар. Олар алтыншы жыл қатарынан келіпті.
– Емі өте жақсы болғандықтан жылда келеміз. Батпағы, рапасы, тұзды суы, мас­сажы маған ұнайды. Инемен емдеуді де тұтынамыз. Бұйырса келер жыла да келер­міз», – деді Сәнім Мамаева.
Иә, аумалы-төкпелі кезеңдерді өткерген шипажай білікті азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында сақталып қалып, перс­пективалы сауықтыру орталығына ай­нал­ды.
Бүгінде шипажайға сүйек-буын, перифе­риялық нерв жүйелерін, гинекологиялық және урологиялық ауруларды емдеуге жүгінетіндер көп. Сондай-ақ, фитобочкада емдеу, пантогемотогенді ем түрлері, балмен орау, кислородты коктейль, тұзды шахта, урологиялық және гинекологиялық үгулер, емдік душтар қолданылады.

***
Шипажайда ем қабылдаушылар арасында Апанқаққа баруды әдетке айналдырғандар да бар. Сондықтан Апанқақты көзбен көріп, ыстық суына түсуді жөн санадық.
Құдайдың құдіретін қарасаңшы, ондағы су сегіз жүз метр тереңдіктен шығады екен. Бүгінде бұл орын дертіне дауа іздеген жандардың құтты мекеніне айналған. Бұл өте таза су, құрамында сынап пен йоды басым. Сондықтан жер астынан тоқтаусыз шығып жатқан ыстық су тері аурулары мен буын сырқырағанға бірден-бір ем.
– Келер жолдың нашарлығы қолайсыздық туғызады. Жол салынып, тынығатын, емде­летін арнайы үйлер тұрғызылса, халыққа қайырлы іс болар еді, – дейді Шымкент қа­ла­сынан ат арытып келген келген Фариза Бақтияр.
Су құрамын Алматыдан медицина қыз­меткерлері жылына бір рет келіп, тексеріп тұрады екен. Өзін Жарқын Досымбеков деп таныстырған елағасы елді мекеннің үлкені көрінеді.
– Осында тұрамын. Мұнда еміне дауа із­де­гендер қысы-жазы үзілмейді. Атырау, Алматы, Ақтау, Петропавлдан және т.б жер­лерден келушілер көп. Негізінен, қышыма, қотыр, теміреткі секілді тері ауруларына таптырмайды. Асқазан, простатит, гемморой ауруларына да көмектеседі. Асқазанды түрлі шлактардан тазалайды. Суықтан болған аяқтың сырқырауына да ем. Мамандар судың құрамында қырық пайыздық мөлшерде сынап барын айтты, – дейді Жарқын ақсақал.
Жергілікті тұрғындар ауыз су ретінде ішіп отырғандықтан, мұнда жел-құз, түрлі тері аурулары, асқазан ауруларымен ешкім шағымданбайтын көрінеді.
Сунақата ауылынан ем алуға келген кәсіпкер Қуаныш Әшенов:
– Денеме жаралар шықты. Соған дәрігер­лердің нұсқауымен Апанқаққа биылдыққа үшінші рет келуім. Көмегі бар. Жараның ауызы қабыршақтанып қайта бастады. Әр келгенімде Сыр өңірінің аудан-ауданынан келіп жатқан адамдарды көп көрдім. Менің ойымша, осы ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға болады. Бірақ, оған көп қаржы керек. Алдымен Түгіскенмен аралықтағы жиырма шақырым далалық жол жөнделсе ауданның брендіне айналатын жер болатыны күмәнсіз, – деді.
Апанқақтың басында екі кабинка. Адам қарасы көп. Қалың кезек. Ем іздеп келу­шілерді әңгімеге тарттық.
– Шиеліден келдім. Құмкөл кенішінің мұнай жағында еңбек етемін. Апа-жеңгелеріміз жылда келіп, ем қабылдайды. Қазір қышыма, бөрткен, сыздауық секілді тері аурулары әбден үйір болып алды. Шүкір, осында келіп суына түскен сайын тері ауруларынан айығып келемін, – деді Амантай Ақтанов есім­­ді келуші.
Оның сөзін жалғаған Күлай апай бір қызықты әңгіменің тиегін ағытты.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болса керек. Бір кәсіпкер келіп, шипажай салу мақ­сатында құрылыс жұмыстарын бастайды. Сол кезде шипалы су мүлдем ақпай қалады. Қызылорда облысының әкімі Сейілбек Шауқамановтың араласуымен басына құр­бандық шалынып, дұға оқылғаннан кейін су қалпына келіпті, – деді ол.
Келушілердің айтқаны, Апаңқақты жеке­меншікке алып, инфрақұрылымын жақсартып, бизнесін дөңгелеткісі келгендер көп болған. Көбісінің жол жағдайын көріп, беті қайтқан. Жергілікті тұрғындардан жекеменшікке беру­ге ықтияр болмапты. Себебі, табиғи болғанға не жетсін?!
Шіркін, Асанқайғы атамыз Желмаясын мініп, Апаңқаққа келсе «Алуан дерттің сауабы құралған, Шипажайдың төріне сұран­ған. Қайран, иесіз болса да, киелі мекенім екенсің!» дер ме еді?! Кім білсін!

***

Келесі кезекте Ақтастың ыстық суы жайлы айтып кетпесек болмас. Мұнда келушілер тері ауруларынан бөлек, жүрек-қан тамыры ауруларына да ем дейді. Адам сенгісіз.
Талап елді мекенінен алты шақырымдай жердегі Ақтас кешенін Республика жұрт­шылығы жақсы біледі. Мұнда Ақтас мешіті мен Айқожа ишанның бейіті орналасқан. Бұрын қарапайым халық емдік суына түсіп, әрі ишанға зиярат жасау мақсатында жиі келеді.
Осыны дер кезінде байқаған әкімшілік пен кәсіпкерлердің шапағатымен асфальт жолы салынды. Алыстан келушілер тынығып, демалатын орындар әзірленді. Қонақ үй салынды.
Айқожа ишанның шөпшегі Асылхан осында 1993 жылдан бері шырақшылық етеді. Қазір мұнда Республиканың түкпір-түкпірінен еміне шипа іздеп келушілер басым. Жазда бұдан да көбейе түседі. Олардың көліктері тоқтайтын автотұрақтар да қарастырылған. Алайда, Ақтас мешітіне барар жолға тас төселіп, кәсіпкер Асылхан Шайықовтың демеу­шілігімен жабынды жасалғанымен оның іргесіндегі қатар жолдың тал өсіруге сұранып тұрған бүйір тұстары қараусыз шабындыққа айналған. Кесене қасындағы бейіттерге баруға болатын тұстарына да арам шөптер қаулап өсіп кеткен. Кезіндегі қарапайым бейіттердің ішінен Монғолиядағы сын тастың сұлбасы менмұндалайды. Оған ем алуға келушілер ғана емес археолог, тарихшы ғалымдардың да ықыласы ауары кәдік. Ақтас мешітін айнала бергенде, бұған дейін тоқтаусыз ағып келген қайнар бұлақтың көзі де бітеліп қалған. Ақтас кесенесінің артқы жағындағы бұл бұлақтың көзін ашып, шөптесін өсімдіктерден тазалап, орындықтарын жаңалау қажет. Жазғы маусымға орай, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлердің көмегімен моншасы мен душының бөлмелерін ретке келтіріп, күр­делі жөндеуден өткізген жөн. Сондай-ақ, Сырдария тасыған кезде жылда қауіп төнетін ескі қорымдардың жайын да қарастырған жөн. Өйткені, дарияның ызасымен көне бейіттердің іргесі сөгіліп барады.

P.S.: Сауықтыру орталықтарына бар­ғанымызда қай-қайсында болмасын қалың адам. Бәрі ем қабылдау үшін жол азабына, күннің ыстықтығына қарамастан күндік жерлерді бағындырып келген. Осыдан-ақ, аудандағы сауықтыру орындары мар­кетинг және менеджмент тұрғысынан жан-жақты зерделеніп, насихаттау жұмысы жолға қойылса, медициналық туризмнен қомақты қаржы түсіруге болады. Оған Жаңақорғандықтар сапалы қызмет көрсетуге дайын. Медициналық туризмді дамытуда Жаңақорған ауданының әлеуетін осылай бағамдадық.

Иса БЕРКІМБАЙ,
Жаңақорған-Апанғақ-Ақтас-Жаңақорған.


22 маусым 2019 ж. 1 504 0