№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанда жекеменшік клиника ашылса барасыз ба?

Жаңақорғанда жекеменшік клиника ашылса барасыз ба?

   Ұлт саулығы – негізгі капитал. Расында, ұлт саулығы экономиканың дамуы үшін маңызды рөл атқарады. Себебі, денсаулығы мығым адамның жұмыс өнімділігі жоғары әрі сапалы болады. Сондықтан дамыған елдерде денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріп, бюджеттің денін сонда бағыттайды.
   Жалпы, ұлт саулығы: қоршаған ортаға, өмір сүру сапасына, биомедицина және медициналық қызметке байланысты. Осы ретте, бізде медициналық қызметтің деңгейі қандай? Осы сұрақ бізді қызықтырды.
Бүгінде ауылдық округтерді айтпағанда шағын елді мекендерде медициналық бекеттер бой көтеруде. Яғни, заманауи медициналық нысандарға кенде емеспіз. Бірақ, қызмет көрсету сапасы көңілді көншітпейтіні жөнінде жиі айтылады. Тұрғындардың тілегі жекеменшік клиникалар көптеп ашылса дегенге саяды. Сондықтан медицина саласындағы жекеменшік сектордың әлеуетін зерттеп көрген едік...

  Жекеменшік емханалар Қазақстан нарығының 20 пайызын құрайды екен. Сарапшылар медицина нарығында жеке емханалардың үлесі жыл сайын 10-12 пайызға артып келе жатқанын және жекеменшік клиникалар мен меди­циналық орталықтарға халықтың сұранысы жоғары екенін айтады. Бір рет ақылы емделгендердің 90 пайызы қайтадан ақылы медициналық қызмет түріне жүгінеді екен. Бұл – жеке медициналық орталықтардың халық сұранысын қанағаттандыра алатындығының белгісі. Демек біздің елде халықтың көпшілігі ақылы медициналық қызметті таңдайтын болғаны.
   Шыны керек, қазір ақ халатты жандардың қызметіне көңілі тол­май­­тындар жеке клиникалар жағалап кететіні рас. Бұл жағдай жаңа­қор­ғандықтарға да қатысы бар. Көбі­не аудан тұрғындары Түркістан қала­сындағы жеке медициналық орта­лықтарға жол тартады. Себебі де түсінікті, бағасы қолжетімді, қызметі көңіл көншітеді, ең бастысы емдеу орталығының сапасы жоғары. Мәселен, Түркістандағы «Ақмарал» және «Талғат» жеке клиникасына қаралатын аудан тұр­ғындарының саны артып келеді. Ондағы клиникаларда емделушілердің айтуы бойынша, бір аптада 40-45 мың аралығында қажетті ем алуға болады екен. Жаңақорғанда жеке клиникалар ашуға не кедергі?..
Сыр өңірінде жекеменшік клини­ка­лардың саны қанша? Олардың әлеуеті қандай? Бұл сұрақтардың жауабын облыстық денсаулық сақтау бас­қар­ма­сынан білдік.
   Бәсекеге бейімделіп келе жатқан жеке клиникаларға жүгіну кез-келген тұрғынға қолжетімді емес. Яғни, қаражатты қалтасы көтере бермейді. Осы­ны ескерген Үкімет әріптестік аясында келісім-шартқа отырып, тегін қызметтер тарифін енгізген болатын. Осы ретте, мемлекеттік-жеке меншік әріп­тестік аясында жекеменшік клиникалар мемлекеттік тапсырыстарды орындай ала ма? – деген сауал туындайды.
– Орындай алады деп толық жауап беру қиын, әрине. Десе де, межеден шыға алады. Айта кету керек, клиникалар тегін медициналық көмектің кепілдік берген көлемі шеңберінде жарияланған хабарламалар негізінде конкурсқа қатысады және конкурс құжаттары талаптарға сай болса мемлекеттік тапсырысты алуға мүмкіндігі бар. Әрі, жекеменшік клиникалар Заң аясында реттелген, – деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұржамал Тұрсынбаева.
Оның сөзінше, елде медициналық қызмет көрсететін жеке клиникалардың саны артып келеді. Мәселен, Қазақстанда 2018 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 600-ге жуық жеке меншік клиника қызмет көрсетуге ниет білдірген. Бұл Қордың жеткізушілер базасына енген медицина ұйымдарының 43 пайызы. Осылайша, жеке меншік клиникалардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 130-ға артқан.
Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшынып отырған жеке меншік медицина ұйымдарының саны жағынан Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облысы, сондай-ақ, Астана және Алматы қаласы көш бастап тұр. Мәселен, Астанадағы 81 медицина ұйымының 45-і жеке меншік клиникалар. Алматыда олардың саны 71-ге жеткен.
– Жеке меншік клиникалардың артықшылығы неде?
– Ең бастысы сұранысты өтей алады. Яғни сапалы қызмет етуде тәжірибе бар. Сондай-ақ, басқарма құзыретіне кірмейді. Жеке меншік клиникалар көбіне салалық бағытта болады. Мысалы стоматология, терапиялық, гинекологиялық, зертханалық (УЗИ) т.б. Сондықтан, тұрғындар қалаған емін еркін алуға мүмкіндігі бар, – деді ол.
Бүгінде Қызылорда облысының тұрғындарына тегін кепілдендірілген медициналық көмектің көлемін 67 медицина ұйымы көрсетуде екен. Оның ішінде 30 мемлекеттік клиника және 37 жеке клиника. Енді аудандағы жекеменшік клиникаларға тоқталсақ. Арал ауданында «Жансая» және «Аралстомед» ЖШС, «Арал ВА», Қазалыда – «Қазалы темір жол емханасы», «Ақкербез» ЖШС, Жалағаш ауданында – «Ақсұңқар», Шиеліде – «Әдемі тіс», «Алмадент», «Карина» ЖШС қызмет етеді. Ал, Жаңақорған ауданында – «Божбанбаева» және «Дентомед» орталығы жұмыс атқарады.
– Жекеменшік клиникалар лицен­зиясын қалай алады?
– Жеке және заңды тұлға­ларға денсаулық сақтау саласында медициналық және фармацевтикалық қызметтің кіші түрлеріне лицензия беру тәртібі Қазақстан Республикасының 2014 жылғы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Қызметті жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптары ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен бекітілген. Мемлекеттік қызмет “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы”, коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе www.egov.kz, www.elicense.kz “электрондық үкімет” веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
– Мемлекеттік пен жекеменшік медициналық орталықтардың азаматтарды емдеу ісі бойынша жүргізетін жұмыстары бірдей ме?
– 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі және ҚР Үкіметінің Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы қаулысына сәйкес жүргізіледі.
Медициналық қызметтер көрсету, оның ішінде жеке меншік медицина ұйымдарының деңгейін дамыту және көтеру міндеті елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың түйінді факторларының бірі болып табылады. Бүгінгі күні бірқатар шешілмеген мәселелерге байланысты жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік ұйымдармен бәсекелесе қоюы қиын. Бұл басқарма тарапынан келген жауап.
Елбасы жылдағы халыққа Жолдауында денсаулық сақтау саласына басымдық беріп, міндеттемелер жүктеп келеді. Мұның барлығы өскелең ұрпақтың денінің сау болып, бәсекеге қабылеттілігін артыруына сеп болары анық. Сонда ғана озық отыздыққа енуге нық қадам баса аламыз...
Орайы келгенде «Божбанбаева» тіс емдеу орталығынң басшысы Баян апаймен тілдесіп көрдік.
– Медициналық қызмет сапасы – халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті. Біз осы сенімді ақтауға тиіспіз.
Стоматология – үлкен бір сала. Оның өзі терапия, хирургия, ортопедия, имплантация сынды ірі-ірі жүйелерді құрайды. Соның барлығымен кешенді түрде айналысып, тіс стоматологиясының әлеуетін арттыру – білікті мамандардың міндеті, мұны жеке-жарым жүріп, азғантай қаржымен іске асыру мүмкін емес. Бұл бағытта ауданда дәрігерлік орталық ашу талабы өзекті. Өйткені бәсекелестік артқан сайын сапа да жоғарылайды, – деді жеке кәсіп иесі.
Міне, Қызылорда өңіріндегі жекеменшік клиникалардың бүгінгі бағдары осындай. Сапалы қызметке сұраныс та жоғары. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей дамыған елдердегі жеке клиникалардың дамуы ел өркендеуінің негізгі қайнары. Сондықтан, Жаңақорған жұртшылығы сондай жеке клиникалардың көбейгенін асыға күтуде...

Әли ЖАРЫҚБАЕВ.
12 желтоқсан 2018 ж. 1 691 0