№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЗАМАНАУИ АППАРАТҚА МАМАНДАНҒАН МЕЙІРБИКЕ

ЗАМАНАУИ АППАРАТҚА МАМАНДАНҒАН МЕЙІРБИКЕ


ХХІ ғасырда технология қарыштап, медицина, нанотехнология, ІТ-технология белсенді дамып, зор табысқа жеттік. Осы тұста, әлемдік бәсекеге қабілетті болудың бірден-бір жолы – адами капиталы болмақ. Адам капиталын дамытуда заманауи ілімдерді меңгеріп, біліктілігін арттыруымен қатар, денсаулығы мықты болғаны абзал. Демек, адам өмірінің барынша жақсаруы үшін медицина саласының соңғы технологиямен жабдықталғаны маңызды. Бұл тұрғыда, «Жаңақорған шипажайы» АҚ-ның уақыт ағымына сәйкес түрлі медициналық құрылғылармен жабдықталуы бәсекеге қабілеттіліктің бір көрініс екені һақ. Ал, оның тілін түсініп, адам игілігіне икемдейтін маманның орны бір бөлек. Бұл мекемеде заманауи аппараттардың пайдасын жұртшылыққа ұсынып жүрген мамандар көп. Солардың қатарына Динара Аманованы жатқызуға болады.
Ол қызмет көрсететін рафа және ішек жуу бөліміне барғанымызда алпысты алқымдаған ел ағасы оның қызметіне оң бағасын беріп, алғысын білдіріп жатқанын естідік.
Ем алушыны әңгімеге тартқанымызда:
– Шипажай қызметі өте сапалы. Жоғарғы стандарттарға сай жұмыс жасайды. Әсіресе, бұл жердегі жұмысшылардың жылы шырай танытуы дертіңе шипа болатындай. Осымен Жаңақорғанның шипалы батпағына үшінші рет келіп отырмын, – деп пікірін білдірді Алматы облысынан келген Нау­ан Тышқанов.
Иә, «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», демекші Динара бір күнде оннан аса емделушіні қабылдап, оларды сауықтыру жолында талмай еңбек етеді. Ол қызмет жасайтын ішек жуу бөлімі заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған. Ал, сол техниканы тұтынушының игілігіне асыру мейірбикенің басты міндеті. Оның тілін меңгеріп, дұрыс пайдалана білуде білім мен біліктілікті қажет ететіні сөзсіз.
– Біздің бөлімде рафа терапия мен колон-гидротерапия жұмыс жасайды. Рафа терапияда тұтынушыларға арнайы тұзды судан ванна дайындаймыз. Ал, колон-гидротерапиясының пайдасы зор. Оны германиялық «colon-hidro» аппаратының көмегімен жүргіземіз. Аталмыш құрылғы ішкі ағзаны, яғни, тік ішектен асқазанға дейінгі жолдарды жеңіл түрде сумен тазалайды. Негізінен, ішкі ағзаны сумен тазалау ежелгі уақыттан бері пайдаланып келе жатқан процедура. Ол көптеген созылмалы ауруды емдейді, – дейді мейірбике.
Динара Жаңақорғанның тумасы. Кенттегі №51 мектепті бітіргеннен кейін, Тараз қаласындағы Жамбыл медициналық колледжіне оқуға түседі. Колледжден мейірбикелік мамандық алып шыққан соң, 2007 жылы «Жаңақорған шипажайы» АҚ-на жұмысқа орналасады. Бастапқыда шипажайдың физиокабинетінде қызмет жасап, кейіннен рафа және ішек жуу бөліміне ауысады. Содан бері аталмыш сауықтыру орталығында өз қызметін абыроймен арқалап келеді.
Осы мекемеде он бір жылдық жұмыс өтілі бар жас мейірбике әріптестері арасында да абыройға ие. Оның ұқыптылығы мен өз ісінің кәсіби маманы екенін осы сауықтыру орталығының бас дәрігерімен әңгіме барысында аңғардық.
– Динара Әбубәкірқызы біліктілігімен ұжымда сыйлы. Ол өз ісіне үлкен жауакершілікпен қарап, әр емделушінің денсаулығына алаңдайды. Олармен жылы қарым-қатынас орнатып, шипажай жұмысының ілгерлеуіне өзіндік үлес қосып жүрген кәсіби маман, – дейді директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ғабит Үйсінбаев.
Кейіпкеріміз қызмет орнында білікті, еңбекқор маман болғанымен қатар, шаңырағында бір үйдің ұйытқысы, аяулы ана, асыл жар екенін естен шығарған емес. Жолдасы Бақытжан Қалдыбаев екеуі екі перзентті тәрбиелеп отырған жас отбасы.

Түйін. Теріскеннің қара батпағынан қазына тауып, дертіне дауа іздегенге сүйеніш болып жүрген «Жаңақорған шипажайы» бүгінде жаңа технологиямен тұтастай жабдықталған. Әлемнің түкпір-түпкірінде өндірілген брендтік аппараттардың игілігін осы сауықтыру орталығынан көруге мүмкіндік зор. Ал, жаһандық жаңарудың ағымынан қалмай, оның қызметін көпшілікке ұсынып жүрген жас мейірбике Динара Аманованың қызметі замандастарына үлгі болары сөзсіз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
27 қаңтар 2018 ж. 2 200 0