№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ХАЛЫҚПЕН ЕТЕНЕ ЖАҚЫН ДӘРІГЕР

ХАЛЫҚПЕН ЕТЕНЕ ЖАҚЫН ДӘРІГЕР

Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде медицина қызметкерлері күнінде адал еңбегінің арқасында ел алғысына бөленген дәрігерлер марапатталды. Солардың қатарында Төменарық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Назым Оспанова да бар.

Медицина саласында он жылдан астам уақыттан бері талмай қызмет етіп жүрген Назым Оспанованың еңбегі ерекше. Ол жүрек қалауымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің емдеу ісі факультетін бітірген соң, туған ауылы Қыркеңседе еңбек жолын бастады. Төменарыққа тұрмысқа шықты. Қазір ауыл тұрғындарының бауыры ауырып, балтыры сыздаса Назымды тез тауып ала қояды. Өз ісінің шебері үлкен-кіші демей емдеп қана қоймай, дәрігерлік жылы сөзін де аямайды.
Ол жастайынан ата-анасының кеңесіне құлақ асып, ағасы Әбутәліптің жолын ұстанып, білікті дәрігер болуды армандады. Университетті ойдағыдай тәмәмдаған жас қыздың жүрек қалауын жүзеге асыруына ұстаздары қыркеңселік Мырзагүл Қойшыбекова, төменарықтық Зөре Қайныкеева көп еңбек сіңіріпті.
– Елмен етене араласқан соң, сол кезде қорқынышты болғанымен қазір қызық болып көрінетін оқыс жайлар көп кездесті. Қазір қарттар арасында инфаркт, инсульт алу кезінде жедел көмек береміз. Адам өміріне қатысты ең соңғы шешімді қабылдауға тура келетін кездер болады. Сондай кездері тәжірибесі мол аға ұрпақ өкілдері Зөре, Нұржан, Махмуд ағайлардан дәрігерліктің көп қырларын үйрендім, – дейді дәрігер.
Оның сөзінше, бірде түскі ас кезінде, өзіміздің таныс келіншек бөлмемізге баласын құшақтап әкелді де, өзі шыдамай, тілге де келмей, жылап сыртқа тұра қашты. Алты айлық бүлдіршін көкпеңбек. Үстел үстінде жатыр. Қан жоқ, сөл жоқ. Тыныс алмайды. Қасымдағы Майра деген медбике жедел түрде баланың аяғынан ұстап төмен қарата сілкіп-сілкіп, мен арқасынан қағып-қағып жібергенімізде, тамағына тұрып қалған кәмпит жерге сарт ете түседі. Баланың бетіне қан жүгірді. Дереу айқайлап, мамасын шақырып, қуанып, жылап жатырмыз.
– Жақында Екпіндінің бір келіншегін Жаңақорғанға жете алмайтын болғасын Төменарықтың ауруханасына таңғы алты жарымда жеткізді. Құстай ұшып жедел жәрдеммен жетіп, акушерка Шәмшәгүл Құралбекова екеуміз барып, босандырып алдық. Ұл бала дүниеге келді. Дереу кіндігін кесіп, тұңғыш рет кіндік шеше атандым, – деді кейіпкеріміз.
Мерекелік көңіл күйге қарамастан Назым қазіргі кездегі қоғамда орын алған олқылықтардың салдарынан жиі кездесетін сырқат түрлерінің туындауына өзіміздің себепкер болатын жайларымызға қатысты өзін толғандырып жүрген жайларға да тоқталды.
Күнделікті халықпен жұмыс жасап жүрген дәрігердің айтуынша, бұрын үлкен кісілерде ғана сирек кездесетін қан қысымының көтерілуі, жүрек аурулары қазір тез жасарып бара жатқан көрінеді. Отыз, қырық жастағыларда көп кездеседі. Жас балаларда бас сүйегінің қан қысымы (черепной давление) деген сырқат пайда болды. Мұның барлығы адамның күйзеліске ұшырап стресс алуы жағдайынан болады. Ата-аналардың дұрыс тамақтанбауынан да бар. Соңғы жылдары қаназдық, бүйрек ауруы, өкпенің қабынуы жиі кездесе бастады. Кальций жетіспеушілігі салдарынан анасының қаны аз болып,балалардың да бір аяғының бір аяғынан қысқаруы, жамбас ұршығының жетілмеуі де көп. Мұның бәрі анасының аяғы ауыр сәби нағыз жетілетін кезеңінде кириешки, чипсы жеп, кола ішуінен туындап отыр. Аяғы ауыр, кезінде жас аналарға газды су ішуге де болмайды. Жастардың маман дәрігерлердің кеңесін тыңдамауының салдары осындай сырқаттарға әкеліп соқтырады.
Ол жастарға қарағанда үлкен кісілердің жүрегінің сирек ауруын, семіздік дертіне шалдықпауын көп қозғалуда деп есептейді.
– Жастарға айтарым, болашағымыз баянды, ұрпағымыздың дені сау болуы үшін салауатты өмір салтын ұстанып, барынша табиғи өнімдерді тұтынайық. Көбіне жеміс–жидек, қолымызда бар айран, сүт, қымыз, қымыранды көп ішуіміз керек. Ұлттық тағамдарымызға жететін дәрумен жоқ, – дейді Назым Оспанова.

Иса БЕРКІМБАЙ.
15 маусым 2019 ж. 810 0