№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «DAMUMED»: ОНЛАЙН ЖҮЙЕНІҢ ОЗЫҚ ТҰСЫ

«DAMUMED»: ОНЛАЙН ЖҮЙЕНІҢ ОЗЫҚ ТҰСЫ

  Тұңғыш Президенттің «Цифрлы Қазақс­тан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын аурухана» жүйесіне көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында нәтижелі жұмыс бар. Емдеу мекемелеріндегі том-том қағаздар айналымын азайтып, құшақ-құшақ құжаттың бәрі электронды форматқа ауыса бастады. Әсіресе, денсаулық саласында тұрғындар жаңалықтардың игілігін көре бастады.

  Сыр медицинасында жүзеге аса бастаған жаңа жобаның бірі – «DamuMed» мобильді қосымшасы. Қосымша деген аты болмаса, мүмкіндігі мол тетік. Тек, телефон болса болғаны. Дұрысы смартфоннан «Play Market» немесе «App Store»-дан «DamuMed» мобильді қосымшасын оп-оңай жүктеп аласыз. Яғни, әр тұрғын өз өңірін таңдап, «кіру» тетігі арқылы ұялы телефон номері мен ЖСН-ді тіркеп, смс-пен келетін құпия кодты күту керек. Келген кодты тіркегеннен кейін «рұқсат ету» батырмасын басасыз. Бұдан кейін ЖСН-ді енгізгеннен кейін тұрғынның қай емханаға бекітілгені және емдеу дәрігерінің аты-жөні автоматты түрде шығады. Бар болғаны осы. Ары қарай мүмкіндіктер алаңы. Өзіңізге ыңғайлы күнді таңдап дәрігерге жазыла аласыз немесе үйге шақырта аласыз.
Бұл жөнінде толығырақ аудандық емхананың ұйымдастыру бөліміндегі кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесінің жауапты маманы Бауыржан Мұзаффаров айтып берді. Бауыржанның айтуынша, жоба іске қосылғалы мобильді қосымшаны 13901 адам өзіне жүктеп алған. Жалпы, жыл басынан бері «Дамумед» арқылы 2067 пациент дәрігер қабылдауына жазылса, 229 тұрғын дәрігерді үйіне шақыртқан. Бұл биылғы статистика. Жалпы, өткен жылдан бастап іске қосылған смарт жобаны жаңақорғандықтар белсенді қолдануда екен.
– Цифрландыру – жаһандық үрдіс. Бұл үрдіс бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды тездетеді. Халық қарапайым ғана күніне, 10-15 мәрте үңілетін телефонды тиімді қолданудың тетігіне мән бермеуде. Мәселен, «DamuMed»-тің мүмкіндігі мол. Кейде емханада кезегін сарыла күткен халықты көп көресіз. Ал, атамлыш қосымша арқылы медициналық мекемелердегі кезек күтуді едәуір азайтуға болады. Сондықтан кез-келген пациент «DamuMed» қосымшасы арқылы электронды түрде дәрігердің қабылдауына жазыла алады немесе дәрігерді үйіне шақырта алады. Оған қоса, жазылған рецептілерді, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көре алады, – дейді Бауыржан Мұзаффаров.
Бұдан бөлек, мобильді қосымшаны пайдаланушы ұялы телефонына флюорогра­фиялық, скринингтік тексеру­лерден өтуге, дәрігерге дейінгі қарау, ерлер мен әйелдерді қарау бөлмелерінен өтуге шақыру хабарламалары келіп тұрады. Тағы айта кетерлігі, бұл қосымшаға бес жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға, жүкті әйелдер мен диспансерлік бақылауға жататын науқастарға дәрігерді шұғыл түрде үйге шақыртуға мүмкіндік беретін қызмет енгізілген.
– Өзім өткен жылдан бастап смартфоныма «DamuMed» мобильді қосымшасын жүктеп алғанмын. Өте ыңғайлы. Бұрынғыдай емханаға барып, сағаттап кезек күтіп тұрудың қажеті жоқ. Интернетті игілікке икемдеп, қосымша арқылы бүкіл дәрігерлердің жұмыс уақытын бақылап отыруға болады. Өзіңе ыңғайлы уақытта дәрігерді таңдап, жазыласың. Жазылған уақытқа бес-он минут қалғанда барсаң, кезек күтпей дәрігерге кіре бересің, – дейді кент тұрғыны Ербол Ахметов.
Сонымен қатар, Президент Жолдауында айтылғандай «электрондық денсаулық паспортын» енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу» сынды жеделдетілген технологияның аудандағы ахуалын да білдік. Аудандық емхананың ұйымдастыру бөліміндегі кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесінің жауапты маманы Бауыржан Мұзаффаровтың айтуынша, бүгінгі таңда пациенттердің 93,4 проценті электронды денсаулық паспортына көшірілген. Бұл дегеніміз – бұлар бұрынғыдай қалың қойындәптерін құшақтап, кабинет жағаламайды. Тек, дәрігерге жеке куәлігін көрсетсе болғаны, орталық базадан бүкіл ақпарат шығады. Осылайша, цифрлы технологияның қоғам өміріне енуі нәтижесінде бұған дейін қағазға жазылатын есептік құжат қажетсіз болып қалды.
Қорыта айтқанда, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында тиімді технологиялар ауданда да қолданысқа енгізіліп, ел игілігіне пайдалануда. Бұл бағытта аудандық емхананың Кешенді медициналық ақпараттық жүйесінің де қосып жатқан үлесі қомақты.

Әбдісамат ӘБДІШ.
15 маусым 2019 ж. 886 0