№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АҚҚҰМ СУ МҰНАРАСЫ: ғасырлар шежіресі

АҚҚҰМ СУ МҰНАРАСЫ: ғасырлар шежіресі

Аққұм деген ауыл бар. Кейденнен төтесінен тартсаң жиырма шақырым. Алғашқыда іргесі ауа райын бақылайтын метерологиялық станса ретінде қаланса, бүгінде берекесі артқан бекетке айналды. Бес жүзге тарта түтіні бар елдімекеннің тынысымен таныспаққа Аққұмға бардық. Жолсапардың мақсаты айқын. Ол – 1904 жылы осы ауылда бой көтерген су қыспақты мұнарасының тарихымен танысу. Межелі мекен Тілеухан Муслимовтың шаңырағына тоқтадық.

Тілеухан ақсақал бүгінде ауылдың батагөй қариясы. Саналы ғұмырын темір жол саласына арнап, шойын жолдың бойынан зейнеткерлікке шыққан. 1968 жылдан бастап, «Аққұм» темір жол бекетінде кезекшілік қызметтен бастаған. Бізді қызықтырғаны, 105 жылдық тарихы бар су мұнарасы болғандықтан әңгімені де солай қарай бағыттадық.
Ақсақалдың айтуынша, «Аққұм» станция­сындағы су қыспақты алып мұнара 1901-1906 жылдар аралығында Орынбор-Ташкент темір­жолының құрылысы кезінде отарбаны сумен қамтамасыз ету үшін салынған. Жалпы биіктігі – 16,5 метрді құрайтын су мұнарасы екі бөліктен тұрады екен. Күйдірілген кірпіштен қаланған қабатының биіктігі – 10,5 метр, оның үстіндегі ағаш бөлігінің биіктігі – 6 метрден асады екен. Ал, жалпы формасы сегізқырлы болып қаланған. Тағы бір қызығы ондағы терезелердің пішіні тікбұрышты.
Тілеухан ата бұл су мұнарасы 1962 жылға дейін отарбаларды сумен қамтамасыз етіп отырғанын тілге тиек етті. Ол кезде 5-класс оқитын оқушы кезі екен.
– Өзім осы ауылдың тұрғыны болғаннан кейін, көрген білгенімізді кейінгі ұрпаққа тәлім етіп айта жүреміз. Су мұнарасының тарихы тереңде жатыр. Біз бала болсақ та біраз дүниені көрдік. Бұл су қыспақты мұнараға дарияның жанындағы көлден немістің үлкен аппаратымен су айдайтын еді. Сосын тағы бір үлкен пеш болатын. Көмір жағып, суды буға айналдырады, су сақтайтын резервуарға жіберетін. Бір вагон көмірді, екі өгіз арбамен таситын. 12 сағатта 1 тонна көмір жағатын. Негізі Аққұм Шиелі мен Түркістанның ортасындағы станция. Қаншама отарба осы жерден су алды. Оған қоса, елді мекен тұрғындарын да сумен қамтамасыз етті. Кейіннен 1963 жылдары тепловоз пайда болғаннан кейін, отарбаға су беруін тоқтатты, – дейді Тілеухан Муслимов.
Иә, бүгінгі таңда Аққұмда үш жерден артезиан қазылып, халық ауыз суын тұтынып отыр. Десе де, қай кезде болмасын тіршілік көзінен нәр алған халықтың қазаны оттан түспеген. Станция табанынан қашанда адам арылмаған. Заманында отарбамен жүйіткіген мыңдаған халық Аққұм дейтін ауылдың барын білген. Әрине, бұл күнде де шойын жолдың бойынан пойыз үзілген емес. Міне, Тілеухан қарияда осы темір жолдың бойында кешегі күннің куәсі болып, еткен бейнетінің зейнетін көруде.
Аядай болса да, Аққұмның қазіргі ахуалы кісі қызығарлық. Ауыл ортасынан типтік үлгідегі 100 орындық мектеп, медициналық бекет, имандылық үйі бой көтеріп, ел игілігіне қызмет етуде. Оған қоса, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автотабанынан ауылға қарай 10 шақырым жол салынды. Бұл да болса, мемлекет қамқорлығын сезініп жатқан аққұмдықтардың қуанышы.

Әбдісамат ӘБДІШ.
04 маусым 2019 ж. 1 299 0