№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТҰРАН ӨЛКЕСІНЕ ТАНЫМАЛ ДІНИ ТҰЛҒА

ТҰРАН ӨЛКЕСІНЕ ТАНЫМАЛ ДІНИ ТҰЛҒА


Оған қоса, Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы руханият әлемінің көкжиегін кеңейтіп, мәдени мұралардың маңыздылығын айқындай түсті. Әрі «Туған жер» бағдарламасы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыру керектігін мәлімдеген болатын. Яғни, оның қатарында;  «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бар. Иә, расында біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Дала елінің әр қиырында тәуменді тарихтың бедері тасқа таңбаланған. Жалпы бұл идеяның түп төркіні – киелі мекендер мен өзге де қасиетті жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. 
Міне, осы орайда Орта Азия мен Қазақ даласына Ислам дінінің тұңғыш насихатталуына айрықша үлес қосып, ел мен дін бірлігінің сақталуына ғұмырын арнаған Әбді Жалил баб. Тарих бедерінде Хорасан ата атымен танылған тарихи тұлға заманының рухани шамшырағы болған. Бізде өз кезегінде «Өз тарихыңды тану – елдігіңнің, өскеніңнің белгісі» деген аталы сөзді ұстанып,  баба тарихына көз жүгірттік. 
АТы әмбеге аян  «Хорасан ата» кесенесі Әбдіғаппар ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан.  «Хорасан ата» аталуының қос бірдей қиссасы бар. Әуелгісі,  Әбдіжәлил баб Иран патшалығындағы «Хорасан» қамалы  қақпасын алғашқы  болып бұзып кіріп, қаланы өзіне қаратып   патшалық құрған. Хорасан шаһарының халқына Ислам дінін насихаттап  енгізіп,  әділ билік жүргізгені үшін жергілікті халық оны «Хорасан ата» деп атап кеткен. Бұл бірінші нұсқасы. Енді екіншісіне тоқталсақ. 
Әбді Жалил баб Қазақ топырағына шығыс медицинасының озық үлгілерін әкелген. Ол жөнінде аңыздар бүй дейді: Әбді Жалил баб қатерлі індеттің бірі – жұқпалы шешек ауруының емін тапқан. Яғни, шешек ауруына қарсы екпе ойлап тауып, науқастарды ауруынан айықтырған. Бұл аурудың ең жеңіл болды деген түрі – науқастың жүзі қарауытып, шешектен шыққан жараның орны инемен шұқып тастағандай қотыр болған. Ондай адамдарды бетінде Қорасан дағы бар деп сыпайылап айтып, шешек ауруына шалдыққанын меңзейтін болған. Осыдан барып шешек ауруының емін тапқан Әбді Жалил бабтың лақап аты Хорасан ата атанып кеткен дейді. 
Айта кету керек, қазіргі таңда баба басына баратын инфрақұрылым жүйесі толықтай шешілген. 2015 жылы облыстық бюджеттен «Әбдіғаппар-Төлегетай-Хорасан ата» автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізуге 106,0 млн теңге бөлініп, кесенеге баратын жол толық асфальттенген. Бұрындары баба басын зиярат етушілер жол азабын тартса, ендігі тақтай түзу қара жол уақыт қысқартады. Оған қоса, кесене аумағын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жыл сайын көктем айында ағаш отырғызудың арнайы күні белгіленген. 
– 2013 жылдан бастап кесененің 3 гектар аумағына жеміс-жидек ағаштарын отырғызу үрдісі жолға қойылды. Бүгінгі күні 1300-ден астам түрлі жеміс ағаштары бар. Негізінде Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбардың мұсылмандар қауымын тал отырғызуға үндеген мынадай хадисі бар. «Қандайда бір мұсылман ағаш егіп не егін ексе, одан адамдар, құрт-құмырсқа мен құстар жеп азықтанса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады». Тағы бір өсиетінде: «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады» делінген. Тереңінен түсінгенге тәлімді тәмсіл жатыр» дейді, «Хорасан ата» кесенесінің шырақшысы Мейрамхан Әбітаев.  
Иә, одан бөлек, діни ғұламаның есімін тереңінен зерттеу мақсатында жыл сайын Қазақстанға танымал дін ғалымдары мен мемлекет және қоғам қайраткерлерінің басын қосып, киелі мекен төрінде республикалық басқосу өткізеді. Ондағы мақсат – Орта Азия мен Қазақ даласының Тұран аймағына тұңғыш Ислам дінін насихаттаған ғұлама ғалым Әбді Жалил бабтың  өнегелі жолын қазіргі ұрпаққа насихаттау. Алдағы уақытта да тарихшы ғалымдар баба ғұмырын айшықтайтын тың деректер легімен толығады деген сенім мол. Сондай-ақ тағы бір қуанышты жаңалық. «Хорасан ата» кесенесі республикалық маңыздағы ескерткіштер қатарына енгізу жөнінде жұмыс жүріп жатыр екен. Қазір облыстық комиссиядан қолдау тауып, республикаға мемлекеттік комиссияға ұсынылған. Бұл жөнінде бізге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ескерткіштер жөніндегі маманы Ажар Ахметова мәлімдеді. 
Жалпы, түйіндей келе, Әбді Жалил баб жайлы мақала жазу, бізді үлкен бір тұжырымға жетеледі. Ол – асыл дініміз Исламның Тұран жеріне келуі. Міне, осындай есімі дара діни тұлғаларды жастар арасында насихаттау керек. Себебі, қазіргі таңда қоғам өмірінде ата-баба дінін мансұқ еткен дәстүрлі емес, діни ағымдардан жетегінде кеткен адасқан жастар халқымызда қалыптасқан ұлттық дәстүр мен ділдегі ұстанымның басым бөлігі Ислам дінімен бірге біте қайнасып жатқанын білер еді. Сонда ғана, жастарымыз төл сенімінде берік тұрса, сырттан келетін рухани басқыншылыққа тегеурінді түрде төтеп берері айқын. 
                                                                  Әбдісамат ӘБДІШ
body>
23 қаңтар 2018 ж. 1 610 0