МҰРАЖАЙ – МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ШЕЖІРЕСІ
Жаһандану дәуірінде жастардың бойына Ұлы даланың ұлағатын сіңіру маңызды міндет. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының мәні де осында. Сондықтан жастарға тарихи орындар мен құнды жәдігерлерді таныстырып, олардың тарихи санасын жаңғырту қажет-ақ. Аудандық тарихи-өлкетану музейі, аудандық білім бөлімі және аудандық білім саласы кәсіподақ комитеті осындай бастамаға ұйытқы болды. Нақтысын айтқанда, Жаңақорған және Шиелі кентіндегі музейлерге ауданның мектеп оқушылары баруына жағдай жасады.
Тарихи-танымдық экскурсияда аудандық музей қызметкері Бақдәулет Таждинов жол бастады. Экскурсанттар алдымен Шиелідегі Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде болып, еңбек адамының ұлағатын таныды. Музейдің бірінші залында – ХІХ ғасырдың аяғында Сыр бойында тұрақты күріш өсіру Шиеліде басталып, кейіннен Шіркейлі Қуандария бойында тарағанын, күріш жерін дайындау, суғару, орып жинаудан бастап, қапқа түскенге дейінгі еңбегі қанша қиын екенін ұғындыратын экспонаттар орын алыпты. Ал, екінші залда Ы.Жақаевтың қоғам қайраткері, халқының қалаулысы болғандығы және шет елдерге сапары, өмірінің соңына дейнгі еңбек жолдары, 1964 жылғы облыс жастарына жазған Үндеу хаты, осы хат негізінде жахаевшылар қозғалысының басталу кезеңдері экспозицияланған. Үшінші залда Ы.Жақаевтың облыс көлеміндегі ізбасарлары мен еңбек майталмандарының жетістіктері, Жақаевшы жастардың екпінді еңбегі орын алыпты. Музей қызметкерлері жастарға адал еңбек биіктерге бастайтынын ұғындырып, оны Ыбырай Жақаевтың ғұмыр жолымен байланыстыра сабақтады. Сосын жаңақорғандық жастар Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер мұражайына барып, өнер мен мәдениетті дамыту жолында еңбек сіңірген ақын, композитордың өмірін, күрескерлік жолын зерделеді. Музейлерді аралаған оқушылар тарихи-мәдени ескерткіштермен, тарихи оқиғалармен танысып, мыңжылдықтарға жалғасатын Ұлы даланың белгілі кезеңдерін санасына тоқып, рухани кемелдене түсті.
– Мұражай тек құндылықтар сақтайтын қойма немесе сол құндылықтарды көрсететін көрме ғана емес. Ең алдымен, ол – ұлттық ғылыми-зерттеу мекемесі. Мұражай – өткен мен болашақты жалғастырушы орда. Елдің өткені, бүгіні, болашағы осы мұражай арқылы танылады. Біз мұражай арқылы тарихымызды, өз-өзімізді танимыз, – деп әсерімен бөлісті Бақдаулет Таждинов.
Экскурсияның басты мақсаты – ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру, интеллектуалдық қабілетін дамыту, жеке тұлғалық болмысты қалыптастыру, көне жәдігерлерге құрметпен қарау және ең бастысы ұлттық рухани құндылықты насихаттау.
Лаура АЙДАРХАН.




