№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

№85 (8796) 25

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » МЕКТЕПтегі МУЗЕЙЛЕР МҮМКІНДІГІ

МЕКТЕПтегі МУЗЕЙЛЕР МҮМКІНДІГІ


Музей – елдің рухани қоры, мәдени мәйегі. Яғни, ұлттық кодтың қоймасы деуге болады. Сондықтан әрбір ауылда музейдің жұмыс жасағаны құптарлық іс. Әсіресе, білім ордаларында елді мекеннің өткені мен бүгінін танытатын музейлер болса қанекей? Мұндай рухани орталықтар көп болмаса да, бірнеше мектепте бар. Біз солардың жағдайына тоқталсақ.
Алдымен, аудан мектептеріндегі ескі музейдің бірінен бастасақ. Іргетасы 1979 жылы қаланған Ж.Қыдыров атындағы №54 орта мектептегі тарихи-өлкетану музейінің қоры қалыптасқан. 40 жылға жуық тарихы бар музей өскелең ұрпақтың ауыл тарихынан сусындатып, құнды деректер алуына мол мүмкіндік туғызуда.
– Жалпы, мұражайда ауыл мен мектептің өткенінен естеліктер жетерлік. Сондай-ақ, білім ордасына еңбегі сіңген тарихи тұлғалар мен ұлағатты ұстаздардың өмірі өрнектелген. Әрі, биыл 20 жыл директор болған Орынбасар Абибуллаевтың ұл-қыздары музейдің ішін жаңалауға қол ұшын созды. Міне, осындай игі істердің арқасында шәкірттерге тарихи деректерді насихаттап келеміз, – деді мектеп директоры Нұралхан Тіктібаев.
Жалпы, мұражайдың негізгі жұмысы – тарих арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерді, оқиғаларды насихаттап, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Яғни, өлкетану мұражайы оқушылардың тарихи санасын кеңейтіп, әдет ғұрпы мен салт дәстүрін құрмет тұтатын эстетикалық дағдыларды қалыптастыруына ықпал жасайды.
Одан әрі, тау беткейдегі Манап ауылындағы №160 орта мектептегі мұражайдың бүгінін бағдарладық. Ақын Манап Көкеновтың естеліктерінен сыр шертетін мұражай 1997 жылы ашылған. Қазір онда ақынның кітабы, қолжазбасы мен тұрмыста қолданған бұйымдары, домбырасы мен шапаны сақтаулы.
– Оқушылар музей ішінен өздеріне қажетті ақпаратты алып, білімдерін толықтырады, рухани қуат алады. Әрі, жас буынның шығармашылықпен шұғыл-дануына оның атқаратын қызметі зор. Сондықтан, Манап ақынның өлеңдері мен өнегелі сөздері сондай шығармашыл жастарға бағдар берері анық, – деді ұстаз Бақыт Бекетова. Алайда, 20 жылдан асқан музейге жаңғырту жұмыстары керек-ақ.
Келесі кезекте №213 білім ордасындағы 1996 жылы ашылған Әбдіғаппар Нұртазаев атындағы мұражай. Соғыс жылдарынан кейін аудандағы совхоздарда агроном және басшылық қызметтерді абыроймен атқарған еңбек ерінің өткені кейінгіге өнеге. Сондықтан, атадан қалған асыл мұралар жастарға тарих болып арнайы кабинетте сақтаулы тұр.
– Мұражайдың негізгі мақсаты ұлы тұлғаның еңбектерін, суреттері мен құжаттарын жинақтап, оны сақтау, насихаттауды жүзеге асыру. Сонымен қатар, мұражай мұралары тәлім-тәрбие көзі демекші, оқушылармен бірлесе көптеген іс-шаралар өткіземіз. «Хорасан ата», «Қылауыз ата», «Қылышты ата», аудандық өлкетану мұражай мен «Төлек ата» тарихи орындарына саяхаттап тұрамыз. Бұл оларды отансүйгіштікке баулиды, – дейді Әлия Әбсаттарова.
Көне Өзгент қаласынан табылған кейбір құнды жәдігерлер №224 білім ордасының тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. 1993 жылы ашылған уақыттан бастап мұражайға Өмірзақ Мырзабаев жетекшілік етіп келеді. Жалпы, ауыл төңірегінде тарихи орындар көптеп кездеседі. Олардың негізгісі – «Қыр Өзгент» қаласы.
– Өзгент қаласының тарихы мен ауыл төңірегінде орналасқан киелі орындар мен кесенелер туралы зерттеулер мектепте кездеседі. Сондай-ақ, ақын, жырау Құтбай Дүрбаевтың шығармашылық зерттеулері де бар. Ақынның өмірі, жыраулық мұрасымен қатар соғыс және еңбек ардагерлерінің өмір деректерін осы жақтан кезіктіруге болады, – деді Өмірзақ ағай. Мұражай 10 бөлімнен тұрады. Онда ауыл тарихы мен еңбегі елге сіңген ерлердің есімі жазылған тақталар бар. Қыр Өзгентке саяхат жасау барысында табылған кірпіш, құмыра, темір қортпасының қалдықтары, мыс теңгелер және басқа құнды заттар сақтаулы. Жалпы алғанда 1200-дей экспонат бар. Қазіргі таңда мұражай қоры археологиялық жәдігерлердің, зергерлік әшекейлермен толығып келеді.
Айта кететіні, мұндай өлкетану мұражайлары №209 мектепте, №3 мектеп-интернатта және №51 М.Қаратаев атындағы білім ордасында, А.Романов атындағы №53 мектеп және т.б. білім ошақтарында бар. Олар жайлы алдағы уақытта толығырақ тоқталатын боламыз.
Қорыта айтқанда, аудандағы мектеп жанындағы мұражайлардың бүгінгі бағыты осындай. Әрине, көңіл қуантарлық деуге болады. Алайда, музейлердің құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, ондағы жәдігерлердің орнығуына ыңғайлылық тудыруға мән берілсе екен. Себебі, музей өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттырып, елін сүюге тәрбиелейтін бірден-бір құрал. Ал, кейбір мектептерде ұлттық тарихымыздың дерек көзіне айналған музейлердің жұмысы мүлдем ескерусіз қалып жатқаны өкінішті-ақ…

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
03 наурыз 2018 ж. 2 640 0