От кешкендер
Жуырда аудандық тарихи-өлкетану музейінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай «Ауған асуында от кешкендер» атты шара өтті. Оған ауған соғысы ардагерлері мен №169 орта мектеп оқушылары қатысып, шара барысында патриотизм, елшілдік қасиеттер арқау етілді.
Бейбіт сүйгіш елде, бейбіт күндерді өз Отанының емес басқа елдің мүддесін қорғауға аттанып, өзге елден «Қара табытпен қайтқан» сарбаз жерлестерді бір сәт үнсіздікпен еске алды. Шара Ауған соғысы туралы бейнероликпен басталып, Ауған соғысының ардагерлері Жақсылық Аюпов, Пәзілбек Сегізбаев, Бектұрсын Ахметов ел тарихындағы осы бір кезең жөнінде тарқата айтып, бастарынан кешкен отты майданның қатыгез күндерінен сыр шертті. Одан соң, аудандық «Ауған соғысы ардагерлері және патриот жастары» қоғамдық ұйымының төрағасы Қуаныш Әбілакімов сөз алып, жастарға ағалардың ерлігі туралы бірқатар ғибратты ой толғамдарын жеткізді.
№169 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Жанаділова, сынып жетекшілері Меруерт Нұрлыбекова мен Ақжарқын Дүйсеева, музейдің ғылыми қызметкері Дәрмен Құралай бірлесіп ұйымдастырған кездесу соңында мектеп ішінде құрылған «Адал ұрпақ» мектеп клубының мүшелігіне қабылдау салтанаты болып, ардагерлер оқушыларға төсбелгі тақты.
Жұпар ШАЙМЕРДЕНОВА.