Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » “Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз?”

“Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз?”

    Жылқы мінезді қазақ деп жатады. Туған халқымыздың табиғатына, тектілігіне қарап айтылған теңеу. Өйткені жылқы текті жануар ғой. Судың тұнығын ішеді. Хас тұлпарға қатысты қаншама асыл қасиеттер тұла-бойымызда тұнып тұр. Қазіргідей барлығы қол созымда, басын анау айтқан қатерге тікпей-ақ ханның баласындай өмір сүруге болатын бейбіт те, мамыражай заманда ол қасиеттер көмескіленіп, көрер көзден қоғажу қалуы да мүмкін. Дегенмен де жай күнде нажағай ойнағандай талайыңның тас-талқанын шығарар тағдырдың жазуы деген де болады. Әлгі бойыңда бұғып жатқан бұла күш, қастерлі қағида, қайсар мінез міне, осындайда мұңлы жанға медет қана емес, дімкәс көңілге дәруің, рухыңды қайрар қаруың болып тар соқпақта құлатпай, сын сағатта жылатпай небір қиындықтардан алып шығады екен.
   Бірлік ауылынан келген ұстаз-ағамен әңгімелесіп отырып мен осындай ойға қалдым. Өзі әңгіменің майын тамызып, әдемі айтады екен. Әңгімені кім айтпайды, сөзінің түйірі болмаса, мәйегіне жұрт қанбаса. Ал енді әрбір пікір-пайымын түйіндеп, әңгімесін әсерлі жұптаған сайын айтқанын еріксіз құптап, құмарта тыңдағың келе берсе сұхбаттасыңның жан сырының жер бетіндегі ақиқат заңдылықтарымен астасып, табиғи тазалығына қылау түсірмегені деген сөз.
   Қырық жылға жуық бала оқытыпты. Оның жиырма жылында ауылдағы білім ордасының тәрбие ісі мен оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, одан әрі мектептің директоры болып қызмет атқарған бұл кісінің еңбек жолы бай тәжірибеге де тұнып тұр. Тәжірибе демекші, істің көзін таба білетін зеректігімен дара танылған оның кезінде Кеңес өкіметі тарап, елдің әлеуметтік жағдайы тұралап тұрған тоқырау жылдарында мектебінің жағдайын төмендетпей, өзге оқу ошақтарында қат болып, қалтыратып тұрған көмір мен отыннан да тарықтырмай тығырықтан алып шыққан іскерлігін білім бөлімі басшылығы барынша бағалады.
  Ал мұның жатса-тұрса санасын саққа жгіртіп, мазалайтын мәселе – білімнің сапасы. Оны қалай көтеруге болады? Бірде ана-оу жоғарыдағы басшылары ауылға ат басын бұратын болғанда осы жағдайларды жеткізіп, түйіні тарқатылмай тұрған мәселелерді жасырмай-көлегейлемей көлденең тартпаққа белді бекем буған. Күн тәртібі күткенінен басқаша бедерленді. Біле бермейді екен, басшы дегенге бас шұлғып, бабын тап. Басшыға жағымпаздықтың кеспірі карта ойнап, өтірік ұтылып пара берумен тәмамдалды. Өмір бойына баланың миына білгенін шегелеп құйып, күйіп-пісумен жүретін көнтерілі ауыл мұғаліміне мына көрініс төбеден түскендей ауыр тиді. Өздері құдайдай құрметтеп, төбе тұтып, Пайғамбар санап жүрген мына шіркініміздің бала жағдайына бас ауыртып, бір ауыз бірдеңе демегені: оқушының үлгірімі қандай, оны оқытып жатқан мұғалімнің халі нешік, мектептердің жай-күйі қандай? деп бір мысқал қаперге алып, мезіреті жасамауы ұрпақ қамы үшін өз-өзін қамшылаумен келе жатқан қайран көңілді қарадай жасытып тастады. Тақ тұрып сеніп, соңынан еріп, тау санап жүрген тұлғамыздың түрі мынау болса, сонда біз қайтпекпіз? Балаларымыз қайтпек?
  Көп ұзамады, өзі де бір түйінді шешімге келді. Өзін директор тағайындаған заврайоноға кіріп, жұмыстан босату жөнінде арызын берді. Бала тағдыры ойыншық емес қой, бұлай жұмыс істей алмайды екен. Бұлай ешкім де жұмыс істемеуі керек.
  Қазақ тілі-әдебиеті пәні мұғалімі шәкірттерін де әдебиетке сүюге баулыды. Әдебиетті сүю деген сөз әлемді сүю. Жақсыға сүйініп, жаманға күйіну. Адамзаттың ортақ асыл құндылықтарын қадірлей білу деген сөз. Ондай адамның ойы озық, өресі биік болмай ма?
Мектепті бітіріп кетіп бара жатқан шәкірттері соңғы қоңырауда ұстаздарына сыйлыққа ескерткіш іздеп әуре болғанда осы ағайлары «Кітап сыйлаңдар. Ол алтыннан да қымбат қой» дейтін. Өзі қалаға барса кітап дүкендерін қоймай аралап жүріп, ауыл кітапханасынан табылмайтын небір тамаша туындыларды қолға түсіріп, жеке кітапханасының сөресін толықтырудан жалықпады. «Абай жолын» оқымасаң, онда сен ешнәрсе оқымағаның». Әлемдік ірі қайраткер тұлғаның осылай айтқаны бар. Бұл кісі мектеп бітіріп кетіп бара жатқан «Абай жолын» оқымаған шәкірттерінің қолына мектеп бітіргені туралы аттестатты бермей, талап қоюдан танбады.
  Ілгеріректе, Алматының «Жалын» деп аталатын кітап дүкеніне бас сұққан . Шікірейте костюм киген, галстук таққан бір құрдасын көрді, қолында «Бес ғасыр жырлайдыны» ұстап алыпты, «енді мұның үшінші томдығы қайда?» деп сатушының жанын алар түрі бар. Тауып бере алмай әлектеніп жатса да дігірлеп қояр емес. Ұсқынында кітапқа, руханиятқа ынтызарлықтан гөрі нысапсыздық, нықырту, төрешілдік басым. Қарап тұрып мұның жыны қозды. «Не істемексің оны, – деді бір кезде оған қарап. Қадіріне жетіп тұрмысың өзі?
«Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз
Күдеріне бау тағып
Ақсауыт киер ме екенбіз?
  Кімнің өлеңі бұл?» деген анаған қарап. Анау аңтарылып қарады. «Ақтамбердінің жыры ғой» деп айта алмады. Білмейді екен деді бұл, онда «Бес ғасыр жырлайдыда» не ақысы бар. Ол не үшін, үйіне сықап қойып, міне мынау интеллигент, кітап оқитын адам дегізіп елге көз қылу үшін бе?
  Кітапты көп оқитын адамның көзқарасы терең, көңілі бай. Тіпті асыл туындыларды дүниеге келтірген хас таланттарға сыни тұрғыда баға беріп, салыстыра зерделей бастағаны осы кісінің ой орамдарынан аңғарылып тұр.
«Соңғы кезде, – деді ол Қайрат Жолдыбайдың «Имани гүл» деп аталатын кітабын оқып жатырмын» – деді ол. Кітаптың «Имани гүл» деп аталуы данышпан Абайдың мына бір өлең шумақтарына байланысты
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жол осы деп әділетті.
  Хаһім Абай мұнда пенденің әуелі жаратқан иесін, сосын барша адамзатты және әділеттікті сүюді, яғни осы үш ұлы сүюдің жиынтығын «Имани гүл» деп атағанын көреміз. Шындығында иман ақиқаты осы үш махаббатпен тарайды десек қателеспейміз.
Жаратылыстың бүкіл сыр-сипатын ақиқи түрде айқындап беретін бұл кітапты оқығалы бері бұл кезге дейін өзінше түйін жасаған піршілік туралы тұжырымдамаларына түбірімен түзетулерді көп енгізетін болғанын айтты.
Адам жылқы мінезді деген жалпы ұғым бар. Жылқыда да адамның адалдығы, тазалығы, еңбексүйгіштігі, тұрақтылығы, мінезі сияқты көптеген қасиеттер бар. Жылқы күмәнді азыққа ауыз былғамайды, лас суды ішпейді, лас жерге жатпайды.
Текті айғыр өз үйірінің тазалығын сақтайды. Өз үйіріне буаз биені жолатпайды. Төрт түліктің басқасында мұндай қасиет жоқ. Текті жылқы да текті жігіт тәрізді. Ертеректе барымта кезінде анасынан құлындай ажырап қалып, жылдар өте үйіріне қайта қосылғанда аңдаусызда енесіне емексіп, ниетінің бұзылғаны үшін айғырдың өзін-өзі жазалап, жардан құлап өлгені туралы аңыз тегін айтылмаса керек-ті.
Жылқы малы жан алып, жан беріскен соғыстарда, барымтада, бәйгеде, көкпарда, жорықтарда, қаншалықты аласапыран қырғындарда қарсы жақтың мерген, жаралы болған жауынгерлерінің денесін баспаған. Жылқының мәрттігі осындай, көп жағдайда аттан құлаған адам аман қалады. Сол үшін де халықта «Есек тұяғын төсейді, ат жалын төсейді» деген сөз бар. Хас тұлпарларға тән әлгіндей тазалықтың, пәктіктің, мәрттіктің көп адамдарға жетпей жатуы өкінішті.
Пенде атаулының табиғатына қанағатсыздық тән. Болған үстіне бола түссем деген нысапсыз пыйғылға бой алдырып алатынымыз да рас. Бірақ одан да үстем тұрар, сезімді бұғаулап, сананы салмақты ақылға жеңдірер парасат иелері бізбен қатар өмір сүріп жатыр. Мұндай адам өз жанын аямайды, өзгенің бақытын аялайды. Сол жолда тағдырын тәуекелге тігуге де бар. Жастайынан сүйіп қосылған жан жарынан айрылған ағамызға балалары талай рет қолқа салған көрінеді. «Орта жолда Сіздің жалғыз жүргеніңіз жанымызға батады. Үйленіңіз». Мұның ары ойланып, бері ойланып берген жауабы: Мен үшін бұл өмірде аяулы жандар көп емес. Солардың қатарында жан-жарым, өздерің барсыңдар. Қосағымнан тағдыр айырды. Екеумізден ендігі қалған аманат – сендердің көңілдеріне сызат түсіріп, сындырып алсам қайтем. Бүлінген затты бүтіндеуге болар, бірақ қалған көңілді қайтып орнына келтіре алмайсың, мен осыдан қауіптенемін. Әйел табылуы мүмкін, бірақ сендерге ана табылмайды» деп бұл мәселеге біржолата нүкте қойған. Бұған дейін де көп ойланып, көп толғанып көз алдынан осындай қаншама тағдырлары біртіндеп өткізіп саралап салмақтап көріп еді маңдайының соры арылмаған сорақылықтарды байқаған соң да осындай байламға келген. Ия, берік қамалын түзіп, күдерді үзіп, күреңді міну, әсілі әркім өз тағдырына қожа болуы үшін де кісіге мінез керек. Мінсіз қоғамды жасайтын да осындай мінезді адамдар керек. Сөзінде тұратын, әділдіктен әріге баспайтын мұндай жандар алдымен өз ар-ожданының адал қорғаны. Қарақан басының қадірін ұлықтай білгенге қара жұқпайды. Мүмкін, мына өмірді тұғырында ұстап, адам атын арсыздық деп аталар аждаһаның аузынан арашалап тұрған да нақ осындай, әзірге өздеріңізге жұмбақ қалдырып отырған бүгінгі кейіпкеріміз сынды жаны асыл тұлғалардың тазалығы шығар.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
27 наурыз 2019 ж. 1 436 0