Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Албасты

   Неге екенін бір Алла білген, осы бір «албасты» деген тіркес біздің елдің кез келгенінің аузынан сәл  кейісе болғаны естіліп қалады. Сондықтан да болар, «албастыға» арналған шымшымалар оның өщімен қатар өмір сүріп, таразы басын теңестіріп жатады.



   Арқа еліне танымал болған суырыпсалма ақын Бұралқы Құдайбергенұлының сөзге зергер болғаны рас. Ал сол кісінің үйреткен өлеңін жаттап, «ал жіпер» дегенде жіп-жіңішке ащы дауыспен қоя беретін тұрымтай әншісі болғаным, Бүрекеңнің алдынан түспей «Иген сері» атанған шақтарым – төрт-бестердегі кезім болса керек.
Бір жолы Бұрекең:
 – Қазір Шайгөздікіне барамыз. Оның Әмина деген керемет сұлу қызы бар, соған арнап өлең шығарып берем, ал сен мен ым қағып «жіпер» дегенде қоя бер, – деді. Үйреткен өлеңі:
«Тазымды шақырамын Кербалақтап,
Жанымда қызыл түлкім жүр салақтап.
Әмина отыр ма екен, жатыр ма екен,
Үкідей ұядағы көзі алақтап».
Бұрекеңнің қаққан ымы бойынша, өзі үйреткен ырғақпен әнді қоя бердім. Шайгөз ақсақал атып тұрып, Бұрекеңе шеңгелін салмақ боп ұмтылғанда, Бұрекеңмен бірге жүргендер Шәкеңді басып, әрең сабасына түсіріп жатыр. Бәрі мәз, шарасынан асып төгілген риясыз күлкі. Сөйтсем, Бұрекеңнің шайгөзге құрдастық па, әлде жезделік пе, әйтеуір бір ойнайтын қалжың-оспағы болады екен. Әлгі соның бір түрі болса керек.
«Сұрасаң менің атым Иген сері,
Күнде той, күнде жиын жүрген жері.
Бәріміз ұйымдасып ел болайық,
Қыздары «Коммунардың» келсін бері.
Жанымда былғарыдар қыным бар ма?
Қыз десе бозбалада тыным бар ма?
Солқылдап екі шекем жүргізбейді,
(осы жолды айтқанда сұқ саусақпен екі шекемді нұсқаймын – И.Х)
Апыр-ау, қыз дегенде жыным бар ма?
Міне, осылай көшпелі театрдың «Иген серісі», Бұрекеңнің магнитофоны іспетті, қалай бұраса, солай саңқылдап, елді думанға бөлеген екенбіз.
Бұрекең ұзын бойлы, қарасұр, шошқа сақалды тарамыс кісі болатын.
Иә, бірді айтып отырып біріне кетіп қала берем. Сол Бұрекең де әлгі «албасты» деген сөзді жиі қолданса керек. Бұрекеңнің, тілі тотиятындай бірінен-бірі өткен Шалабай, Кенжебай деген екі інісі болды. Сол Кенжебайы әңгімеге араласып, Бұрекеңнің сөзін бөле беріпті. Бұрекең отырып:
 – Ей, албасты, сен сөзді бөле бердің ғой, онда, мен қойдым. Сен айт! – деп пышақ кескендей тыйыла қалыпты. Жұрт әңгіменің ар жағы неме тынар екен дегендей аңтарылып қалады.
Сонда Кенжекең іркілместен: 
– Бұрекең албастыны естігені болмаса көрген жоқ. Өзіміз көрдік. Албасты деген ұзын бойлы, шоқша сақалды қатпа қара тарамыс кісі болатын, – депті айылын жимастан. Інісінің тапқырлығына риза болған Бұрекең: 
– Тіліңе шоқ түссін, Кенжебай! – деп кеңк-кеңк күліпті.
***
«Албасты» тіркесінің басына су құюдың амалын қаншалықты шебер тапқанмен бірде болмаса бірде уық арасынан шыққан жыландай сусып, ұстатпай кететін осы бір ұры сөздің жаны сірі-ақ.
Бір үйге кілең ығай мен сығай жиналып, бағланның басын ұстайтын адамды анықтау үй иесіне қиындыққа түседі де, манағы Кенжебай сияқты ауыл адамының біреуінің алдына басты қойып: 
– Қонақтардың жалпы жобасын білгенмен, жөндеп ажырата алмадық. Біз білмейтін әктіп балалар көбейді ғой. Өзіңіз жөнін айтыңыз, – дейді.
Сонда ауыл адамы: 
– Жас та болсаң райкомнан келген атың бар, сен ал басты! – деп райком инструкторының алдына қояды. 
– О не дегенің, ауылдан сырт жүр деп сыйлағаныңа рақмет! Дегенмен бәрімізден жасың үлкен өзің ал басты, – деп, қайтадан алдына дік еткізеді.

Иген ХАСЕНҰЛЫ.
12 наурыз 2019 ж. 1 495 0