№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 320 ТҮП АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

320 ТҮП АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ


Жаңақорған топырағында Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесінде айтулы басқосу ұйымдастырылды. Шынында қазыналы Қаратау мен сұлу Сырды бойлай орналасқан Жаңақорған жері шежіреге толы өңір. Соның айқын бір дәлелі – Орта Азия мен Қазақ даласына Ислам дінінің тұңғыш насихатталуына айрықша үлес қосып, ел мен дін бірлігінің сақталуына ғұмырын арнаған Әбді Жалил баб Ысқақ баб пен.
Тарих бедерінде Хорасан ата атымен танылған тарихи тұлға, діни ғұлама Әбді Жалил баб ұрпағы мен аудан тұрғындары жылдағы дәстүрден жаңылмай әз-Наурызда киелі мекенде кесене аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, ағаш отырғызды. Сауапты іске аудан тұрғындарынан бөлек Ташкент, Сарыағаш, Шымкент, Қызылорда, Арал және т.б. қаладан келген меймандар қатысты. Жалпы, 20 шырша, 300 жеміс ағаштары отырғызылды. Расында баба басына жиылған жұртшылықтың санында есеп жоқ. Іштей: «Өз тарихыңды тану – елдігіңнің, өскеніңнің белгісі» деген осы болар дедік. Алғашқы кезекте алыс-жақыннан жиылған ағайын атшаптырым аумаққа ағаш отырғызды. Ондағы ниет – кесене маңын көгалдандыру және келешегі кең көлемді бау-бақшаға айналдыру. Жеміс ағаштарының күтімімен қоса, шырақшылық қызметті атқарып жүрген Мейрамбай өз ойымен бөлісті. «Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбардың мұсылмандар қауымын тал отырғызуға үндеген мынадай хадисі бар. «Қандайда бір мұсылман ағаш егіп не егін ексе, одан адамдар, құрт-құмырсқа мен құстар жеп азықтанса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады». Оған қоса, «Атадан мал қалғанша тал қалсын», «Бабалар еккен шынарды, балалар саялайды» деген даналық сөздің мағынасы әз-Наурызбен астасып жатыр» деді шырақшы.
Иә, әрбір істің бастауы «Бісміллә» демекші, бірінші кезекте баба рухына Құран бағышталды. Соңыра бата жасап, елге амандық, жұртқа тыныштық тіледі. Осылайша, Алланың кәләмін оқудан шымылдығы түрілген басқосудың алғашқы сөзін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс модераторлық етті.
– Бірінші кезекте баршаңызды Ұлы Дала елінің ұлық мерекесі – Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Ата-бабамыз ықылым заманнан бері Наурызды жақсы ниетте қарсы алып, Жаратқаннан елдің тыныштығы мен халықтың бірлігін тілеген. Міне, бүгін осындай айтулы мерекеде жылдағы дәстүрге сай Әбді Жалил баб ұрпақтары алыс-жақыннан жиналып, бәтуәлі істің бастамашысы болуда. Осы орайда, өткенімізді өзіміз тануымызбен бірге, бабалардың өнегелі жолын қазіргі ұрпаққа насихаттау ләзім, – деді «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» Ержан Уәйіс.
Мұнан кейін мазмұнды жиында Жаңақорған ауданының бұрынғы әкімі Мұхитдин Исмайлов, еңбек ардагері Ибадулла Байғожин, ОҚО, Шардара ауданынан келген Әнуар Сейтжанов көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, бабаның рухани-мәдени тағылымдамасын сөз етті. Ал, академик Батыр Айтжанов Хорасан атаның алаш жұртына ортақ тұлға екендігін айтып, оның ғұмыр жолы мен өнегелі істерін ғылыми тұрғыда зерделеуді ұсынды.
Осылайша шұғылалы көктемнің шуақты күнінде тал отырғызылып, кесене маңын тазартып, тазалықты ту еткендердің басты мақсаты – елі бақытты, жері гүлденген, Тәуелсіз Қазақстанды «Мәңгілік ел» ету жолында аянбай тер төгіп, дін ғұламасы Әбді Жалил баб есімін ел арасында кеңінен насихатталуына себепкер болу еді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
27 наурыз 2018 ж. 1 737 0