№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Әже

  Осы бір мейірімге тұнып тұрған атауды иеленген ақ шашты әзиз жандар өзінің немере-шөберелерінің ғана емес, әулеттің әжесі бола алуы ғажап. Ал әулеттен асып бүкіл ауылдың ортақ әжесі бола білген асыл ананың атын қалай асқақтатсақ та жарасады. Біз бүгін өздеріңізбен осындай әз тұлға Рәзия апа Құлымбетова туралы сыр шертпекпіз.

   Өзіміз көп айта беретін кешегі асыра сілтеу саясатынан туындаған ашаршылық нәубетінің, одан кейінгі алапат сұм соғыстың кезеңі әйел-аналар басына да зобалаң туғызып, жарқын өмірлерін жарымжын еткені тарихи шындық. Бірақ, сонда да тәубесінен танбай, жан тазалығына сызат түсірмеген тілеуқор аналарымыз тас түйініп, арына дақ түсірмей, тағдырын таяныш етіп, талай тар жол тайғақ кешулерді бастан өткерсе де тұғырынан түспеген тәуекелділігін ту етіп, бар қиыншылыққа қажыр-қайраттарын қарсы қоя білді. Осындай қадір-қасиеттерімен соңына мағыналы із қалдырған аудан ағарту саласының майталман жауынгерлері қатарында Құлымбетова Рәзия анамыздың да өлке тарихында өзіндік орны, айшықты қолтаңбасы бар екенін ұрпақ санасында жаңғыртуды міндетіміз деп санадық.
Рәзия Құлымбетова 1920-жылы туылып, ата-анадан жастай жетім қалып, Шиелі балалар үйінде тәрбиеленеді. Кейін Алматыдағы Камал ағасы өз қолына алып, музыка мектебінің фортепиано қласына оқуға береді. Сол жылдары Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтіп, Темірбек Жүргенов ағамыз басқарып барған Мәдениет қайраткерлері делегациясы құрамында тұлымшағы желбіреген жауқазын қыз – Рәзия да бар еді.
  1940-жылы сәуірде Рәзия апамыздың Бірлік ауылы тұрғыны Әшімов Әбдуәлімен бас қосуы елгезек қыздың қайта елге келіп, халық ағарту ісіне білек сыбана кірісіп кетуіне жол ашты. Осы жылы қараша айында Әбдуәлі ағамыз кәрі ата-анасын, үш бауырын жеті айға жуық отасқан аяулы жарына табыстап, әскер қатарына аттанады. Оның соңы қанқұйлы соғысқа ұласады. Шалғайда жүрген азаматтың сағынышты хаттарын алып отырған бір үйлі жан сыртында әскери бөлімшенің мөрі бар солдат хатына да зар болып қалады. Төрт көзі түгел күтумен өткен күндерді, шала ұйқы өткен түндерді ойға алудың өзі қандай ауыр. Бұл туралы Әшімов Әбдуәлінің інісі Шайдарбек аға былай сыр шертеді: «1942-жылдың басында ағамыздан хат келді. Онда «Аман-есенбіз, соғыс ауыр. Бір окопта үш күн жаттық, шығу мүмкін емес. Бір түйір қантты үш күн нәр еттік. Тірі болсақ көрісерміз. Әкем мен анама, бауырларыма қамқор бол» деп жазыпты. Міне, бұл соңғы хаты болды. Сұрапыл соғыс бітті. Аман қалған азаматтар елге келе бастады. Ал, Рәзияның күткен жары жоқ. Әкесі кеткенде іште қалған шарана – Шәмшияның өмірге келуі бірқос ана қайғысын жеңілдетіп жасты жанарына шуақ сыйлады. Рәзияда: «Жалғыз қызымды ешкімге жаутаңдатпаймын, жетілдіремін» деген ойдан басқа мақсат болмады. Жан-жарының өлі-тірісін білу үшін жаны тынбай іздеу де салды. Дерегі өлінің де, тірінің де қатарынан табылмады».
  Рәзия Құлымбетова 1944-жылдың тамыз айынан бастап Төменарықтағы А.Д.Романов атындағы мектепке орналасып, зейнетке шыққанға дейін осында ұстаздық етті. 1967-жылы оған «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» құрметті атағы берілді.
  Жүрегі кең ана ұлағатты ұстаз ғана емес, қадірменді ел анасы да бола білді. Оның сан қырлы қасиеттері-қайнылары «генерал жеңеше» атаған айбарлы мінезі, турасөзділігі, адалдығы, ақжүректігімен қоса он саусағынан өнері тамған қолөнер шеберлігімен құлпыртып қоятын жасау-жабдықтарының өзі айналасының аузының суы құри айтатын аңызға айналды. Ол жалғыз қызы Шәмшияны да осы өнерге баулыды. Ана құшағында алаңсыз өсіп-өніп, жоғары білім алып, кейін сол өзі оқыған институтта ұстаздық қызметте қалған Шәмшия Әбдуәліқызы қанмен сіңген қасиеттің бағын ашып, баянды ету мақсатында кешегі кеңес дәуірінің өзінде Қазақ телевидениесінде ұлттық өнерімізді насихаттайтын бағдарламаны тұрақты жүргізіп, бойдағы барын келешек жадында жаңғыртуға тер төкті. Шәмшия апамыздың өз өнерімізді өрге бастырудағы осынау қажырлы еңбегі жөнінде сол кезеңдері жергілікті газетімізде «Ұлағат ұясы» деген тақырыпта материал да берген болатынбыз. Ал өнерлі апамыз болса осынау дара қабілетінің қайнар бұлағы саналатын ана тағылымына әр уақытта тағзым етіп қана қоймай, мазмұнды мұраның тынысын ашып, керегесін кеңейтуді парызым деп санайды.
Жиырмаға жетпей жесір атанып, тағдыр тауқыметін жалғыз көтерген көнтерілі ананың көңіліне демеу болсын деп тұңғыш қызы – Ботаны он бір айлығында әжесінің бауырына салды. Бота – Төменарықта өсіп, ер жетті. Ботаның да әжеден – сыры тереңде жатқан салиқалы жаннан алған тәрбиесі таңғаларлық. Осынау отты жүректі, өр мінезді, намысына берік қайратты аналарымыздың тағдыр талайының өзі кейінгілерге үлгі, ұлағатты өмір мектебі болса керек. Алыс пен жақынды теңдей көріп, бауырына тарта білетін осынау абзал жанға деген қайын жұртының ықыласы да ешуақытта ортаймайды.
  Бесінші ме, алтыншыда ма оқитын кезімде анаммен бірге Төменарықтағы осы әженің үйіне қонаққа барғаным есімде. Қасымызда Жәмила (Бадирова), Қаракөз апайлар бар. Әже үйінде жалғыз екен. Ұядай ғана болғанымен тап-таза, мұнтаздай үйдегі оюлы текемет, қабырға тұсына ілінген қалы кілем, сырмақ, едендегі алаша, бәрі өз қолынан шыққан бұйым екенін таңдай қағып қызығып отырған қонақтарының қолқасын жықпай айтуын айтса да: – Оған несіне таңқаласыңдар? Қазақ әйелінің бәрі білуі, меңгеруі тиіс өнер ғой бұл, – деп бұйыра наз қылды. Қонақ боп барып отырған үшеу де қағаз кемірген, қызмет деп жүріп көп қырлы қолөнерден мақұрым қалған халдеріне пұшайман боп сонда бір қызарды-ау деп ойлаймын осы күні.
  Мен болсам ішім пысып үйді кезіп жүрмін. Әженің қызы Ботагөз құрбысының үйіне кеткен екен. Әже мені немересінің бөлмесіне ертіп барып сол кезде «Горняк» орта мектебінің 10 сыныбында оқитын Ботагөздің сабақ оқитын столының үстіне отырғызып қойды. «Біз келсек сен үйде жоқ екенсің. Ішім пысып, кітаптарыңды ақтардым» деп парақшаға жазып қалдырғаным есімнен кетпейді.
Төменарықтықтар өздерімен бір топырақта өмір сүріп, ұл-қыздарын оқытып тәрбиелеген аяулы жанға бір көшенің есімін берді. Қайтыс боларынан сәл бұрын денсаулығы сыр берді ме, Алматыға қызы Шәмшия мен күйеу баласы Нұридиннің қасына барып тұруды ұйғарған қарт ананың шешіміне алғашында ауылдағылардың бәрі қарсы болды. «Әже, кетпеңіз» деді. Тек Төменарық қана емес, бүкіл аудан жұртшылығына, барлығымызға ортақ әже еді ол кісі. Тағдырдың жазмышы ғой. Мәңгілік мекені Алматыдағы «Кеңсай» зиратынан бұйырды. Бұл 1999-жылдың 1 сәуірі болатын. Одан бері зымырап жиырма жыл өте шығыпты. Немересі, өзінің төл қызы – Нуридинқызы Бота былай деп толғанады: «Жақында ғана қажылыққа барып қайтқан папам мен мамамның әжем үшін де қажылық парыздарын өтегендеріне көңілдері риза еді. 30 наурыз күні болатын, ертең әжемнің қайтқан күніне құран оқытамыз деп дайындалып жатқанбыз. Елден Әшімұлы Айдарбек көкемнің қайтыс болғаны жөнінде суық хабар келді. Құдайдың құдыретіне қараңыз, көкем де әжемнің қайтқан айы, қайтқан күні, қайтқан сағатында өмірден озып, жерлену күніне дейін сәйкес келді. Тек арада 6 жыл өткен соң. Бұл да болса жаратушы иеміз тарапынан адал ниетті пендесінің жеңгесіне деген таза қимастық сезімінің сәулелі дәлелі болар. Бұл жағдай әжемнің бейнесін көз алдымызға одан сайын биіктетіп кетті».
  Ия, біздің де Ботаның пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Тағдыры тар заманмен тұспа-тұс келіп, қызығын соғыс жалмаған, өмір бойы екі көзі төрт болып хабарсыз кеткен азаматын күтумен өткізген ананың бар сүйенері табиғат сыйлаған мінезі-темірдей төзімі мен үзілмеген үміті еді. Осы қасиет оны ел анасы дәрежесіне жеткізді. Елжіреумен, еркелеумен естілетін «Әже» деген қасиетті есімді еншілетті. Ал көпке ортақ әже – ол бақытты әже.

Баян ҮСЕЙІНОВА.


13 наурыз 2019 ж. 1 369 0