№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҒАЗИЗ АНАЛАР

ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҒАЗИЗ АНАЛАР

  Жасы жүзден асқан азиз аналар Жаңақорған топырағында санаулы. Қос ғасырдың куәсі болған ақсамайлы әжелердің қатары бүгінде сиреп барады. Олар заманында аштықтан аман өтіп, қуғын-сүргінге куә болып, алапат соғыста ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Бүгінде немере-шөберенің арасында шұғылалы көктемін қарсы алуда. Дархан даланың пейіліндей болған кейуаналардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге. Сондықтан, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында аналардың тыныс-тіршілігін сөз етпекпіз.

   Расында, кешегі ұлы майданда ерлерге қолқанат болып, тылда еңбек етіп, бүгінде бейбіт өмірдің шырағына айналған ғасыр-аналар көп емес. Өткен күндердің қасіретінен тосылып қалмаған ер мінезді аналардың қара шаңырағынан қашанда шуақ шашылып тұрады. Бәрі де ұлағатты қариялармен қол алысып, тағылым мен тәрбиеге ұласатын түрлі тақырыптағы әңгімелердің тиегін ағытуға құштар. Сондықтан, аналардың өмір өткелдеріне тоқталып кетейік.
Алдымен, Қожакентте тұратын Асия Каримовадан бастасақ. Төсекке таңылған ананың көңілі жабырқаулы. Қазақта «бала-бауыр етің» деген қастерлі сөз бар, шындығында өмірдегі жалғыз ұлынан айырылған Асия әжей есікке елеңдеп отырғанын көрдік. Ана жүзінен сәбиіне деген сағынышты аңғардық. Жүзден асса да ұлын ойлап отыратын кейуананың көңілі дархан даладай кең ғой шіркін!
Биыл 104-ші көктемін қарсы алған Ақшайы Қоқажанова шөпшегінің қолынан су ішкен бақытты әжей. Ашаршылық тауқыметін тартып, қуғын-сүргінге куә болып, соғыс жылдары тылда еңбек еткен ана әлі тың. Тоғыз құрсақ көтерген кейуана үнемі немере шөберелеріне ақылын айтып, өмірден түйгендерін насихаттап отырады. Біз былтыр арнайылап барғанда ұзақ жасаудың сырын сұраған едік.
– Әр іске адалдық, адал ниет болсын. Сонда жүрек таза болады. Жүректің тазалығынан өмірің мәнді, ісің өнімді өріледі. Сосын кешірімді болу да маңызды. Ең бастысы, Жаратқанға шүкіршілік ете білейік, қарақтарым! – деген еді Ақшайы әже.
Бұрынғыдан «шұғынық мәңгі сол­майды» деген сөз қалған екен. Ғасыр жасаған жандардың жан дүниесі сол гүлдердей берік. Ғасырдың құрдасы, заманның сырласы болған ана жүрек елдің амандығы, жұрттың тыныштығын тілеп отыр.
Ал, Келінтөбеде тұратын Сұлу Кәзім­қызы биыл 102 жасқа толды. Сегіз құрсақ көтерген ананың болмысы нәзік болғанымен, ердің трлігін атқарған қабылет-қарымына тәнті болдық. Мұндай жандарды кешегі мен бүгіннің келбетін салыстыруға хақы бар, қойны кеніш, көнекөз данасы деп санағанымыз жөн. «Ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты да бастан өткердік. Ол кездегі көрген қиындықтарды бүгінгі жастардың басына бермесін» – деп өткенді еске алған ананың ендігі арманы бейбіт күнде берекелі ғұмыр сүру.
Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген ана 1966 жылы Келін­төбе ауылына көшіп келеді. Жары Шәріпбекпен шаңырақ көтеріп, бала-шағалы болады. Қиындықтарды басынан өткізген әженің жүзінде жылулық, сөзінде өнеге, ойында ғибрат тұныпты. Еңсесін тік ұстап, ұрпағын санап отыр. Бүгінде сегіз баласынан тарайтын 54 немере, 133 шөбере және 16 шөпшегінің атын атап, тәлімін сіңіріп отыр.
«Қарты бар ел – қазыналы ел» деген дана қазақ қашанда қариясын қастер тұтқан, үлкендерін ұлықтауды ешқашан жадынан шығарған емес. Ал, өтпелі кезеңдерде талай-талай оқиғаларға куә болған, шежіре тұнған қазыналы қарттардың арамызда жүруі, үлкен қуаныш. Сондықтан, айналасына шуағын түсіріп, шұғыласын шашып отырған кейуаналарға біз де мықты денсаулық, ұрпағының қызығын көре беруді тіледік.
  Р.S.: ХХ ғасырдың аласапыранынан аман қалып, аңсаған Тәуелсіздіктің ақ таңын көрген азиз аналардың тілеуі бір. Ол – елдің бүтіндігі, жұрттың амандығы, ұрпағының саулығы. Ана жүректің дұға-тілектері бізді желеп-жебеп жүргені де анық. Ғасыр жасаған ғұмыр ғибратынан осыны ұқтық.

Әли ТЕМІРБЕК.

07 наурыз 2019 ж. 1 053 0