№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУДАННЫҢ ТРАНСПОРТТЫҚ-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРСАҚ ҚАЙТЕДІ?

АУДАННЫҢ ТРАНСПОРТТЫҚ-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРСАҚ ҚАЙТЕДІ?


ХІХ ғасырда Еуропада ірі-ірі өндіріс орындары пайда болып, оның өнімін тиімді тасымалдау қажеттілігі туындады. Мұндай қиындықтан ағылшын инженер-механигі Джордж Стефенсонның жаңалығы құтқарды. Ол 1825 жылы ұзындығы 21 шақырымдық қашықтықтан бу локомотиві арқылы жүк тасымалдауды ұсынды. Одан кейін Австрия, Германия, Бельгия және Франция бу локомотивінің игілігін пайдалана бастады. Поезд арқылы жүк тасымалдау Еуропаның экономикалық қуатын арттыра түсті. Ғылыми-техникалық үдерістен сырт қалмауды басшылыққа алған Ресей 1837 жылы темір жол желілерін құрды. Қазақ даласындағы қазба байлықты игеру мақсатында 1660 шақырымдық Орынбор-Ташкент темір жолы 1901-1906 жылдары салынды. Осы темір жол желісінің бойындағы Жаңақорған станциясы елдің дамуында елеулі рөл атқарды. Бүгінде станция кемеліне келіп, елдің бірыңғай әлеуметтік-экономикалық кеңістігін сақтау және нығайтуға үлес қосуда. Дегенмен, Жаңақорған станциясы арқылы тасымалдау қызметі артқанымен, оның класын көтеруге мүмкіндік болмай тұр...
Станцияның кластық деңгейін көтерудің қажеттілігі неде? Бұдан не ұтамыз? Алдымен осыған жауап берейік.
Біріншіден, станцияда жұмыс жасап жүрген жұмысшылардың жалақысы көтеріледі. Мәселен, ІІ класты және ІІІ класты станциясындағы жұмысшылардың жалақысында 30-35 пайыз айырмашылық болады. Алайда, екі станциядағы жұмысшының жүктемесінде айырмашылық көп дей алмаймыз.
Екіншіден, қосымша жұмыс орындары ашылады. Станция қызметi мен жұмыс сипаты айтарлықтай өзгереді. Демек, жүк тиеудің көлемі артады, сұрыптау қызметі қосылады. Вагондарға қажетті қатты отын және ауыз сумен қамтамасыз ететін қызмет түрі және т.б қосылады. Қазір Шиелі ауданы ауыз суды Жаңақорған ауданындағы «Жиделі топтық» су құбырынан алып отырғанын ескерсек, бізде бұл қызметті құру заңды-ақ.
Үшіншіден, жолаушы пойыздарының тұру уақыты ұзарады. Бұл өз кезегінде жолаушыларға ыңғайлы болар еді. Себебі, ауданға туристік сапармен келгендер мен шипажайда ем алушылар көбіне Шиелі және Түркістан қаласында пойызға отырады. Олар Жаңақорғанда пойыздың аз тұратынын алға тартады. Оның үстіне, пойыз ұзақ тұрса темір жол бойында кәсіпкерлік дамушы еді. Мәселен, Шиелі топырағынан шығатын бақша дақылдары мен жеміс-жидектер, күріш және т.б біздің ауданда да өндіріледі. Ендеше, осы ауылшаруашылық өнімдерін тұрғындар жолаушыларға өткізіп, сауда-саттық арқылы тұрмыстық әлеуетін арттыра түспей ме? Яғни, жұмыссыздық санын азайтып, салықтық базаны кеңейтуге септігін тигізеді.
Төртіншіден, жолаушылар пойыздарының жүк тасымалдау бөлімшелері ашылады. Ол өз кезегінде вокзалдағы сервис жақсарып, күзет агенттіктері ашылады. Темір жол станциясы маңында қызмет көрсетудің кластері дамиды.
Бесіншіден, аудан кәсіпкерлерінің жүк тиеу, түсіру мүмкіндігі артады. Яғни, аудандағы жанар-жағармай мен қатты отынның тапшылығын болдырмауға, Кедендік Одақ елдеріне тікелей сауда-саттыққа шығуға жол ашады. Бір сөзбен айтқанда, ауданның транспорттық-логистикалық әлеуетін арттыра түседі.
Осындай басымдықтарды мүмкіндігінше пайдалану үшін станцияның классын көтеруді қолға алу қажет-ақ. Оған бізде нақты дәйек те, дәлел де бар. Жаңақорған станциясы күніне 2015 жылы 3420 вагон, жалпы жүктің салмағы 281 930 тонна, ал, 668 вагонмен 45 003 тонна жүк келді. 2016 жылы 9620 вагон тиіліп (641 838 тонна жүк), 5281 вагон келген (33510 тонна) келген. 2017 жылы 5136 вагон жүк тиілген (салмағы 340 350 тонна) осы аралықта 720 вагон (47340 тонна) келген. Яғни, станция қызметкерлері өздерімен деңгейлес ІІІ класты станцияның мүмкіндігімен көп жүктемеде жұмыс жасауда. Яғни, бір қызметкер бірнеше адамның жұмысын атқаруда. Ондай жерде сапа мен қауіпсіздік сақтала бермейтіні анық. Осыншалықты жүктемемен ІІ класты станцияға ауыстыруға толық мүмкіндік бар. Болмаған жағдайда қосымша штаттар мен қызметтердің жаңа түрлерін қосуға болады екен.
Алдағы уақытта Шалқия кеніші модернизацияланып, кен байыту комбинаты іске қосылғанда станцияға косымша жүктеме қосылады. Оның үстіне, Жаңақорған вокзалы арқылы күнделікті жолаушылар айналымы 200 жолаушыдан асады. Шиелі станциясы да осы деңгейлес.
Ендеше, аудан басшылары «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабында көрсетілгендей, теміржол көлігі инфрақұрылымының тұтастығын және іркіліссіз жұмыс істеуін сақтауды алға тартып, «Қазақстан Темір жолы» АҚ мәселенің маңыздығын дәлелдеп, Жаңақорған станциясының класын көтеруге талпынғаны құптарлық іс болар еді. Осы арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге болар еді.

Әбдімаулен САБЫРХАНОВ.
17 ақпан 2018 ж. 1 173 0