№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ – ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ ЖАҚСАРТТЫ

САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ – ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ ЖАҚСАРТТЫ


Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасын қабылдағанын айтып, оның маңыздылығына тоқталды. Біз осы тұрғыда, ауданда цифрланудың қандай мүмкіндіктері барын саралап, оның ішінде коммуналдық қызметтерді төлеудің қаншалықты оңтайландырылғанын анықтап көрдік.
Ел тәуелсіздігін алып, дамушы елдердің қатарына қосылғаннан кейін кенже қалған салаларды дамытуд­ы қолға алынды. Әсіресе, сандық технологиялар басты назарда болды. Содан болса керек-ті, ұялы байланыс қызметі қалыптасты. Жер серігі жүйесін пайдалану арқылы отандық телерадио хабарлары таратылып, тұрғындар интернет көздерін еркін пайдалануда.
Жалпы, сандық технологиялардың біздің қоғамға берер артықшылығы көп. Соның қатарына коммуналдық төлемдерге қолжетімділіктің артуын жатқызуға болады. Сонымен, ауданда коммуналдық қызметтерді тұрғындар қалай төлеп жүр?
Бүгінде аудан тұрғындар «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы Жаңақорған аудандық пошта байланыс торабында коммуналдық төлемдер төлеуге әдеттенген. Зейнетақы, жәрдемақы берілген кездегі кезекті айтпаса да түсінікті болар. Мұндай кептелістен бізді цифрландыру құтқара алады. Осыны түсінген басшылық пошта бөлімшелеріне арнайы банкоматтар орнатқан. Ол банкоматтардан «Казком» және «Қазпошта» карточкасынан қаржы алуға болады. Аудан бойынша аталмыш банкомат үш пунтке қойылған. Оның бірі пошта мекемесінде, екіншісі халыққа қызмет көрсету орталығында, үшіншісі Төменарық ауылдық округінің әкімдігінде. Банкоматта орнатылған қосымшалардың барлығын смартфонға POST.KZ мобильді қосымшасы арқылы орнатуға да болады. Ол арқылы коммуналдық қызметтерді, балабақша және оқу ақысын, түрлі салықтарды және айыппұлдарды төлеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, аталмыш қосымша несие­ге алынған тауар ақшасын төлеп, ақша аударымдарын жасауға таптырмайтын құрал. Әрине, мұның игілігін тұрғындар толық пайдаланып жүр дей алмаймыз.
– Бұрындары оқудағы баламызға ақша салу үшін банк­те, поштада таңнан кешке дейін кезекте тұратын едік. Қазір банкомат арқылы тікелей аударуға болады. Сонымен қатар, әлеуметтік орындар мен сауда орындарында орналасқан терминалдардан несие төлеп, оқушы баламның қосымша оқып жүрген «ЕШКО» курсының да ақшасын аударамын. Бұл – уақыт үнемдеудің бірден-бір жолы, – дейді кент тұрғыны Мейрамкүл Бердібекова.
– Қазір пошта бөлімшелерінің барлығы автоматтандырылған. Ауыл тұрғындары да ауданға келмей-ақ, өз поштасынан бірнеше қызмет түрін ала алады. Мәселен, бұрындары зейнеткерлер зейнетақысын алу үшін ауданға келетін болса, бүгінде оны өз ауылдарынан алады. Сонымен қатар, Альфа банк пен Хоум банктен несие рәсімдеп, қалаға бармай «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ» банкіне ақша аударуға мүмкіндіктері бар, – дейді аудандық пошта байланыс торабының басшысы Жанаргүл Әшірбекова.
Келесі кезекте аудандағы бірнеше сауда орындарында мен мұндалап тұрған терминалдарға тоқталсақ. Аудан дүкендерінде ең көп қойылған «Касса 24» және «QIWI Кошелек» терминалы. Тұрғындардың көбі оны ұялы телефонға ақша аудару үшін пайдаланатыны белгілі. Десе де, оның одан да өзге артықшылықтары бар. Мәселен, қос терминал арқылы бірнеше банктің несиесін, салықтар мен айыппұлдарды, коммуналдық төлемдер, қазақтелеком, шетелдік операторлар, білім беру қызметтері, такси және жүк тасымалдау ақысын төлеуге болады. Сонымен қатар, әуе және темір жол билетін сатып алуға мүмкіндік бар.
Ал, «Халық банк» және «Казком» банкоматтары арқылы ұялы телефондарға төлемдер аударуға, басқа есепшоттарға ақша аударуға, интернет қызметін төлеуге, салық төлеуге және т.б. операциялар орындауға болады.
Сондай-ақ, ауданда коммуналдық төлемдердің ішінде тұрғындарға қиынға түсетіні электр жарығының ай сайынғы төлемі. Қиынға түседі деуіміздің себебі, мекеме ауданның шетінде орналасқан. Ол жаққа арнайы көлік қатынасы бармайтындықтан тұрғындар арасында қатынауда қиындықтар бар. «Осы түйіткіл алдағы уақытта шешімін таба ма?», деген сауалмен «Шиелі жарығы» ЖШС-нің Жаңақорған филиалына хабарластық.
– Мекеменің бір шетте орналасқанына байланыс­ты тұрғындар ай сайынғы төлемді кешіктіріп жататыны рас. Алайда, алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табатын болады. Қазір терминалдарға төлемақы қызметін орналастыруға байланыста арнайы бағдарлама жасалып жатыр. Ол ақпан айының ортасына дейін толық дайын болады, – дейді «Шиелі жарығы» ЖШС-нің Жаңақорған аудандық филиалының басшысы Жасұлан Амалбеков.

Түйін. Қазақстан цифрлық мемлекетке көшу арқылы дамыған отыз елдің қатарына қосылмақ. Демек, ол жолда елдің әр аймағында атқарылып жатқан жұмыстар маңызды. Осы ретте, жаңақорғандықтар да серпінді серпіліс танытып, сандық технологияларды игілігіне икемдеуде.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
06 ақпан 2018 ж. 3 580 0