№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бүгінгі таңдағы құдайы астың тойдан екі ғана айырмашылығы бар. Бірі ансамбль, екінші асаба жоқ.

Бүгінгі таңдағы құдайы астың тойдан екі ғана айырмашылығы бар. Бірі ансамбль, екінші асаба жоқ.

  Әңгіменің әлқиссасын әріден бастайын. Бұл тақырып көптен бері ойда жүр еді.
Көптен бері дегенде, бес-алты жылдың көлемі ғой. Пісіп, жетілмегесін қалам тартуға асықпадым. Өйткені, көпке топырақ шашу, білімі таяздықтың белгісі. Десе де, дерек пен дәйекке қаныққаннан кейін жазуға бел будым. Қауым ел болғаннан соң ағайын-туыс, жақын-жуық, тамыр-таныс болады. Қуанышы болса қуанасың, қайғысы болса бөлісесің. Ауыл іші болғаннан кейін, көбіне-көп сүндет той, тұсаукесер, үйлену той не құдайы асқа жиі барамыз. Айтпағым, осы жындардан байқаған бір базынам бар. Ол–бата беру салтына қатысты. Бұрындары бұқара қастерлейтін ақ батаның бүгінде сөз құрамы жеңілденіп, терең мәні таязданып қалған секілді. Мәселен, күнделікті көріп жүрген көріністі былай сипаттасақ.

   Яғни, бүгінгі таңдағы құдайы астың тойдан екі ғана айырмашылығы бар. Бірі ансамбль, екінші асаба жоқ. Яғни, дастархандағы дәмнің арасында құстың сүтінен басқаның бәрін табасыз. Бірінші кезекте, ниетіне ортақтасып келген қонақты төріне шығарамыз. «Бісміллә» деп, бауырсақтың бір бұрышын үзгеннен кейін терлеп-тепшіп сүт ақтаған шәй ішіледі. Қазы-қарта, жал-жаяны жартылай тістеп, енді бір жамбастап жата бергенде дастархан төріне ас-ауқат келеді. Одан әрі ұйытылған бас мүжіліп, табақтағы қамырдың түбі көріне бастайды. Кенет, «біздің тағы баратын жеріміз бар еді. Ас қайырып жіберсеңіздер»–деген өтініш түседі.
  Соңыра, Құран оқылады. Бата сұралады. Осы тұста төрдегі сақалы қауғадай қарттан бастап, жанындағы иегі жылтыраған жігіт ағасы бір-біріне сілтеп, дәм қайырудан қашқақтайды. Сәл алдын ғана бір-бірінің сөзін тыңдамай шәй сораптап, шүйіркелесіп отырғандар, батаға келгенде сыйластықтың озық үлгісін көрсетеді.
Не керек, «Пәленше, Түгенше» деп отырып, айналып алғашқы бата сұралған атаға қайта келіп тоқтайды. Жауапкершілік жүгін сезінген қария бірін естіртіп, бір естіртпей бата береді. Бата дегенде, қарапайым күнделікті естіп жүрген жайдақ сөздер. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Сөздің майын тамызып, ақ батаның қадірін білетін ақсақалдардан кенде емеспіз. Әйтсе де, әлгіндей көріністердің қоғам өмірінен орын алуы, жігерді жасытты.
  «Баталы құлға, бақ қонар» Бата жайлы бастаған екенбіз, енді кеңірек тоқталайық. Ел арасында «Пәленшеден бата алған» деген сөз тіркесі бар. Бірақ бұл тіркесті бүгінде жиі
естімейміз. Тарихқа үңілсек, батаны–көпті көрген көнекөз қария, аузы дуалы ақсақал, танымал тұлға, ел ардақтаған аталар берген. Дастандарды парақтасақ, батырларға би-шешендердің бата берген кезі көп. Мысалға, әйгілі Сырым батыр Бөкей биден, Төле би Әнет бабадан, Жыр алыбы Жамбыл ұстазы Сүйінбайдан бата алғанын беске білеміз. Бұл бұрын. Ал, қазір қоғамнан бата алғандар жайлы сирек естиміз.
   Иә, «қайыптан тапқан алтыннан, ақсақал берген бата артық» демекші, ақ батаның қоғамдағы рөлін қайта асқақтатсақ екен. Тәлімі мол тағлымдық салтқа түзу көзқарасы танытып, келешекте біздің ұрпақ: «Ол кісі, Пәленше ақсақалдан бата алған» деген аталы сөзді тіліне арқау етіп жүрсе қандай жақсы.

  Әбдісамат ӘБДІШ.

13 қаңтар 2019 ж. 920 0