№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОЛЫ ШИПА, СӨЗІ ДӘРУ

ҚОЛЫ ШИПА, СӨЗІ ДӘРУ

  33 жыл ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Мехрабан Ануарқызының еңбегіне ауылдықтар дән разы. Талапта туылып, туған жердің түтінін түтетіп, Манап ауылына еңбегі сіңген дәрігер көпшіліктің алғысын арқалап жүр.

  Шыны керек, бүгінгі медицина қарқынды даму жолында, оны игеру заман талабы. Дегенмен, дәрігер бойынан өзгермеуі тиіс қағидалары да бар.
– Менің өмірлік ұстанымым қызметіме адал болу. Себебі, дәрігер зор жауапкершілікті арқалайтын мамандық иесі. Қаншама қажыр-қайрат, пара­саттылық пен мейірімділік керек. Сондықтан, дәрі­гер болу екінің бірінің қолынан келе бермейді, – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.
Қандай мамандық иесі болмасын жауапкершілік алға жетелейді. кейіпкердің елдің алдында беделінің артуы осындай асыл қасиетті сіңіре білгенінен болар. Ол ауылдағы №54 орта мектептен түлеп ұшып, еңбекке ерте араласады. Яғни, тоғыз жылдық білім ошағын тәмамдағаннан кейін 1978-1979 жылы ауылда комсомол жастар бригадасында жұмыс істейді. Бұл кезде жастардың көбі дала жұмысына тартылып, еңбекке ерте араласатын. Алайда, Мехрабан апайдың мақсат-мұраты Түркістан қалалық медициналық учели­щесіне түсуге жетеледі. Онда фельдшерлік маман­дық бойынша диплом алады.
Оқуын бітіріп жолдамамен Сарыағаш ауданына аттанады. Үш жыл жедел-жәрдем қызметінде болады. Басшылық талапты жастың бойындағы жауапкершілікті көріп талай рет марапат биігінен көрінуге мүмкіндік жасайды. Абыройлы саланың ауыртпалығы мен қиыншылығын мойнымен көтеріп, өзі таңдаған мамандығын жүрекпен қабылдаған ақ халатты жанның мәртебесі туған өлкеге келген де арта түсті. Ауылға келуімнің негізгі себебі, ата-ананың қалауынан деген Мехрабан дәрігер:
– Шыны керек, Сарыағашта қалуға мүмкіндік болды. Дегенмен, туған жердің топырағы қашан да ыстық қой. Ауылға білікті мамандар керек дегесін, әрі әке-шешенің қыз баланың алыста болуына қарсылық білдіруі мені қайта ауылға алып келді. Ол кездегі ата-ана рұқсатынан ешкім де асып кете алмайтын. Мен оған еш өкінбеймін, – дейді ол.
Талапта 10 жылдан аса уақыт қызмет етіп, 1997 жылы Бесарық бекетіне ауысады. 2009 жылдан бастап амбулаториялық пункте аға медбике болып қызметке кіріседі. Мамандығын шынайы құрмет тұтатын ол тәлімді ұл, қылықты қыз тәрбиелеп отыр.
10-нан аса баланың кіндік шешесі атанып үлгерген Мехрабан Әмірбекованың тағы бір қыры қонақжайлылығы. Өзі айтқандай, дәрігер қарапайымдылық пен кішіпейділіктің, адамгершілік пен адалдықтың туын биік ұстау керек.
– Мамандығым алғашқы көмек көрсету болғанымен, еңбек жолымда медицинаның сан түрлі саласын игердім. Әйелдерді босандыру, тіс емдеудің қыр-сырын үйрендім... – деді ол.
Бар қажыр-қайратын, білімін, ақ пейілін ауыр дертті адамдардың айығуына арнаған абзал жанның еңбегі елесусіз қалмады.
Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтты. Құнды құжатта, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет екенін айтылды. Яғни, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейту тапсырылды. Міне, бұл мүмкіндік Мехрабан Ануарқызы секілді ауылдық жерде қызмет ететін сала мамандарына дем беретіні анық...

Әлібек ТЕМІРБЕК.
03 қараша 2018 ж. 1 087 0