№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛАНЫ ЖАҢА ОРТАҒА БЕЙІМДЕУДЕ БЕЙЖАЙ БОЛМАЙЫҚ

БАЛАНЫ ЖАҢА ОРТАҒА БЕЙІМДЕУДЕ БЕЙЖАЙ БОЛМАЙЫҚ


Балабақша өмірінде көп кездесетін жағдайдың бірі – баланың балабақшаға ерікті түрде баруға ықылас танытпауы. Неге? Елімізде әрбір жүз баланың сексені жаңа ортаға үйрене алмайды екен. Оған бала санасына балабақша туралы түсініктің аз болуы мен ата-ананың салғырттығы себеп. Бала өзге ортаға тез үйренуі үшін не істеу қажет? Ата-ана тарапынан қандай қадамдар жасалу қажет? Осы сауалдарды «Балбұлақ» балабақшасының психологы Салтанат Сақтановадан сұрадық.
Балабақша – баланың «жаңа өмірге» деген алғашқы қадамы, себебі енді анасы тәулігіне 24 сағат бойы қасында болмайды және мұнда оны күткен өзімен қатар балалардан, бала күтушілер мен тәрбиешілерден тұратын үлкен жаңа ұжым бар. Балабақшаға бейімделу кезеңі әр балада әр алуан сипатта өтеді. Қалай болғанда да, ата-анасынан 6-8 сағатқа ажыраудың өзі балаға ғана қиын емес, оның анасы үшін де күйзелісті жағдай.
Тәрбиешілер қаншалықты қамқор болса да, олардың ешқайсысы ана махаббаты мен оның айрықша ықыласына бөлендіре алмайды. Себебі тәрбиешілер «екінші ата-ана» әрі орта есеппен 15-25 балаға ортақ. Кез келген ана мұны жақсы түсінеді, әйтсе де баланы өмір бойы жаныңда ұстау мүмкін емес, өйткені ол өмірдің жаңа сатыларымен танысып, жаңа дағдылар, өмірлік тәжірибе жинақтауы тиіс.
– Балабақшаға бейімделу кезеңі бала мен анаға аса ауыр тимеуі үшін, баланың да, оның ата-анасының да балабақшаны ұнатуына көмектесетін қарапайым ережелерді басшылыққа алғаны жөн, – дейді психолог.
Психолог маманның сөзіне қарағанда, баланы балабақшаға берерде мынадай мәселелерге мән берген жөн. Егер бала балабақшаға үйрене алмаған жағдайда оны басқа балабақшаға берудің еш қажеті жоқ. Себебі, бала орта ауыстырған сайын психологиялық күйзеліске түсуі мүмкін. Маман кеңесіне құлақ түрсек, балабақшаға берерден шамамен бір ай бұрын сәбиіңізді балабақшамен таныстырыңыз. Жай ғана балабақша аумағында серуендеуге барып, сонда ол балабақша ғимаратының әсемдігіне тамсанып, онда қайта-қайта баруға ынтасын оятып, мұндайда алғашқы ресми күн де ол үшін мереке іспеттес болмақ. Баланың ұжымға жылдам сіңісуі үшін, оның қарым-қатынас жасауға бейімділікті дамытуына көмектесіп, алғашқы достарымен үйреніп кеткенінше қолдау жасау қажет. Баланы міндетті түрде дербестікке дағдыландырып, өз жасының деңгейінде өз-өзіне қарай алатын болуға үйреткен жөн. Балаға балабақшаның не үшін керек екенін, сәбилердің онда не үшін баратынын әңгімелеп беру керек. Әкесі мен анасының жұмысқа, ал балалардың балабақшаға баратынын түсіндіру маңызды. Анда-санда баламен бірге балабақша маңынан өтуге тырысып, және оған дәл осы балабақшаға баратындарыңыздың қандай жақсы болғанын қуана ескертіңіз. Тобының қандай әсем болатынын, ондағы ойыншықтардың қандай сүйкімді екенін, оның балалармен ойнайтынын айтып, баланың ойын біліңіз.
Егер бала балабақшаға барғысы келмесе, дауыс көтеріп, айқайға баспаған жөн. Бұл әрекет баланың ішкі қарсылығының одан сайын күшеюіне ықпал етеді. Сондай-ақ, баланың ынтасын ашу үшін тәттілер мен қымбат ойыншықтар сатып әперуге болмайды. Бұл ортаға сіңісуге кедергісін жасап, өзімшіл болуға бастайды.

Түйін. Әрбір бала өз алдына бір әлем, олардың әрқайсысының ыңғайын таба білу керек, алайда тек сүйіспеншілік, шыдамдылық және парасатты оң ықылас қана балабақшаға баруды сүйікті іске айналдыра алады.
Мақпал МАРҚАБАЙ.
11 қыркүйек 2018 ж. 2 001 0