БИБІНҰРДЫҢ БИІГІ
Балаға тәлімді тәрбие беру – тұтастай ұлт тәрбиесімен пара-пар. Сондықтан, бала тәрбиесі жолында жүрген әр бала бағбанының қызметі өлшеусіз. Бұлай деуімізге Бесарық ауылындағы «М-Ақбала» жеке балабақшасының тәрбиешісі Бибінұр Баетованың жұмыс барысымен танысып, қызметінің қаншалықты жауапты екеніне куәгер болуымыз себеп болды.
Бибінұр Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2013 жылы осы балабақша ашылғаннан тәрбиеші болып бастаған. Бүгінде балабақшада бес жылға жуық қызмет жасап, терең білімі мен бала тәрбиесіне деген адал еңбегінің арқасында өскелең ұрпақты білім және тәрбие нәрімен сусындатып жүр. Балақайлардың саналы ұрпақ болып қалыптасуы үшін сапалы біліммен қатар салауатты өмір салтын ұстануды да алдыңғы кезекке қоятын тәрбиеші баланың дұрыс қалыптасуына да аса мән береді.
– Әр баланы үлкен сеніммен бізге табыстаған ата-ана олардың болашағынан зор үміт күтері анық. Балабақшаға келген бүлдіршіндер бізге аманатпен табысталғандықтан, олардың денсаулығы мен дұрыс тамақтануына дейін біз жауаптымыз. Сондықтан, әр балғынның неге қызығушылығы барын анықтап, олардың ұлағатты ұрпақ болып қалыптасу жолында талмай еңбек етудеміз, – дейді тәрбиеші.
Иә, баланы өмірінің нұрына балайтын Бибінұр Зайырханқызы әр сабағын алдымен сергіту жаттығуымен бастап, мемлекеттік әнұранды қойып, бүлдіршіндердің бойына Отансүйгіштік қасиетті сіңіртуге үлес қосады. Одан әрі, жоспар бойынша сабағын өтіп, баланың бойына еңбек сүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретіп, оның өн бойына адамгершілік қағидаларын қалыптастыруды жөн сананайды. Сабақтарда бала жалықпас үшін, ойындар мен арнайы ойыншықтарды кейіпкер ретінде араластырып, көрнекілік құралдармен бала көңілін аулайды. Педагогикалық білімнің жаңа технологиясын меңгерген тәрбиеші коммуникация бойынша, бала тілін дамыту үшін түрлі көркемдік құралдарды пайдаланды екен.
Кейіпкеріміз тиянақтылығы мен мол жауапкешлігінің арқасында әріптестері арасында да абыройға ие. Оны балабақша меңгерушісімен әңгіме барысында аңғардық.
– Бибінұр тәрбиеші ретінде жақсы жұмыс жасайды. Өз ісіне ұқыпты. Жауапкершілік жүгін сезіне білетін маман. Ол өзін баламен жұмыс жасауда жан-жақты көрсетіп, ата-анамен тығыз қарым-қатынас орнатып, білікті маман екенін дәлелдеп келеді. Сонымен қатар, ұжымда жауаркешілік жүгін біріге көтеріп жүрген Айжан Сембиева, Меруерт Бейсенова, Жарқынай Әуелбекова секілді мамандардың да атын атап өткеніміз абзал, – дейді балабақша меңгерушісі Бибінұр Қуанғалиева.
Балабақша меңгерушісінің сөзінің жаны бар. Өйткені, әр балаға тәлімді тәрбие беруде тынымсыз ізденіс үстінде жүретін кейіпкеріміз кітіпханалармен де тығыз қарым-қатынас орнатып, біліктілігін жетілдіру барысында өзге балабақшалармен тәжірибе алмасып отырады.
– Балабақшаға жұмысқа орналасқаныма бес жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында алған білімімді әр бөбектің бойына сіңіртуге барынша атсалысамын. Әр сәбидің өзіндік орны бар. Олардың тәрбиесіне, біліміне, денсаулығына, дұрыс тамақтануына біз тікелей жауаптымыз. Осы себептен, баланың білім алуы мен дені сау болып өсуіне бар күш-жігерім жеткенше еңбек етемін, – дейді Бибінұр Зайырханқызы.
Айсұлу АЛДАНАЗАР.