ПАРТИЯ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Алдымен бюрода аудан ауыл-шаруашылығы саласындағы жұмыстар сараланып, кәсіпкерлікті дамытудың тетігі талқыланды. Ауылшаруашылығы жұмыстары жайлы бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Тұрған Базарбаев баяндады.
– Ауданда ауылшаруашылығы өндірісімен айналысатын 957 шаруашылық құрылымдарының 350-і егін шаруашылығында. Оның ішінде, 197-і күріш өсірумен айналысады. Биылғы жылы аудан бойынша 31617 гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленді. Алайда инвесторлар тартудың нәтижесінде, жоспар 110 пайызға артық орындалды, – деді сала басшысы.
Басшының сөзінше, биыл күріштен рекордтық көрсеткішке жетуде өнімділігі жоғары күріштің тұқымын аудандастыру өз әсерін тигізді. Сондай-ақ, Үкіметтің ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында берілетін жеңілдіктері (субсидия) жұмыс сапасына әсер еткен. Мәселен, тұқым шаруашылығын дамытуға – 59,1 млн. теңге, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға – 81,6 млн. теңге, гербецидтердің құнын субсидиялауға – 13,8 млн. теңге қаралыпты.
2018 жылдың жоспарына сәйкес 7000 гектар сүдігер көтеріліп, 2638 гектарға күздік бидай себілді (күздік бидай себу жоспардан 1,7 есеге артық орындалды). Енді су қашыртқыларын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынады екен.
Одан кейін кәсіпкерлік саласы жайлы Қаржыбек Бүркітбаев талдап берді. Жалпы, 2017 жылдың 1-желтоқсанына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны – 3338 құрады. Оның ішінде 239 заңды тұлғалар, 1160 шаруа қожалықтары, 1939 жеке кәсіпкерлер. Ондағы белсенді субъектілер саны 3171 бірлікке, ал жұмыспен қамтылған адамдар саны 9213 адамға жетті.
Қаржыбек Тәжібайұлы аудан тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуға талпынысы жоғары екенін айтты. Мәселен, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 183, «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 136 адам білімін жітілдірді. Бұл Сыр өңіріндегі ең жоғары көрсеткіш екен.
– Қызылорда «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының ұсынысымен 238,7 млн. теңгенің 52 жобасы несиелендірілді. «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ-ның 6 пайыздық «Іскер» бағдарламасы бойынша аудандағы «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 43,0 млн. теңгенің 6 жобасы қаржыландырылды.
Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасына сәйкес 50,0 млн. теңгенің несиесін алуға 25 өтініш иесінің тізімінің жобасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамына өткізілді. Осы бағдарлама бойынша 125,0 млн теңге қайтарылған айналым қаражаты есебінен несие алуға «Бастау-Бизнес» жобасына маманданған 55 адамның тізімі жасалып, оның ішінен бүгінгі таңға 9 жоба бойынша 22,8,0 млн. теңгенің несиесін алды. «Бизнестің жол қартасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 101,8 млн. теңге болатын 7-жоба қаржыландырылды. Ал, құны 15,0 млн. теңге болатын 2-жобаның құжаттары екінші деңгейлі банктерде қаралуда, – деді кәсіпкерліктің дамуына жауапты басшы.
Бюро мүшелері Мәжит Балқожаев пен Сәулебек Ысқақов кәсіпкерлік іс-қимылдары кенжелеп қалған ауылдық округ тұрғындарының «Бастау-Бизнес», «Бизнес-кеңесші» жобасына қатысуына мүмкіндік жасалып және несие алғандардың уақытылы қарызын қайтаруды қадағалау қажеттілігін ескертті.
***
Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев кеңейтілген Саяси кеңесіне мотераторлық етті. Онда «Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының жанындағы депутаттық фракциясының атқарылған жұмыстары қаралды.
Аудандық мәслихат депутаттары 6 кезекті, 9 кезектен тыс сессия өткізді. Онда 36 мәселе қарап, 71 шешім қабылданды. Қабылданған 24 нормативтік-құқықтық актілер Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өткізілді. Ең бастысы, фракция мүшелері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін және халықтың тұрмыс жағдайларын жақсартуға қажет болатын бастамаларды назардан тыс қалдырмай, шешімі табылатын өзекті мәселелерді талқылап, тиісті ұсыныстар беріп келеді. Мәслихатта атқарылып жатқан осындай жұмыстарды депутат Зағипа Абжалелова тарқата айтты.
Саяси кеңесте жастар мәселесі де шет қалмады. Жастар саясаты төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарға Әлібек Әкімбек тоқталды.
Ол Жастар ресурстық орталығы жанында жастарды кәсіпкерлік баулитын және жастардың шығармашылығына дем беретін орталық жұмыс жасайтынын сөз етті.
– Жыл басынан бері үш рет аудандық «Жайдарман» оқушылар лигасы, төрт семинар кеңес, 17 қоғамдық түнгі рейд жұмысы, 8 дөңгелек үстел, 3 акция және 20 спорттық шара өткізілді. Орталыққа түрлі мәселелер бойынша 240 жас жүгінді. Олардың басым көпшілігі жұмыссыз жастар. Кәсіпкерлікті дамыту жолдарын және «Жасыл ел», «Жас құрылысшылар» еңбек жасақтарында еңбек етуді сұрады. Сұранысқа сай «Құрылыс жасағына» 8 жас жұмысқа тартылса, «Жасыл Ел» еңбек жасағында 90 жас жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлік бағыты бойынша жеті жасқа кеңес беріліп, жобалары тиісті салаға ұсынылды, – деді жастар лидері.
Саяси кеңес мүшесі Серік Мұсабай «Саяжай» шағын ауданында көшеге жарық бағаналары қойылғанымен әлі жарықтандырылмай отырғанын айтса, одан әрі кеңеске қатысушылар жаңақорғандық «Жайдарманшыларды» қаржылай қолдау тетігін табуды ортаға салды. Сәулебек Ысқақов жастардың потенциалын тиімді пайдалану жолын ұсынды. Ал, Зағипа Абжалелова мен Әзия Қыстаубаева жастарды қазақы салт-дәстүрді дәріптейтін шараларға көбірек тарту керектігін айтты. Осылайша, кеңес мүшелері жастар саясатына бей-жай қарамайтындарын білдірді.
Пікір 46