№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 2017 жыл: СПОРТТАҒЫ ЖЕТІСТІК ҚАНДАЙ?

2017 жыл: СПОРТТАҒЫ ЖЕТІСТІК ҚАНДАЙ?


Алдымен, спорттың өріс алуына бағытталған жұмыстарға тоқталсақ. Жыл басынан бері аудан әкімінің қолдауымен спорттық нысандардың қолжетімділігін қаматамасыз ету мақсатында төрт стритбол алаңы ашылды. Облыстық бюджет есебінен Түгіскен ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Спорттық нысан 2018 жылы есігін ашады.
Жалпы, қазіргі таңда ауданда 64 дене шынықтыру ұжымы жұмыс жасаса, тұрғындарға қызмет көрсететін ғимараттар саны 312-ні құрайды. Елбасының халықтың 30 пайызын бұқаралық спортпен қамту жөніндегі тапсырмасын орындауда спорт нұсқаушылары маңызды рөл атқарады. Осыған сай, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жергілікті бюджеттен 12 млн. 543 мың теңге қаралып, кент және ауылдық округтерде 35 спорт нұсқаушысы қызмет етуде.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын «Денсаулық фестивалі», аудан әкімінің кубогі, мұғалімдер спартакиадасы сынды спорттық шаралар мемлекеттік қызметшілердің, ұстаздардың, аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, спортқа деген қызығушылығын арттыруына үлкен үлес қосып келеді. Жалпы, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 27 пайызға жетті. Бүгінде спорт клубы мен мектептерінде 2708 оқушы 35 спорт түрімен шұғылданады. Әрі жеткен жетістіктері де бір төбе.

СПОРТШЫЛАРДЫҢ БИІГІ

Бірінші кезекте командалық құрамның нәтижелерін тізбектеп көрелік. Қызылорда қаласында өткен «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарында спорттың 14 түрінен аудан құрама командасы бірінші орынды иеленіп, мерейімізді асырды. Төрт жылда бір өтетін спорттық аламан аудандар арасындағы спорттың даму қарқынын айқындай түсті. Біздің спортшылар ат спортынан, футбол, волейбол, қазақ күресінен үздік шықты. Осы жеңістен кейін облыстық құраманың 60 пайызын құраған жаңақорғандық оғландар Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының VI «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарында облыс намысын қорғады. Спортшылардың табысты өнерінің нәтижесінде жалпы командалық есепте үшінші орыннан көріндік. Тамыз айында облыс орталығында өткен мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы облыстық спартакиадасында жерлестер үздік үштікке енді. Жалағаш ауданында өткен ауыл спортшыларының «Алтын күз-2017» ХХХІ-ші облыстық спартакиадасында спорттың 16 түрінен жаңақорғандықтар тағы да қолаға қол созды. Ұлттық ойын көкпардан жастар мен жасөспірімдерден құралған облыс құрамасының толық құрамы жаңақорғандық өрендер. Олар биыл ел чемпионатында жүлдеден көрінді. Одан бөлек аудараспақ, теңге ілуден де еңсеміз тіктелді.
Жалпы, аудан спортшылары жыл басынан бері ҚР чемпионаттарында 80 медальды жеңіп алды. Оның 25-і алтын, 35 күміс, 20-сы қола. Мәселен, мамыр айында Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен еркін күрестен Азия чемпионатында Дәулет Ниязбеков үшінші орынды иеленді. Ал, шілде айында Астана қаласында өткен белбеу күресінен Әлем чемпионатында Нұрлыбек Алдабергенов екінші, Мереке Құдайбергенова, Нелюфар Абилова, Меруерт Әбубәкір үшінші орынмен оралды. Сондай-ақ 20 аудан спортшы ҚР ұлттық құрама командасының сапына енсе, 50-ге жуық саңлақ облыстық құрама команда сапында өнер көрсетті. Бір спортшы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алса, алты спортшы «ҚР-ның спорт шебері», 69 спортшы ҚР спорт шеберіне үміткер атанды. Міне, аудан тумаларының биылғы толағай табысы осы.
Сонымен қатар, Алматы шаһарында қол күрестен ауданның тумасы Шерхан Мақсұт жеңімпаз атанса, еркін күрестен жасөспірімдер ел біріншілігінде алтыннан алқа тағынып, күміспен күптеліп, қоламен қанжығамызды майлады. Республикалық додаларда таэквондо, тоғызқұмалақтан да бәсіміз биік болды. Алғаш рет Мәдина Нұрсейіт есімді бұрымды ұлттық спорттан ел чемпионы атанды. Бокстан да құр қалып жатқанымыз жоқ. Ал, гандбол, волейбол, баскетбол және футболдан мықты екенімізді көрсеттік. Оны Сыр өңіріндегі өзге аудандар мойындайтыны белгілі.
Айтпақшы, Жаңақорғаннан түлеп ұшқан қос балуан Дәулет Ниязбеков пен Ғалымжан Өсербаев жақында Қарағанды қаласында Кеңес одағының ұшқыш-батыры Нұркен Әбдіровты еске алуға арналған ХХХХХ республикалық турнирінде алтыннан алқа тағынды. Қос мықтыны келер жылы Азия ойындарының боз кілем көретін боламыз.
Қысқаша айтқанда, тауық жылы біздің спортшылар үшін табысты болды. Келер жылдан үмітіміз көп. Сыр саңлақтарының жігері жасымай, республикалық және әлемдік ареналарда үмітті ақтай беретініне сенім мол.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
04 қаңтар 2018 ж. 1 724 0