ЕСІРТКІСІЗ ӨМІР ЕЛДІКТІ БЕКЕМДЕЙДІ

Шыны керек, есірткі саудасына және оны тұтынуға құныққандардың көбейе түскені көңілге көлеңке түсіреді. Аудандық соттың өндірісінде қаралған қылмыстық істердің статистикасынан олардың қатары артқанын көріп отырмыз. Қауіпті індетпен қалай күресеміз? Қайтсек жастардың бойын жаман қылықтан аулақ ұстаймыз? Міне осы сауалдар бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналғаны анық.
Сот процесінде қаралған бірнеше оқиғаға зер салсақ, есірткіге елітіп жауқазын өмірді қор еткен Шалқия кентінде болған жайт бүкіл елдің еңсесін түсірді. Кент тұрғындары ескі үйлерде есірткі пайдаланатындардың көбейгенін алға тартады. Қазіргі қоғамның бір осал тұсы осында.
Облыстық ІІД-нің қызметкерлері Жаңақорған аумағанда «Батыс-Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында тоқтатқан жолаушылар көлігіне тексеріс жүргізіп, қызметтік иттерді пайдалану арқылы күдіктінің сөмкесінен түссіз полиэтилен пакетке салынған салмағы 2,71 грамм болатын есірткі заты, яғни героинды қолға түсірді. Сот талқылауында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, есірткіні сатуға емес, өзі пайдалануға алып жүргенін айтып, жазасын жеңілдетуді сұраған. Айта кету керек, сотталушы осыған дейін де абақтыда жазасын өтеп шыққан. Соңғы рет ол қалалық соттың үкімімен ҚК-тің 10-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда, 7 жылдан кейін , яғни мерзімінен бұрын босап, қайта қылмысқа барып отыр.
Осы секілді бірнеше қылмыстық оқиғалар есірткімен ұсталған қылмыскердің уақытынан бұрын босап шығуына мүмкіндік беретін заң ережесін қайта қарауды қажет етеді. Бұл туралы адвакат Дәулет Тұрабаевтың пікірін білген едік.
– Ашығын айту керек, еліміздің нашақорлыққа қатысты заң ережесінде барлығы да тайға таңба басқандай анық жазылған. Нашақорлық дертіне шалдыққандарды оңалту орталықтарына жолдап, арнайы режимде ем-шара жүреді. Есірткіге тәуелділер жасаған әрекетіне қарай заңды жазасын алады. Бір өкініштісі, абақтыға қамалғандардың нашақорлық әрекетінен тыйылудан бұрын кері кеткен жағдайларды көз көріп жүр, – дейді ол.
Ауданның таулы-тоғайлы алқабында жасырын есірткі өсіру тыйылмай тұр. Әсіресе, құмды жазық далада, тіпті көл-тоғандар мен орман ішіне есірткі егетіндер көп. Биыл бұл іс бойынша аудандық сотта бір ғана дерек тіркеліп, кінәлі азамат 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылған. Өткен жылы есірткі өсіргендерге қатысты 6 іс аяқталып, 2 іс бойынша екі азамат 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылса, 4 іске қатысы бар 4 азамат әрқайсысы 3 жылдан жаза арқалады. 2024 жылы да бірнеше дерек тіркелгенін жауапты сала мамандары жеткізді. Қылмыстық кодексте есірткі заттарын қолданып, сатып, тасымалдаушыларға жаза ауыр. Солай бола тұра есірткіден бас тартып сақтануға талап қылмаушылықтың түбі шошытады. Есірткі заттарын қолданып не тасымалдап жүргендердің ар-ождан алдында жауапкершіліктен жалтаруы «ешкімге зиянымыз жоқ, нашақорлар бәрібір өзіне керегін тауып алады, ендеше неге жазалануымыз керек» деген сылтауға келіп тіреліп жатады. Есіңізде болсын, есірткі тасымалдаушы да жазаланады. Жалпы, заңды білмеу жазадан құтқармайды.
Мақпал Марқабай




